Елорданың ең басты экологиялық мәселесіне айналған Кіші Талдыкөлдің жайы бүгінде экологтармен бірге, қарапайым қала тұрғындарының да назарына ілігіп үлгерді.
Сала мамандары кіші Талдыкөл мен Талдыкөл арасында ешқандай табиғи байланыс жоқ екендігін алға тартса, табиғат жанашырлары керісінше, кіші Талдыкөлдің пайда болу тарихы тым тереңде екенін дәлелдеуге тырысып жатыр. Ал экологтардың енді бір тобы қаланың қақ ортасында мұндай су айдынының болуы халықаралық стандарттарға сай келмейтінін тілге тиек етеді. Көл маңында тұратын елордалықтар да оның белгілі бөлігін құрғатып, құрылыс алаң ретінде пайдалануды құптайды. Сол секілді көлдің қалған бөлігіндегі зиянды шөгіндіні тазартып, ондағы тіршілік иелерін сақтауға да ешқандай қарсылық жоқ.
Кіші Талдыкөл мәселесіне қатысты пікір білдірген Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі де бұл көлдің пайда болуы, суының азаюы мәселелерін жан-жақты зерттеу керектігін айтады. Әлбетте, ғылыми негізге сүйенген зерттеу жұмыстарының нәтижесі бұған дейін кіші Талдыкөлдің пайда болуына қатысты айтылып келген нұсқаның дұрыстығына көпшіліктің көз жеткізеріне күмән жоқ.
Мәселен, дәл осы проблемаға қатысты өткен баспасөз брифингінде Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев Талдыкөл мен ондағы жұрт кіші Талдыкөл атайтын сулы-батпақты аумақты байланыстыруға негіз жоқтығын айтқан.
Бұл су айдынына Кіші Талдыкөл деп атау берудің өзі қателік. Мұндай атау Нұр-Сұлтан қаласының су қорында болған емес. Осы мәселемен айналысқан екі жыл ішінде жергілікті жердің байырғы тұрғындарымен кездесіп, осы атауға қатысты деректерді сұрастырдым. Сондай-ақ 1976 жылы түсірілген космостық түсірілімдерді де көрдім. Онда Талдыкөл көрсетілген. Оның қасында қазір басты мәселеге айналған кіші Талдыкөл жоқ. Бұл қалдық судан, жауын-шашын суынан пайда болған көлшік, – деген Нұрлан Ұранхаев.Демек, қала әкімдігі кіші Талдыкөлді толығымен құрғатуға мүдделі емес. Шаһардың бас жоспарына сай әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы оның белгілі бір бөлігінде ғана жүргізіледі. Есесіне сонда қоныстанатын тұрғындардың жайлылығы үшін көлшіктің табанындағы қоқыс тазартылып, тереңдету жұмыстары жүргізілмек. Нәтижесінде бүгінде зиянды шөгінділерден тұратын айдынның аумағы 20 гектар болатын жасанды көлшікке айналады. Бұл осындағы флора мен фаунаны сақтап қалудың қамы.
– Қала әкімдігінің қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына апта сайын кіші Талдыкөлді дәл қазіргі күйінде сақтап қалуды сөз өткен 1-2 өтініш түседі. Керісінше ондағы маса мен кененің көбейіп кеткенін, жағымсыз иістен демалу қиындағанын айтып шағымданушылардың қарасы қалың.
Шындығында, «кіші Талдыкөлді сақтап қалайық!» деп ұрандатып жүрген белсенділердің көбі онда тұрмайды. Сондықтан олар көл аумағында өмір сүріп жатқан жергілікті тұрғындардың қалауы мүлдем басқа екенінен хабарсыз, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева.
Жергілікті тұрғындармен бірге қала қонақтары да кіші Талдыкөл жақтан келетін жағымсыз иістің жойылғанын қалайды.
Мен қаланың іргесіндегі Целиноград ауданында, Шалқар ауылында тұрамын. Кезінде Ақмола, қазір Нұр-Сұлтан аталған қалаға келген сайын бәріміз осы бір көлден келетін жағымсыз иістен құтылуды армандайтынбыз. Қазір де қаланың көркіне, сән-салтанатына ешқандай дау айта алмаймын. Бірақ сол баяғы көлден шығатын күлімсі иіс қолқаны қабады. Бұл ел астанасында туризмді дамытуға өз кесірін тигізеді. Мен кіші Талдыкөлдің белгілі бір бөлігін құрғатып, оны құрылыс алаңына айналдыруға қарсы емеспін. Ал қалған бөлігінің түбін тазартып, айдынын тереңдетуді де құптаймын. Бұл қаланың болашағы үшін қажет, – дейді Шалқар ауылының тұрғыны Рәзия Шаметова.Түптеп келгенде ел астанасы ретінде дамудың даңғылына түскен қаланың қақ ортасында әрі басты туристік нысандардың жанында мұндай мәселелі көлдің болуын экологиялық қозғалыс өкілдері құптамайды. «Байтақ болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Азаматхан Әміртайдың айтуынша, қаланың ортасындағы көлді құрғатып, онда құрылыс жұмыстарын жүргізу әлемдік тәжірибеде бар. Әрі бұл тәжірибе саладағы халықаралық стандарттарға да қайшы келмейді.
Талдыкөл мәселесін көптен зерттеп жүрген маман ретінде мұндағы су айдынының кәріз суларын төгуден пайда болғанын айта аламын. Кейін еріген қар суымен, жауын-шашыннан толығып отырған болуы мүмкін. Сондықтан сулы-батпақты бұл аумақты кіші Талдыкөл деп атауға болмайды.Одан соң ескеретін маңызды бір жайт БҰҰ-ның экологиялық стандарттарына сай қаланың ішінде сасық әрі айдыны былғанған көлшік болмауы керек. Бұл тұрғыдан әкімдік тарапынан көлдің жекелеген аумағын құрғату, енді бір бөлігіне абаттандыру жұмыстарын жүргізуді қолға алғаны қуантады, – дейді экологиялық белсенді.
Расында, әлем елдерінде кіші Талдыкөл сынды батпақты-сулы аумақты ішінара құрғатып, оны қаланың инженерлік-инфрақұрылымын жетілдіруде пайдалану тәжірибесі бар. Мәселен Парижді кезінде рим отарлаушылары Лютеция деп атаған. Латын тілінен аударғанда бұл атау «батпақты» деген мағынаны береді. Париждегі кварталдардың бірі әлі күнге дейін «Марэ» деп аталады. Атауы батпақ деген мағынаны беретін бұл квартал Сена өзенінің оң жағалауында орналасқан.
Ұлыбритания астанасы Лондонның кей бөлігі Темза өзенінің бір кездері сулы-батпақты аумағында бой көтерген. Сондай-ақ Берлин мен Брюссель қалалары да батпақтың үстіне салынған екен. Украина астанасы Киевтің де аумағын кеңейтуде батпақты жерлерді құрғатып, орнын құрылыс алаңына айналдыру тәжірибесі кеңінен пайдаланылған көрінеді.
Жоғары да аталған елдердің тәжірибесін елорданың сәулеттік келбетін бас жоспарға сай дамытуда қолдануда ұтылмасымыз анық. Керісінше, қала әкімдігі уәде еткендей Талдыкөл жанында қорық, орман-саябақ аймағы бар еліміздегі алғашқы табиғи саябақты ашу аумақтағы көп түйткілдің соңғы нүктесін қояды. Өз кезегінде, бұл табиғи саябақтың жағымсыз иіс пен зиянды жәндіктерден зәрезап болған жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті орнына айналарына күмән жоқ.
Шынболат Күзекбай