Тау суының тамшысындай сылдырлаған сұлу сазды көкірегіңе қондырған өнерге деген іңкәрлікті тілмен айтып жеткізу қиын-ақ. Ал өнердің өресін кеңіткен бабалар үнін тыңдағанда, сол кеудеңді бірде шаттық кернеп, бірде мұң ториды. Замана зары, өмір шындығы, ел ерлігі деген ізгі қасиеттердің бәрін кеудесі кенді кешегілер әнмен мұра еткен-ау. Сол үшін де Мұқағали ақын айтқандай: «Бабаларым, рахмет сендерге!» деп тебірене түсесің. Бұлай тебіренуге кәсіби жыршы, термеші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Күнсұлу Түрікпен себеп болды. Рухани шөліркеген ұлтты әнмен сусындатқан өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түсті. Жүрекжарды лебізі мен ән тағдырына деген алаңдаушылығын тыңдадық. Әншінің орамды ойларын, пайым-парасатынан өрілген өрелі сөздерін осы орайда зерделі оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.
– Күнсұлу, дәстүрлі әндерді заманға сай эстрадалық бағытта орындап жүрген өнерпаздар көбеюде. Бұл халық әндеріне де қатысты. Заман талабына сай әрекет етеміз деп саф өнердің салмағын түсіріп алмаймыз ба?
– Базар жыраудың «әр заманның өзіне лайық сазы болады» деген сөзін тірілткім келеді. Дәстүр жаңарып жаңашаланып отыруы керек деп ойлаймын. Әр заманның өзіне сай сазы және сол уақыт шеңберінде өнер тудырушы, сондай-ақ сол өнердің тыңдарманы болады. Жаңа сипатқа ие болу арқылы да ол өз маңызын одан әрі тереңдете түседі. Әрине бұл жерде негізгі түбірін түбегейлі өзгерту деген сөз емес. Қайта сол түбірін сақтай отыра импровизаторлық сипат беріп, әнді түрлендірсе ешқандай айыбы жоқ. Қазіргі заман талабына сай әр шығарманы өңдеп, түр мен түсін жоғалтпай ел ішінде жаңаша деммен насихаттап отырса, ол дүние өзгеше қырынан танылады. Жаңарады һәм жасарады дегендей. Жыр термелерді қазіргі заманға лайықтап эстрадалық нұсқада орындау арқылы да бұл өнерді дамытамыз, жаңа тыңдарманын қалыптастырамыз. Бірақ жоғарыда айтқанымдай негізін сақтай отыра дамыту бұл үрдістің негізгі қағидасы болу керек. Оның үстіне қаймағы кетпеген дәстүрді дамытып отырған барлық орындаушы өнерпаз қазіргі заманға лайықталған өнер иелері.
– Сонда, сіздің ойыңызша нағыз жыршы деген кім?
– Нағыз жырау, нағыз жыршы, ол – бойына бір емес бірнеше өнерді қондырған талант. Ол – ақын, ол – саз тудырушы, ол – айтыскер, ол – шешен, ол – ділмар, ол – әңгімеші, ол – әнші, ол – күйші, ол – домбырашы, ол – кемеңгер ойдың иесі. Мұның барлығы жыраудың синкреттілік қырын көрсетеді. Және оны дамытқан, оны түрлендірген, жаңаша сипат берген орындаушы. Нағыз жырау ата аманатын абыройлы арқалап, асқан жауапкершілікпен қарайтын нағыз рухани жауынгер. Сондай-ақ ежелден келе жатқан есті қағида бойынша, нағыз жырау – жыр қоры толық қалыптасқан орындаушы. «Таңды таңға ұрып жырлау» деген дәстүр бар. Қазір де жоқ емес. Нағыз жыршы осы негізді жадында жаңғыртқан адам. Жазушы Мұхтар Мағауиннің «новаторлық» қасиетті осы ақын жырауларға тәндестіруі, сондай-ақ жер бетіндегі барлық поэзияны ақын-жыраулар поэзиясына алмастырмаймын деген қанатты сөзі бар. Бұл өнерді тудырған және насихаттап жүрген өнер иелеріне берілген ең шенді баға деп ойлаймын.
