Ол кезде интернет жоқ. Теледидар да ауылымызға келе қоймаған. Қазақ радиосын тыңдап, естігендерімізді көз алдымызға елестетіп мәз боламыз. Ауданнан – 110, облыс орталығынан – 750, Алматыдан 1100 шақырымда жатқан шалғайдағы ауылда тұратын қыр қазағының баласы едік.
Жетпісінші жылдардың аяғы. Қиыр Шығыстан әскерден оралған жерлесіміз Жарбұлаққа сүйген жарым деп жапон қызын әкеліпті. Көпұлтты Кеңес Одағының азаматтарын жатқа білгенмен ауылымызда жат тілде сөйлейтін тірі жанды көрмеген оқушымыз. Әйгілі Алакөлдің жағасындағы тек қазақша сөйлейтін бес мың тұрғыны бар қазіргі Қабанбай ауылында басқа ұлт адамымен осылайша тұңғыш рет таныстық. Елу-алпыстай славян ұлысы саналатын көрші-қолаңның тілі таза қазақша болғандықтан, олардың орыс екендіктері Пасха мерекесінде еске түсетін. Қызыл-жасыл түрлі түске боялған шелек толы жұмыртқаларын «Христос воскрес» деп дүбірлетіп тарататындары бізге мейрам әрі мереке еді. Алақайлап достарына жұмыртқа ұсынатын сол кездегі сары ауыз бала – қазір Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Васильевич Чугунков.
...Бастауышта оқимыз. Үлкен үзілістегі ермегіміз мектептен жүз метр жердегі механизаторлар даярлайтын училищеде трактор жүргізуді оқып жүрген жапон жеңгемізді бір көріп қалу. Олар да бізбен қатар үзіліске шығады. Қап-қара формадағы жиырмаға тарта болашақ тракторшылардың арасында оның беті мен қолдары аппақ болып алыстан айшықталатын. Күндегі әдетінше өзін тамашалауға мектеп шарбағына асылып көз тіккен қыр балаларына қолымен жүрек бейнесін көрсетіп, оң қолын ерніне тақап құрметке қошемет махаббат сезімін жолдайтын. Біз де бұл қимылды қаз-қалпында қайталап, cыныптас қыздарды «оңбағандатып» қыр соңымыздан жүгіртіп қоятынбыз.
Механизаторлар курсы аяқталған соң жапон жеңешемізден көз жазып қалдық. Оқушыдан жасөспірім жасқа жетіп, өтпелі кезеңге өткенде өмірлік құбылыстардан өзімізді іздеп, балалық мінез азайған. Шашын әдемілеп қиып ұлдардан құпия сыр жасыратын жастары қатарлас қыздарға ықыласпен көңіл бөлу сезімі жапон жеңешеге балалық құмарлықты естен шығарған...
Сексенінші жылдардың соңында туған өлкем туралы «Жарбұлақ деген ауыл бар» атты хроникалық кітап жазуды бастадым. Студенттік сессия арасында ауылға жол түскенде жапон келін туралы хикаяның жалғасын Еңбек Қызыл Ту орденді совхозымызды ширек ғасыр басқарған Социалистік Еңбек Ері Рақымғали Төлеубековтен естідім.
«Шаруашылық үшін табысы мол, жеке қара басыма қара түнек орнаған, жаным мен жүрегімді қан жылатқан Мәскеудегі Олимпиада өткен жыл. Есіме түссе өкінішім өзегімді өртейді. Мысыр еліне саяхаттап шықтым. Сан ғасырлық тарихқа толы Мысырда перғауындар тұрмысымен танысып, өз тарихын ардақтамаған пенде өзін де сыйламайтынын ұқтым. Тарих дегеніміз – өткеннің бүгінге сабағы ғана емес, біздің кейінгі ұрпаққа қалдырар өнегеміз. Елде жүргенде бір уақ Германиядан таратылатын «Азаттық радиосын» қосып тыңдайтыным бар еді. Шет жұрттағы демалыста ми тынығып, қаперіме жатталып қалған Мюнхендегі «Азаттықтың» қазақ бөлімінің телефонына Каирдегі қонақүйден қоңыраулаттым. Ертеңінде менімен жүздесіп, уәде еткен қазақтың дәм-тұзынан дәм татуға Мюнхеннен Каирге ұшып жеткен Хасен Оралтаймен солай танысқам. Шетелде жүрсем де сақтық жасап Хасенмен кісі аяғы басылған кезде кеш қарая кездесеміз. Талай әңгіме айтылды, түпсіз тарихқа үңілдік. Таңға шейін шай сораптап сыр тартып, сұхбат құратын бабаларымыздың басынан кешкенін басымнан өткердім. Соны Кеңес адамдары тоқтаған Каирдің мейманханаларын тіміскілейтін КГБ тыңшылары сезіп қойыпты. Елге оралған соң алты ай ізімнен қалмады. Бүкіл ауыл тұрғындарынан мен туралы мәлімет жинады. Жұртыма рақмет, мені қолдап та мақтап шықты. Нақты дәлел, тапжылтпас дерек таппаған соң тоқтады. Бірақ жүрегімді тірідей жұлып, үкілеген үмітімді үзді. КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің Патриса Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін үздік дипломмен тәмамдап, Кеңес Одағының Швециядағы елшілігіне орналасқан ұлыма кесірі тиіп, түбі трагедиямен тынды», деген. Жапон келін жайлы да аздап сыр шерткен...
