Өскемендегі Өтепов пен Жастар көшелерінің қиылысындағы Оралхан Бөкейдің мүсіні жаңартылды. Жаңартылғанда, бұрынғысы түп орнымен алынып тасталып, қайта соғылды.
Жасыратыны жоқ, жазушының жетпіс жылдығында қойылған алдыңғы бюст сәтсіз болған. Ал шебер мүсінші Нұрбол Қалиевтің қолынан шыққан жаңа мүсін көптің көңілінен шықты.
«Елге, жерге еңбегі сіңген тұлғаны ұрпағы ұмытпауы үшін ескерткіш керек-ақ. Екіншіден, мүсіншінің шеберлігі де осындайда танылады. Бүгін салтанатты түрде ашылып отырған жазушының кеуде мүсіні өте сәтті шыққан», деді ШҚО бойынша Жазушылар Одағы филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев.
Шаһар басшысы Жақсылық Омардың айтуынша, жазушы мүсіні тұрған Өтепов көшесіне Оралхан Бөкейдің есімі берілуі мүмкін. Ол жөнінде онамастика комиссиясына халықтан ұсыныс-пікірлер түсіп жатыр. Иә, өте орынды ұсыныс. Неге дегенде, жазушының атындағы №44 мектеп дәл осы көшенің бойында тұр. Екіншіден, қарасаң көз тоятын кеуде мүсіні тұғырға қонды.
Айтқандай, Алтайдың асқақ жыршысы Оралхан Бөкей тірі болса, 28 қыркүйекте 78 жасқа толар еді.