Елордада Тұран даңғылының бойындағы ғимараттардың бірінен өрт шықты, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгін сағат 18:33-те Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру бөлімшелері Тұран даңғылы 37/10 мекенжайында болған өрт орнына жеке құрамнан 44 адам мен 11 техника жіберді. Алдын ала ақпарат бойынша ғимараттың шатыры мен қаптауы жануда. Өрт сөндірушілер шақырту орнына 5 минутта жетті. Қазіргі уақытта барлау жұмыстары жүргізілуде», делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, өрт сағат 19:10-да толығымен ауыздықталды. Өрт шамамен 60 шаршы метрді шарпыған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.