Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Шымкенттегі өкілдері бір-бірімен шатысып қалғанға ұқсайды. Мұндай ақпарат әлеуметтік желілерде таралып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатыр. Экологтардың төбелесі түсірілген бейнежазбаны журналист Михаил Козачков жариялаған, деп жазады Egemen.kz.
Шымкенттік шенеуніктер төбелесі деген түсінікпен жарияланған видео интернетте қызу талқыға түсті.
«Айбат» жаңалықтар қызметінің хабарлауынша, төбелес шығарған екі адамның бірі - Шымкенттің бас экологы Оразғали Егембердиев. Болжам бойынша екінші ер адам - оның қоластындағы қызметкері.
Оқиға түнгі уақытта жеке үйдің ауласында болған. Бейнежазбадан ер адамдардың төбелеске дейін алкоголь ішкенін анық байқауға болады. Мұның бәрі үй ауласындағы бақылау камераларына түсіп қалған.
Экология министрлігі оқиғаға байланысты түсінік беруден бас тартты. Бірақ аталған жағдай бойынша қызметтік тексеріс басталды.
Видеоны Мемлекеттік қызмет істері агенттігі де тексеруде. Әзірге оқиғаға қатысты деректер жиналып жатыр.