Ішкі істер министрлігінде онлайн өткен брифинг барысында Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев биылғы жыл басынан бері 16 жеткіншектің терроризм туралы жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл еліміздегі кәмелетке толмағандардың терроризм актісі туралы өтірік хабарлама таратуына қатысты ең жоғары көрсеткіші болып саналады.
«Жыл өткен сайын жасөспірімдердің мұндай заңсыз қылығы азайып келеді. Қазір шамамен жылына 1-2 баланың осындай орынсыз әзілі мен ойсыз іс-әрекеті анықталып жатады. Мұның барлығы ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеткіншектер арасында белсенді жүргізіп келе жатқан түсіндіру жұмыстарының нәтижесі деп білемін», деді ол.
Терроризм актісі туралы көпе-көрінеу жалған хабарлама таратудың қоғамдық тәртіпке теріс әсер ететін қауіпті қылмыс екенін ерекше атап өткен спикер бұл заңсыздықты кей адамдардың бір емес, бірнеше рет әдейі қайталайтынын да атап өтті. Жалған ақпарат тарататын рецидивистер 2019-2020 жылдары Қарағанды облысында, 2017-2021 жылдары Қостанай өңірінде анықталған. Полиция полковнигі: «Мұндай қылмысқа баратындардың көбінің денсаулығында психикалық ауытқулар болады. Сол себепті оларға тиісті медициналық көмек қажет», деді.
Тағы бір айта кетерлік жайт – осы уақытқа дейін тіркелген барлық жарылғыш заттар туралы ақпараттардың бірде-бірі расталмаған. Ал бұл дабыл бойынша іске кіріскен полиция, ұлттық қауіпсіздік органдары, өртке қарсы қызмет, құтқарушылар және медициналық жедел жәрдем қызметкерлерін босқа әурелеу деген сөз. Осындай жалған ақпарат бойынша оқиға орнына бір рет барғанның өзінде күш құрылымдары 300 мың теңгеге дейін қаражат жұмсайды екен. Ал жұмысы тоқтап қалған ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындары әр сағат сайын миллиондап шығынға батады.
ІІМ өкілі жалған ақпаратты көбіне адамдар еріккеннен, әзіл ретінде немесе мас күйде тарататынын айтты. Ал әр қоңыраудың себебі әртүрлі. Мысалы, біреулері кек алуды көксесе, енді біреулері мекеменің жұмысына кедергі келтіруді, мектептегі сабақты болдырмауды ойлайды. Құқық қорғау органдарының жұмысын «тексермек» болып, «жарылғыш зат қойылды» деп жалған ақпарат таратқандар да бар.
«Кәмелетке толмағандар мұндай қылмысқа не үшін барады? Олар достарының арасында өздерінің «батыр» екенін көрсеткісі келеді, кейде үй тапсырмасын орындамағандықтан, сабаққа қатыспау үшін осылай істейді. Статистикаға сүйенсек, жалған хабарламалар бергені үшін сотталғандардың 55 пайызы қылмыс жасаған сәтте удай мас болған. Өткен жылы осыған ұқсас 16 факт тіркелсе, биыл 14 оқиға анықталып отыр», деді Д. Разуев.
«Жалған ақпараттардың 85 пайызға жуығы мобильді телефон арқылы хабарланған. Ал интернет арқылы келіп түскен фактілер 8 пайыз шамасында. Мұндай қылмыстарды ашу көп уақытты талап еткенімен, кінәлілер жазасыз қалмайды», деген ІІМ қызметкері қоңырау шалған адам даусын өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да бәрібір табылатынын жеткізді. Дәл осы қылмыстың 90 пайыздан астамы ізі суымай, бір тәулік ішінде ашылатынын мәлімдеген спикер жыл басталғалы бері елімізде жалған терроризмге қатысты 52 қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Қазіргі таңда оның 28-і сотқа жолданып, 16 адамға қатысты үкім шығарылған.
Елімізде терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқандар 14,5 млн теңге көлемінде айыппұл арқалайды немесе бес ай бойы түзеу жұмыстарына тартылуы, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылуы әбден мүмкін.
«Терроризм актісі туралы жалған хабарлама тарату – әзіл де, ермек те емес, ол – қылмыс», деген полковник істерін істеп алып, кейін қанша өкінсе де қаскөйдің қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайтынын ескертіп өтті.