Түркістан қаласының тұрғыны Алиакбар Артықұлы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейіне бір қорап сыйлығын ала келіпті.
Музей қорына 23 дана діни сипаттағы көне қолжазбалар мен тарихи кітаптарын, сондай-ақ Ясауи кесенесі бейнеленген жартығасырлық тарихы бар кілемшені тарту еткен ақсақал ХІХ ғасырға тән құнды дүниелер ата-бабаларынан қалғанын және өзі білім алып жүрген кезеңде ұстаздары бергенін айтады.
Сондай-ақ Алиакбар Артықұлы тарихи деректері мол мұраларды қорық-музей қорына табыстап, болашаққа аманаттауды жөн санағанын жеткізді. Ақсақал табыс еткен жазба ескерткіштері қатарында Әлішер Науаидің еңбектері, Софы Аллаярдың «Мәсләкул муттақин» (Тақуалар жолы), «Мухтасар ал-уиқая», Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың хадистері туралы, «Далаил хайрият» (Жақсылық дәлелдері), Ислам шарттары, Араб тілінің синтаксисі, «Фикһ» сынды кітаптар мен қолжазбалар бар. Музей директорының міндетін атқарушы Ерсін Ботабайұлы музей қорына тапсырылған баға жетпес құнды кітаптар үшін Алиакбар ақсақалға зор алғысын жеткізді.
Түркістан облысы