Қызылордада жылдағы дәстүр бойынша ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкелері басталды. Аудандар арасынан күзгі молшылық керуенін алғаш бастап келген Шиелі ауданы диқандары Астана даңғылы бойында, ал қала маңындағы шаруашылықтар Тағзым алаңында жәрмеңке ұйымдастырды.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жәрмеңкені аралап, жұртшылықпен тілдесті. Жауаптыларға жергілікті өнімдердің сапасы мен бағасын қадағалап, сатушы мен алушыға тиімді саудалануын қадағалауды тапсырды. Халықты арзан өніммен қамту мақсатында ұйымдастырылған сауда сөрелерінен тұрғындар балық, құрт, ірімшік, күріш, көкөніс пен жеміс-жидектерді арзан бағада сатып алды.
Шиеліліктер облыс орталығына 47 көлікке тиелген 36 тонна ақ күріш, 63 тонна көкөніс, 73 тонна бақша өнімдерін, 61 тонна картоп жеткізіпті. Олар базар бағасынан 10-15 пайыз арзан сатылды.
Облыс әкімі Тағзым алаңында Қызылорда қаласындағы шаруа қожалықтарының жәрмеңкесіне де қатысты. Мұнда қалаға қарасты кент пен ауылдық округтер, ауыл шарашылығы құрылымдары, кәсіпкерлер мен «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ әкелген 16,5 тонна картоп, 9,6 тонна сәбіз, 7,5 тонна жуа, 20 тонна күріш, 4,3 тонна сиыр еті, 1,1 тонна жылқы еті саудаланды.
Қыркүйектен басталған осы жәрмеңке желтоқсанға дейін жалғасып, облыс орталығына әр апта сайын аудандардан ауыл шаруашылығы өнімдері керуені жеткізіледі.
Қызылорда