Өткен ғасырларда АҚШ-та «америкалық арман» феномені пайда болды. Олар осы феноменнің ізімен бай-бақуатты, ізгі қоғам қалыптастыруға ұмтылды. Яғни «америкалық арман» – адамды бақытқа жеткізеді: материалдық, моральдық тұрғыдан да халық бай болады. Бұл еркін, мүмкіндігі мол қоғамның ұлттық иммунитетін көтереді», деді. «Егер америкалық жүйе америкалық саясаттың қаңқасы болса, онда америкалық арман – оның жаны» деп есептеді. Әлқисса.
Ол өмір бойы америкалықтардың трагедиясын жазды. Жақсылық пен жамандық. Байлық пен жоқшылық. Айналадағы адамдардың мінезі, болмысы, көңіл күйі, жағдайы, қайғысы, қуанышы – бәрін-бәрін шынайы қалпында бейнеледі. Әрқашан өз қоғамын, өз халқын зерттеумен болды. Оқырманның алдында сөзден сурет салып, сюжет ойнатқан жоқ. Америкалық арманның америкалық трагедиясына үңілді. Оқырманға да, Америкаға да жағынбады: халқының шын бақытын көрсетпегені үшін Драйзерді ешкім жақтырмады.
Теодор Драйзер жазушылықтағы бұл тақырыпқа, осы бағытқа қалай келді? Ол неміс эмигранттарының кедей отбасында өсті. Жастайынан жоқшылық көрді. Балалық шағы фермалар мен мейрамханалардағы қара жұмыспен өтті. Драйзердің бастан кешкен осы қиындықтары қоғамын етене жақын тануына себеп болған шығар. Тіпті ол мұндай өмірді америкалық трагедия деп атады. Ал жұрттың бәрі жапа-тармағай ұмтылатын һәм сенетін америкалық арман Америкадан алыс шалғайда қалды деп санады. Бәлки, әлемде де жоқ шығар. Драйзер оған ешқашан сенген жоқ. Сондықтан қоғамның, ұлттың дертін танып, адамдарға жеткізу үшін репортер болды. Осы жолда жазушы үлкен күйзеліске ұшырады: шешім біреу – бәріне қолды бір-ақ сілтеу яки ұлы адамға айналу. Драйзер екіншісін таңдады.
Оның шындығын ешкім қаламады. Әрине, опасызды опасыз десең һәм оныңыз зиялы қауымнан болса, тіпті қауіпті. Ал бай-манаптардың ұрлығын әшкерелеп, ұрлықшы десең, адам шошиды. Алайда Драйзер ешкімнен именбеді. Өтірік пен шындықты, адалды да, арамды да өз орнына қойды.
Ол Штаттарды көп аралады: халықтың жұмыссыздық пен кедейліктен азып-тозғанын көрді. Ереуілге шыққан кеншілерді қорғаған кезде оған қысым жасалды. Тіпті жиырма жылдан аса уақытқа түрмеге түсуі де мүмкін еді. Бірақ Драйзер қорқыту-үркітулерден сескенбеді. 1930 жылдың мамырында: «Біз бұл мемлекетті демократиялық дейміз. Шын мәнінде, бұл олигархия. Билік Вашингтонда емес, Уолл-стритте орналасқан. Ал демократия туралы айтылып жүрген әңгімелер тек әзіл», деп ашық айтты.
Егер сіз америкалық арманға сенетін болсаңыз, Драйзерді оқыңыз. Ал сенбесеңіз, тағы да Драйзерді оқыңыз. Америкалық трагедияға сенетін болсаңыз, Драйзерді оқыңыз. Олай болмаса да Драйзерді оқыңыз. Оның шығармалары айна секілді: сенетіндер де, сенбейтіндер де бір нәрсені көреді.
Драйзерді Нобель сыйлығына ұсынды. Алайда марапат Синклер Льюиске бұйырды. Ол сонда, ақиқатында Нобель сыйлығына Драйзер лайық екенін, «америкалық әдебиетті жасқаншақтықтан босатып, өмірдің шынайы, көркем, батыл суреттерін бейнелеуге бағыттаған» сол екенін айтты.
Осылайша, Драйзерді кім не деп мақтаса да, Нобель оған бұйырмады. Алайда барша әлем жазушы ең үлкен сыйлыққа ие болды десті: оны уақыт пен оқырман марапаттады. Сондықтан Драйзер шығармалары әлі күнге дейін оқылып келеді. Бұл бір мәңгілік маятнигі іспеттес.
Айта кетейік, Драйзер 1927 жылы Кеңес Одағына келді. Кейін АҚШ-та бұл сапар туралы кітап та шықты. Оның «Америкалық трагедия» романының орысша нұсқасы алғаш рет 1928 жылы З.Вершининаның тәржімалауымен шыққан. Ал қазақ тіліне бірінші бөлімін 1960 жылы Ғ.Аққұлов пен Ф.Дінісламов, екінші бөлімін 1962 жылы Т.Ысмайылов аударды.