• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Тарих 23 Қыркүйек, 2021

Өрме саба

697 рет
көрсетілді

Бұл жәдігер дәл қазір ШҰАР құра­мындағы Құмыл аймағы Баркөл қазақ ­автономиялы аудан орталығында орна­­ласқан «Шыңжан Баркөл қазақ авто­но­миялы ауданы қазақ мәдениет көрме сарайы» деп аталатын музейдің тө­рінде тұр. Бұйымның суретін 2009 жылы қазан айында Шыңжаң өлкесіне сапарлап барған, Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейдің ғылыми қызметкері Досымбек Қатыран түсіріп әкелген екен.

 Өрме сабаны жасаған адам Кенже­хан Рахметұлы дейтін шебер. Кенжекең қазір Баркөл қаласында тұрады. Жал­пы, қазақта өрме мәдениеті деген бар. Бұл ежелден келе жатқан өнер.

Ал қазақ өрме өнеріне келетін бол­сақ, жұмыр өрме және жазық өрме дей­тін екі түрге бөлінеді. Жұмыр өр­ме – қамшы, арқан және жұмыр жүген сияқты жылқы жабдықтарын жаса­ғанда кеңінен қолданылса, жазық өрме – айыл-тұрман тәрізді жалпақ бұйым­дарға тән стиль. Сол сияқты өрменің: үш демше, төрт демше, бес демшеден бастап, он екі демшеге дейін түрі болады. Демше дегеніміз – тас­па. Яғни төрт таспалы, бес таспалы, алты таспалы... деген сияқты. Реті келгенде, айтып өткен артық болмас, таспа қаншалық шебер тілінеді, өрім де соншалық көркем өріледі. Ал тас­паны түзу әрі бірдей етіп тілу үшін жаттыққан қол, каныққан көз керек. Бұл ұзақ уақыт машықтанумен келетін керемет еңбек.

Жәдігерді жасап шыққан шебер Кенжеханның айтуына қарағанда, бұл сабаны жасау үшін төрт жуан өгіздің жон терісінен тіліп алған 1300 таспа кетіпті. Сыйымдылығы – 100 литрге таяу. Шебер сабаны 12 таспа жазық өрме стилін пайдаланып, оны бір-біріне қиюластыру арқылы қосөрім тәсілімен, үш айдың ішінде атқарып шыққан. Сабаның ішіне толтырып сұйық құйсаңыз сыртқа бір тамшы шықпайды. Неге? Шебер айтады: сабаны жасап болған соң өрменің дымы кеппей тұрып, ысқышпен әбден ысқылау керек. Сонда өрім нығыздалып, сыртқы кедір-бұдырынан арылып, майдаланады. Одан кейін қарағайдың қу бұтағы немесе жерде шіріп жатқан қожырымен ыстау керек. Сонда ешқашан сыртқа тамшы су ақпайтын болады. Одан кейін ысталған тері ешқашан шірімейді де, су тисе ылжырамайды. Соңында ыс сіңген қайыс-сабаны көктің нілімен суарасыз. Көктің нілі дегеніміз – бал арасы қонатын шөп-гүлдерді теріп алып, оларды суға қайнатып нәрін алу. Осы нілді сумен жаңа ысталған сабаны шайғанда, көктің нілі сіңеді. Ніл сіңген саба сазды жердің дымын бойына тартпайтын болады. Бұны қазақтар «көктің нілімен қайыс суару» дейді.