Режиссер Жаңабек Жетіруовтың «Шыңырау» көркем фильмі Ресейде өтетін XXVII Халықаралық «Әдебиет және кино» кинофестивалінің негізгі байқауына қатысады. Кинокартина Әбіш Кекілбаевтың повесі желісімен түсірілген.
Гатчина қаласында 24 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтетін фестивальда көркем шығарма желісімен түсірілген фильмдер ғана бақ сынай алады.
«Шыңыраудың» негізгі сюжеті құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды мінездерге құрылған.
«Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі желісімен түсірілген фильм әлемге есімдері белгілі Толстой, Чехов, Достоевский, Кафка сияқты ұлы жазушылардың шығармасы бойынша түсірілген фильмдермен бір конкурстық бағдарламада көрсетілетініне қуаныштымын», дейді режиссер.
«Әдебиет және кино» кинофестивалі 1995 жылдан бері Гатчина қаласында өтіп келеді. Мұнда жыл сайын ресейлік және әлемдік жаңа фильмдер көрсетіледі. Биылғы маусымда – 24 қыркүйекте фестиваль Алексей Тельновтың «Архипелаг» фильмімен ашылмақ. Негізгі байқауға барлығы 24 туынды қатысады.
Ал Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Шыңырау» көркем фильмі 28 қыркүйекте 19.00-де «Победа» киноконцерт залында көрсетіледі.