– Бүгінде жыршылық өнеріміз тереңнен зерттеліп жатыр ма? Осы салаға мемлекет тарапынан қаншалықты қолдау көрсетілуде?
– Жыршылық өнер қазіргі уақытта көбіне тек кәсіби орындаушылық бағытта дамып келе жатыр. Ал ғылыми даму кезеңі тоқтап тұр. Оған бірнеше себеп бар. Ең әуелгісі, жыршы-жырауларды оқытатын жоғары оқу орындарында мемлекеттік гранттар өте аз. Даладан келіп қалаға оқитын болашақ жыршыға мемлекет ең әуелі осы мәселе тұрғысынан көмек беруі қажет. Бакалавр дәрежесінен бастап докторлық дәрежеге дейінгі кезеңде осы мәселе ең өзектісі деп білемін. Кәсіби жыршы оқып, дамуы, кемелденуі үшін оған ең әуелі жағдай жасалғаны дұрыс. Қазақта «кәсібің – нәсібің» деген сөз бар. Сананы тұрмыс билеп тұрған уақытта өнер де, ғылым да екінші орынға шығады. Ақылы негіздегі оқуды оқуға екінің-бірінің шамасы жетпейді. Ал оқиын десе қазіргі жоғары білім жүйесінің талабы зор. Оның үстіне мыңның біріне ғана бұйыратын мемлекеттік тегін оқу мүмкіндігінің аз болғаны көңілге көлеңке түсіреді. Сондықтан магистратура, докторантураға жас талапкерлердің беттей қоюы екіталай. Ғылым дамуы үшін сол саланың айналасындағы азды-көпті, үлкенді-кішілі мәселелерге мән берген дұрыс. Осы орайда тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазіргі уақытта жоғары оқу орнын бітіріп, дипломы бар дәстүрлі өнер иелері жұмыс таппай бос жүріп қалатыны қынжылтады. Жастарға қатысты айтып отырмын. Оқу бітірген кәсіби жас орындаушылардың барлығы филармония, орталық концерт залдарында, өнер университеттерінде жұмыс істей алмайды. Біразының осы себептермен жұмыс бағытын ауыстырып, бұл саладан ажырап кетіп жатқандарын көреміз. Өте өкінішті. Өнерге обал. Сондықтан да қазіргі уақытта жастарды көбірек жұмыспен қамтып, қамқорлық көрсетіп, оқыған кәсібінен нан табуға жол жасау керек секілді. Жоғары оқу орындарында, әлгі аталған өнер ұжымдары тыңнан түрен салған қайратты жас буын өкілдерімен толықтырылып отыруы қажет.
– Жаһандық індет экономикадан бөлек, мәдениетімізге де кесірін тигізгендей. Пандемия өнер саласына қаншалықты әсер етті? Көрермендермен байланысты жоғалтып алған жоқсыздар ма?
