Алматы қаласында «Домбырашылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ашылу салтанаты өтті. Жиынға одаққа мүше болған дәстүрлі әншілер мен күйшілер қатысты.
Еске салсақ, «Домбырашылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі 10 тамызда құрылды. Қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты ұлттық өнерді кеңінен дәріптеп, жастардың дәстүрлі өнерге қызығушылығын оятып, ұлттық құндылығымызды дамыту жолында еңбек ету болып отыр. Ал бірлестіктің шарты бойынша мүшелікке тек дәстүрлі әншілер, жыршылар мен термешілер қабылданады. Домбырашылар одағы халқымыздың дәстүрлі ән өнерін, күй өнерін жандандыру, жас буын өкілдерінің шығармашылығын қолдау үшін құрылған. Осы мақсатта түрлі байқаулар, бағдарламалар мен концерттер, экспедициялар ұйымдастырылады.
Одақтың ашылу рәсімінде Алматы қаласының өнер өкілдеріне «Домбырашылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің куәліктері мен сертификаттары табысталды. Жиынға Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Нұржан Жанпейісов, Ұлжан Байбосынова, Гүлмира Нәлібай және «Домбыра» Ұлттық телеарнасының басшысы Қанат Ержігітов қатысып, сөз сөйледі. Олар бірлестіктің мақсатын, жасайтын жұмыстарын, қазіргі таңда дәстүрлі өнерге қатысты мәселелердің шешімін қарастыру жолдарын талқылады. Сонымен қатар «Домбыра» Ұлттық телеарнасының тікелей жерсеріктік хабар тарататын OTAU TV қызметіне қосу, ұлттық өнерді шалғай мекендегі халыққа да көрсету мәселесі қозғалды.