ДДСҰ мақұлдаған COVID-19-ға қарсы дәрі-дәрмектердің тізімі екі моноклоналды антиденемен толықтырылды. Жақында жарияланған төрт клиникалық зерттеу нәтижелері олардың тиімділігін дәлелдеді, деп хабарлайды Egemen.kz ТАСС-қа сілтеме жасап.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары екі қауіпті топтағы пациенттерді коронавирустық инфекциядан емдеуде казиривимаб пен имдевимабтың моноклоналды антиденелерін қолдануды мақұлдады. Жаңартылған ұсыныстарды British Medical Journal жариялады.
«Ұсыныстардың жаңа нұсқасын жариялаудың себебі жақында казиривимаб пен имдевимабтың төрт ірі клиникалық сынақтарының нәтижелері жарияланды. Олар аяқталғаннан кейін осы антиденелерді ең осал науқастарды коронавирустан қорғау үшін, сондай-ақ өз антиденелері жоқ ауыр науқастарды емдеу үшін қолдануға кеңес беруге болады», деп жазады зерттеушілер.
Казиривимаб және имдевимаб - коронавирустық инфекциямен күресу үшін американдық Regeneron компаниясының мамандары жасаған моноклоналды антиденелер. Олардың комбинациясы АҚШ, Жапония және әлемнің басқа елдерінде қолдану үшін алдын-ала мақұлданған.