Бұл деректер атамекеніме арналған кітапқа енбеді. Жазғаныммен оны Коммунистік партияның цензурасы өткізбесі анық еді. Әңгімеміздің бас кейіпкері жапон келіншектің айналасындағы сан тарау хикаятты кейін де көз көргендер мен естігендерден сұрастырдым. Әркімнің сан қилы пәлсәпәсі бар. Аңызы да, ақиқаты да аралас қазақтың ауыз әдебиетіне жақын әлқисса. Білгенімді, түйгенімді баяндайын.
...Күзгі күн еді. Келін болып түскен «Жарбұлақтан» «Қарабұлақ» қой совхозына көшіп келгендеріне жыл жарым уақыт жылжыған. Перзент сүйді. Күйеуі ескі тракторды күн ара жөңдеп, қолға тиетін мардымсыз жалақысы ас-суынан аспайды. Жапа тамның төбесінен су тамшылап, қабырғалары көгерген. Көмір жоқ, тезек жағады. Бір жастан асқан баласы салқындап сырқаттанғанына бес күн. Жұбайы қыстақтағы малшыларға шөп түсіруге кеше кеткеннен оралмаған. Жылауға да шамасы жоқ сәбидің демікпесі үдеген. Шыдауға шамасы жетпей шарасыздан жылаған. Контор жаққа шығып он екі шақырым жердегі Жарбұлақтағы емханаға жеткізіп салар көлік іздеген...
Қоңыр күздің ызғары күшейген. Бірден ауыл шетіндегі «шпионның» үйіне тартты. Естуінше, бандераларға жәрдемдескен деген желеумен қиырдағы Қарабұлақ бөлімшесіне 50-жылдары Украинаның Карпат тауларынан жер аударылған отбасының бұл ауылдан аттап шығуға рұқсаты жоқ. Ескі-құсқымен қоршап тастаған дауалынан қораның іші көрінбейді. Шашылып жатқан тас-темірден құрастырған ауыл ішілік көліктері бар. Сонысымен тұрғындардың ұсақ-түйек заттарын тасымалдап нәпақаларын табады. Көршілерімен де араласа бермейді. Оларға де көп ешкім жоламайды. Өзі «шпион», ал жұбайы «шпионның әйелі», балалары «шпионның балалары» атанғанына да құлақтары үйренісіп көнген. Солардан қолғабыс сұрамақ. Құдайы сөзін айтып, жалынып көз жасын төккен. Тасты да ерітер сөзден соң «шпионның баласы» әкесінің сан мәрте ескертулеріне басын изей-изей рульге отырды. Даңғырлаған көліктің сиқы қолдан жиналған моторлы арба іспеттес.