– Қазақ – әрбір істен қайыр күтетін халық. Қандай қиындық туса да, ел өз сабырлығымен, салмақты қалпымен біраз ауыртпашылықты жеңіп келе жатыр. Жаһанды дүр сілкіндірген індет еліміздің тек экономика, мәдениет саласын ғана емес, сондай-ақ ішкі рухани қуатын да біраз сарқыды. Жігерін жасытты. Қаншама асыл ұлы мен қызынан айырылды. Десе де өмірдің бір толқында тұрмайтындығын ескерсек, ел болып бұл басқа түскен үлкен сынақтан там-тұмдап халық өз өзін қанаттандырып, қиындықты жеңуде. Екі жылдық пандемия кезінде, езілген жұрттың еңсесін көтеріп, көңілге өнер дейтін үлкен қарумен дем берген де осы өнердің өз адамдары болды. Оның ішінде ұлттық өнердің майталмандары, халықтық өнермен барынша ел еңсесін көтеруге үлес қосты. Екінші дүниежүзілік соғыста да қан майданның ортасында жүріп, елдің ерлерін қайраттандырып, жігерін жасытпаған қазақтың біртуары Роза Бағланова апамыздың кезіндегі Нартай бригадасының ерлік ісі елдің есінде. Бұл өнер дейтін алпауыт күштің алмайтын қамалы жоқ. Сол секілді халық індетпен жаппай жасықтанып, көңілі жабырқаған уақытта өнер иелері барынша елге медет болды. Жыраулар жырын үзбеді, әншілер әнін үзбеді. Осы орайда айта кететін бір жайт, Сыр өңірінің жыршы, жыраулары әлеуметтік желілер арқылы халықпен байланыс орнатуы. Апталап, айлап тікелей эфирде жекелей орындаушылар халықты жырмен сусындатты. Шөлдеген көңілдің рухани сусынын қандырды. Оның ішінде жас жыршылардың еңбегі зор.
– Күнсұлу, естуімізше елорда төрінде «Сүлейлердің ізімен» атты концерт беруге дайындалып жатыр екенсіздер. Сол келелі кеш жайлы аз-кем мағлұмат беріп кетсеңіз? Дәстүрлі әндерді жырсүйер қауым да сағынған болар...
– Онлайннан офлайн жүздесуге мүмкіндік туып жатқаны қуантады. Халық пен өнерпаздың арасы ажырамас біртұтас қасиет қой. Халық пен өнердің арасы алшақтамаса дейміз. Осы орайда жалпақ жұртқа жария ететін бір үлкен жаңалығымыз бар. «Сырдың елі – жырдың елі» деген қанатты сөз бар. Сүлейлер мұрасын арқалап, ата мұрасын абыройлы алып жүрген Сыр өңірінің жас буын жыршы, термешілері «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымымен бірлесіп «Сүлейлердің ізімен» атты ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай үлкен жыр кешін ұсынбақ. Қазақ ақын-жыраулар шығармашылығы насихатталатын бұл жыр кешінің жөні бөлек. Атадан балаға мирас ақ өнердің ақберен бүгінгі буын толқынының астанаға алып келе жатқан сәлемі, сыр сүлейлерінің абыройлы сөзі, жыр аманаты. Жыр-керуен көшін жалғап келе жатқан жас жыршылардың егемендіктің еңселі тойына тартатын жыр тарту кеші қыркүйектің 26-шы жұлдызында сағат 17.00-де «Қазақстан» Орталық концерт залында өтеді. Жиырмаға тарта жас жампоз жыршылар өнер көрсететін керуен көштің басында ұстаз, жырау, Мәдениет қайраткері Руслан Ахметов ағамыз да бар. Сыр өңірінен бөлек, Арқа, Жетісу, Батыс жыр мектептерінің бүгінгі толқын жас жыршылары да өнер көрсетеді. Өнерге жүрегімен берілген жас өрен жүйрік жыршылардың ешқандай үкіметтің қолдауынсыз ерікті бастамасымен қолға алынып отырған бұл секілді атаулы жоба осыған дейін Алматы, Ақтау, Павлодар өңірінде ұйымдастырылды. «Қазақконцерт» ұйымының 61-ші маусымашар концерті, бұйырса, осы аталған жыр кешімен басталғалы отыр. Жастардың талабына қолдау білдіріп, үлкен мүмкіндік жасап отырған «Қазақконцерт» ұйымына, басшысы Жеңіс Сейдолла, сондай-ақ «Халық қазынасы» өнер бөлімінің жетекшісі, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали ағаларымызға алғысымыз шексіз. Бұйырса барша елордалық жырсүйер көрерменді мерекелік жыр кешімізде асыға күтетін боламыз.
– Ендеше, жыр кешінде жолыққанша! Пайымды пікіріңізге рахмет.
Әңгімелескен
Мұхтар КҮМІСБЕК,
«Egemen Qаzaqstan»