Оның есімі Нобель сыйлығын иеленген тұңғыш латынамерикалық ақын ретінде тарих бетіне жазылып қалды. Сонау 1945 жылы оның таланты мен әдебиетке сіңірген еңбегі оны сыйлықтың төріне шығарды. Алты жыл өткен соң, Чили үкіметі оған әдебиет саласы бойынша берілетін Мемлекеттік сыйлығын ұсынды. Әдебиетке деген жанкештілігі мен адалдығы турасында оның қаламдастары көптеген естелік айтып, Габриела Мистральдың даңқын аспандатты.
Тіпті сол дәуірдің мықты әдебиеттанушысы, америкалық жазушы Урсула Ле Гвин: «Ол өлеңнен ғана биік емес еді, былайша айтқанда, ол өзін өзі тәрбиелеген, сол арқылы оқырманға, кейінгі буынға да өзгеше әсер етті, Мистраль өзі сүйген әдебиет саласына күн-түн демей қызмет істеді, шынайы ақын бола білді», деп ағынан жарылады.
Болашақ ақын діндар әженің қолында тәрбиеленді, сол үшін оның шығармашылығына Інжіл қатты әсер етті. Бала кезінде Мистральдың әжесі оның киелі кітаптан үзінділерді, атап айтқанда, Дәуіттің Забурын оқып түсінуге және толық жаттап алуына көмектесті. Ақырында, ол үзінділерді көкейіне тоқып, жұрт алдында жатқа айтатын болды. Кейінірек Мистраль өзінің «Мис Либрос» атты өлеңінде Інжілдің өлең жазуына айрықша әсер еткен кітаптардың бірі екенін айтады.
Мистральдың өлеңдері қоғамдағы осал топтарға жанашырлық танытқысы келіп тұрады, себебі оның өзі балалық шағын, жастық ғұмырын кедейшілікте өткізген болатын. Оның поэзиясының екінші қанаты – бостандықты, демократияны талап ету болды. Тек Латын Америкасында ғана емес, бүкіл әлемде әлеуметтік, саяси және идеологиялық қақтығыстар кезінде бейбітшілікке шақыратын жырлар жазды. Бұл – сол тұстағы қоғам үшін ерлікпен пара-пар істің бірі. Ол балалармен, әйелдермен, жергілікті америкалықтармен, еврейлермен, жұмысшылармен, кедейлермен қатар қоғам тарапынан қатыгездікке ұшырағандардың жағына шықты, сөзін сөйледі. Поэзияның қарулы күш екенін, оның қуаттылығын айналасына сезіндірді, әрбір әрекеті поэзиямен үндесіп жатты. Сол кездегі Мистральдың басты алаңы – Латын Америкасы мен оның мәдениетінің бұлыңғыр болашағы, әсіресе жергілікті топтардың тағдыры туралы болды.
Мистраль шығармашылығы алты поэзиялық жинақтан және бірнеше томдық проза мен хаттардан тұрады. Оның алғашқы кітабы Desolación деп аталады, бұл еңбек 1922 жылы Нью-Йорктегі Колумбия университетінің испан тілі профессоры Федерико де Онистің демеушілігімен жарық көрді. Өршіл ақынның жаңа кітабы оқырмандардың назарын бірден аударды. Ол тұстағы жырсүйер қауым мен іздеп оқитын оқырманның ықыласы Мистральға да ауды.
Нобель сияқты үлкен сыйлықтан Латын Америкасының қоржыны тоқ. Айталық Габриела Мистраль (1945), Мигел Астурияс (1967 ), Пабло Неруда (1971), Габрэл Гарсия Маркес (1982), Октавио Паз (1990), Марио Варгас Лоса (2010) болып кете береді. Бірақ осылардың ішінен өзгеше сарынды поэзиясымен көзге түсіп, атағы тұтас әлемді шарлап кеткен Габриела Мистраль тек ақын ғана емес, дипломат, ағартушы және гуманист еді. Оның «Өлім туралы сонеттер», «Чили жырлары» атты жыр кітаптары ағылшынтілді оқырманға кең таралған.
«Түн қаңырап қалды,
Таулардан теңізге дейін...
Сарсаң боп сені іздеп едім,
Мен жалғыз емеспін.
Аспан иесіз қалды,
Тұншықты ай теңізге құлап.
Есіл-дертім өзіңде бірақ,
Мен жалғыз емеспін.
Дүние бос қалды,
Қып-қызыл өрттей
қайғыны көрдің.
Құшағыма ен
тағдырым менің
Мен жалғыз емеспін».
Ақын «Мен жалғыз емеспін» деуі арқылы өзінің ішкі жалғыздығына өлеңді серік етеді. Мистральдың дәуірі жалғыздықтың дәуірі болса керек.
Оның екінші өлеңдер жинағы «Нәзіктік» деген атпен 1924 жылы Испаниядағы Calleja Press баспасында жарық көреді. Аталған кітап 1945 жылы оқырманмен қайта жүздесті. Бұл жинақ ақынның атын алысқа жеткізді, оның үстіне кітаптың сатылымы да ойдағыдай болды. Мистральдың үшінші кітабы Felling Испан даласында болған азаматтық соғыс кезінде жетім қалған Баск балаларына арналған еді. Оның поэзиясындағы қозғаушы күштер, әрине ұлы табиғат, дәлірек айтқанда, жаратылыс екені даусыз. Себебі Габриела барлық жаратылысқа, адамға, тіпті жануарларға да аяушылықпен қарап, өлеңі арқылы соларға сыр айтты. Оның «Билей алмайтындар» деген өлеңі былай басталады:
«Зағип бала
«мен қалай билеймін», деді,
«Жүрегің билесін» дедік.
Мылқау жан
«мен қалай әндетем» , деді,
«Жүрегің әндетсін» дедік.
Шоғайна «мен қалай
тербелем», деді,
«Жүрегің желге жолықсын»
дедік.
Жырдағы ақынның ақ адал сезімі, кіршіксіздігі өзіне қарай шақырып тұрғандай. Ол бір сөзінде «Ақын дегеніміз түйіндерді шешуші» дейді. Шынында, оның заманы үшін ақынның сөзі асқақ, мінезі өр болған, қазір де солай. Балаларға көбірек жыр арнаған ақынның бірі де осы Габриела Мистраль.
«Бекерге әнді бұздың,
Ол мұңды молайтады.
Миллион бала күн астында,
Қосылып хор айтады.
Қайғыға душар еттің,
Бекерге өлең бұзып.
Балалар әндетеді,
Құдайдан төмен тұрып».
Ол – өзінің жерлесі атақты Пабло Нерудамен қатар биік деңгейге көтерілген мәңгілік жырдың, ойдың иесі. Оның есімі бұл күнде бүкіл Латын Америкасы әлемінің идеалистік ұмтылыстарындағы символ іспетті.