Жапон келін де үйіне жүгіре жетіп, сәбиін орап тездетіп көлікке мінді. Жаңбыр түнімен тынбай сіркіреген. Көше бос. Дала көңілсіз. Мал тұяғымен тақырланған ауылдың шыға берісі жүректі жетімсіреткендей. Жарбұлаққа апаратын асфальт жолға көтеріліп, елу метрдей алға озғанда қиқулай жүйтки жеткен автоинспекцияның жүйрік «Жигулиі» айғайлап бақырсын дерсің. Қарабұлақтан аяқ басып аттап көрмеген «шпионның баласының» көздері жыпылықтап, жаны жаһанамға кеткендей болды. Машинаның құжаты да, жүргізушінің правосы да жоқ. Әкесін Сталин жендеттері жер түбіне қудалап тығып тастаса да, тірі жүргендеріне шүкіршілік ететін баптистер. Міне, сол қысталаң өз басына түсті деп түйген «шпионның ұлының» қолдары дірілдеп, рульге ие бола алмай тыпыршып қалған. Көзді ашып-жұмғанша қиралаңдаған көлік биік асфальт жолдан ылдиға аунағанда жапон келін нәрестесін бауырына басқан. Сынған әйнектен сүйретіле шыққан шопыр қан басқан бетінен көзін сүрте үйіне қарай сылти басып зырлаған. Жапон келін есін жияр-жимастан сәбиін шақырған. Маңдайынан саулай аққан қан баласының демін тыңдамаққа еңкейгенде нәрестенің көрпешесі қызыл қанға боялды. Шыңғырды, баласының демін естімеген соң жанұшыра айғайлап бір қолымен сәбиін құшақтап жер тізерлеп көліктен шықты. Сүйген жігітінің жетегіне жабысып сонау Владивостоктан жеті мың шақырым шалғайдағы жер түбіне жеткенде осындай қиындыққа тап боларын ойлады ма? Сәби мейіріне қанбаған ана, демі үзілген нәрестесін құтқаруға соңғы мүмкіндік қалды деген әйел затының сиқыр сезімі бойына ерекше қуат беріп, серпіле көтеріліп асфальт жолға жүгіре шыққан. Қаз-қатар тізілген «Волга» автокөліктерінің колоннасы өзінен қиғаштай қашып жанынан зу ете түскенін байқады. Мең-зең. Дүние шыр айналып, көз алды қып-қызыл түске боянғандай. Көліктің сынған әйнектері аяусыз кескілеген басы мен беті-қолынан қан сорғалап ағып жатқанын байқамады...
Бес «Волга» жүз елу метрдей озып барып тоқтаған. Үкіметтік ресми делегацияның басшысы Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Аманолла Ғабдолхайұлы Рамазанов көліктен жылдам түсе жетіп маңдайынан сипағанын да сезбеген. Облыс басшысының пәрменімен аудан бастығының «Волгасына» мініп Мақаншыдағы орталық емханаға жеткізілгенде есін жиған.
Облыс басшысы сол күні КОКП Орталық Комитеті, Бүкілодақтық Кәсіподақ және Комсомол органдарының ауыспалы Қызыл Туын кезекті рет жеңіп алған Еңбек Қызыл Ту орденді «Жарбұлақ» асыл тұқымды қой совхозына алып келе жатқан беті екен. Бұған қоса Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Бас хатшысы Леонид Брежнев пен Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қолдары қойылған Құрмет грамотасын тапсыру да міндеттелген. Таяуда ғана Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалған Аманолла Рамазанов орда бұзар отызынан биліктің тізгінін тартып келе жатса да құдайына қараған, дініне берік жан еді. Төбесінің қақ төріндегі қос бастығының тапсырмасын орындауды бір аптаға шегеріп, көлігін кейін бұрып Семейге қайтқан. Рамазановтың сол сәтте айтқан «қаннан аттап, қонаққа бара алмаймын» дегені аталы сөзге айналған.
Мақаншыдағы аудандық емханадан шыққан соң жапон келін сәбиін жерлеген қорымда күйеуімен кеш батқанша тапжылмай ұзақ тұрған. Содан кейін оларды көрші екі ауылдан ешкім көрмеген де, кездестірмеген. Біреулер Семейге кетіпті деген... Обкомға қызметке орналасыпты деген сөз де шыққан... Сосын бәрі жапон келінді мүлдем ұмытқан.
Сол уақиға өтісімен көп ұзамай «Қарабұлақ» совхозына Өнер Смағұлов деген отыздың ортасындағы жас азамат директорлыққа бекітілді. Өнердің тағайындалуымен ұзақ жылдар қаржылай көмексіз биліктің көзінен тасада қалған қарабұлақтықтардың бағы жанды. Тасы өрге домалады. Соның сырын кітабыма мағлұмат жинағанымда «Жарбұлақты» ширек ғасыр басқарған Рақымғали Төлеубеков айтқан.
– Жыл сайын сіздің шаруашылық табатын 2 млн рубльден астам таза пайда мөлшеріндегі қаржыны Үкіметтің ортақ қазанына қосасыздар. Ауылымызға үшінші үш қабатты мектеп керектігін жоғары жаққа жылдар бойы айтып жүріп, соны биыл ғана шешіпсіз. Біз мектепте жүрген он-он бес жыл бұрын сол қажет еді-ау, – дегенмін.
