Жыл басынан бері Достық-Алашаңқай және Алтынкөл-Қорғас теміржол шекаралық өткелдері арқылы 14,4 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артық, деп жазады Egemen.kz.
Қазақстан мен Қытай шекара темір жолдары аралас комиссияларының 30-отырысы аяқталды. Қазақстан делегациясын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының жүк қозғалысы жөніндегі орынбасары Оралхан Құлақов, Қытай делегациясын Қытай темір жолдары корпорациясы «Үрімші темір жолы» ЖШҚ Басқарма Төрағасы Гао Цзяньян басқарды.
Кеңес барысында тараптар жүк тасымалы саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Коронавирус инфекциясының жаһандық пандемиясы екі ел арасындағы жүк тасымалына әсер еткені атап өтілді.
Тараптар эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде жүк тасымалын ұлғайтуға ықпал етуге дайын екенін білдірді. 2021 жылы теміржол шекаралық өткелдері арқылы 21 млн тонна, оның ішінде Қытайдан Қазақстанға - 8,8 млн тоннадан астам, кері бағытта 12,2 млн тонна жүк тасымалданады деп күтілуде. 2021 жылдың 8 айында Достық-Алашаңқай және Алтынкөл-Қорғас теміржол шекаралық өткелдері арқылы 14,4 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артық. Оның ішінде Қытайдан 8,5 млн тонна, кері бағытта 5,9 млн тонна жүк тасымалданып, өткен жылға қарағанда өсім 24% құрады.
Кеңес барысында қазақстандық тарап Қытайдың астық жүктерін қабылдамауына алаңдаушылық білдірді. Көрші елмен шекарада 1400-ге жуық астық тасығыш пен 300 жабық вагон қабылдауды сарыла күтіп тұр. «ҚТЖ» ҰК» АҚ 1 қазанға дейін астық жүктерін қабылдау мен түсіруді жүзеге асыруды, сондай-ақ күн сайынғы пойыздар алмасу жоспарында астық жүктері бар бір пойызды қабылдауды сұрады. Өз кезегінде Қытай тарапы Алашаңқай станциясындағы жолды қайта жөндеуге байланысты үйілген астықты түсіру мүмкін емес екенін атап өтті.
Сондай-ақ, қазақстандық тарап ҚР импорттаушыларының шағымын айтып, әріптестеріне Қытайдан жүкті толық көлемде жөнелтуді сұрады.
«Өз кезегінде Қазақстан тарапы барлық жүкті кідіріссіз қабылдауға дайын», деп жазады ҚТЖ баспасөз қызметі.