Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары еліміздегі заң білімінің сапасын зерттеу мақсатында Қарағанды қаласының бірқатар оқу орындарын аралады, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінде елімізде 128 жоғары оқу орны жұмыс істейді, олардың 67-сі заңгер мамандарын даярлайды. Соңғы 5 жылда заңгерлерді даярлауға 1480 грант бөлінді.
Сенаттың салалық комитетінің төрағасы Владимир Волков өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында білім беру сапасын арттыруға ерекше назар аударылғанын атап өтті.
«Реформаларды, оның ішінде құқық қорғау және сот жүйесіндегі жаңаруларды сапалы жүзеге асыру үшін қоғам мен мемлекетке қазіргі заманғы еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін, патриоттық рухтағы және адамның құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғауды бағдар еткен, заңтану саласында кәсіби құзыретке ие жаңа формациядағы заң кадрлары қажет», деді сенатор.
Владимир Волков білім беру жүйесі әрқашан ел Президентінің ерекше бақылауында екенін атап өтті.
«Құқықтық білім беруде сапа тақырыбы аса маңызды әрі зерделеуді қажет ететіндігін ескере отырып, Комитет барлық мүдделі тараптарды шақыра отырып Парламент Сенатының қабырғасында комитет отырысын өткізуді жоспарлап отыр. Оның нәтижесі 2022 жылдың 1 тоқсанында «Қазақстандағы құқықтық реформа: заң білімінің сапасын қамтамасыз ету сауалы» тақырыбы бойынша Үкімет сағатын өткізу болады, онда елдегі заң білімінің сапасын арттыру туралы Үкімет атына ұсынымдар әзірленетін болады», деді Владимир Волков.
Сонымен қатар, сенаторлар Нұр-Сұлтан қаласының жоғары оқу орындарындағы, атап айтқанда М.С. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дегі заңгерлік білім беру деңгейін тексерді.