– Мен директор болғалы отыз-қырық миллион рубльді ортақ қамбаға құйдық. Алғашқы жылдары соның қайда жұмсалатынын білмейтінбіз. Мына жетпісінші жылға дейін бөлімшеміз болған «Қарабұлақ» совхозына он жыл бұрын Өнер Смағұлов бауырым директор болып келген соң, облыс басшысы Аманолла Рамазанов біздің қаржыны сонда бұрып берудің жолын тапты. Өнер бауырым да іскер екен. Алматыдағы Қонаевтың моншасының көшірмесіндей кішкентай «Арасанды» салды. Ауылдағыларға аптасына екі күнге автобус бөлдірдім, сонда барып жуынады. Екі қабатты универмагтың (қазіргіше супермаркет) бірінші қабатында азық-түлік, екіншісінде киім-кешек. Біз армандап жүрген мектеп, машина жөңдеу стансасы, мәдениет сарайы, балабақша, тұрмысқа не қажет, бәрін салып тастады. Мәскеуге КОКП съезіне делегат болғанымда іргесіндегі миллионер совхоздарына экскурсияға апарғанда көргенімнің бәрі бүгін Қарабұлақта тұр. Адал бастық ақшаның күшімен бәрін жасай алады. Жарбұлақтық еңбеккерлердің маңдай термен тапқан таза табысы ғой көршілеріміздің игеріп жатқаны, несібеміз адамы аралас, қойы қоралас қарабұлақтық бауырларымыздың игілігіне жарасын, – деген.
1998 жылы Қазақстан Үкіметі Семей қаласында жаңа аспалы көпір құрылысын бастауға шешім шығарды. Көпір құрылысымен жапондық «Аячай» фирмасы айналысқаны аян. Екі ел арасындағы келісімге қарай, Жапония мемлекеті көпір құрылысына 165 млн доллар бөлді. Сол кезде Семей облысы таратылып, әкімдікте қызметте істеген жапон келін көпір құрылысын бастаған жапондық компанияның департамент директоры қызметіне орналасады. Қарабұлақ пен Жарбұлақтың жұрты арада жиырма жылдай өткенде «жапон келінді» ұмытпастай уақиғада соңғы рет көрген.
Қазақ жігіті мен жапон қыздың махаббатының жемісі періште сәбидің көрер жарығы сөнген дәл сондай қоңыр күздің ақ жауыны тоқтамай сіркіреген көңілсіз күні қап-қара Toyota Land Cruiser 100 Қарабұлақтағы қара жамылған шаңырақтың ауласына тоқтаған. Бұл марқұм күйеуінің жалғыз інісінің жерлеуіне келген жапон келін еді. Өзі секілді жарынан жастай жесір қалған абысынымен жоқтасып көңіл айтылып, көз жас тыйылып сабырға келеді. Қорымға барып құран оқытып қайтқан соң, ауылды дәу джипімен арлы-бері екі-үш рет шыр айналған жапон келін жерлестерін жиып алып, өксіп жылап, өкпе-назын тоқтай алмай төгіп-төгіп айтыпты деседі...
«Қарабұлақ шағын қала еді ғой. Супермаркет қайда, монша қайда, МТС қайда, мәдениет сарайы қайда, балабақша қайда... Мектепті ғана қалдырған екенсіздер. Басқасының орнында моланың белгісіндей төбешік... Осыларды салдыруға қаржы бөлгізуге қанша жүгірдім. Облыс басшысынан мына аппақ жарық әлемге келсе де, дүниенің дидарын көрмей кеткен періште сәбиім үшін естелік мұра деп жылап та, ұрсып та жасатқан нысандарым еді. Енді балам да жоқ. Жарым да жоқ. Еліме еңбегім де елеусіз – құм мен тас үйілген. Олар 200 жыл тұратын сапалы ғимарат еді, жиырма жылға жеткізбей жұтып тастапсыздар. Балам үшін деген естелік те сәбиімнің моласындай төбешікке айналыпты...
Басу білдірген келіншектер қиын кезеңдегі жоқшылықта сол тұрмыстық мекендердің қаңырап бос, иесіз қалған соң біреулер кірпішін бұзып үй-қора салғанын, бала-шаға бетон монолиттерді уақтап арасындағы арматураны Қытайға асыратын саудагерлерге сағыз-сусынға айырбастағанын айтқан екен. Жапон келін соны естігенде өксіп жылапты, көкірегі қарс айрылып күрсініпті. Сосын бір бөлменің есігін тарс жауып алып, күн ұзақ тамақ та татпапты. Бұдан кейін ешкіммен сөйлеспеген, ештеңе сұрамаған. Қайнысының жетісін атқарған соң жапон келін абысынын үш баласымен көлігіне отырғызып Семейге тартып кетіпті.
Махат САДЫҚ,
журналист