• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Қыркүйек, 2021

Бейтаныс сағыныш

417 рет
көрсетілді

Бұрынғылардың ешбіріне ұқсамаған бұл сурет беймезгіл ғашықтықтың, беймәлім махаббаттың, бейтаныс сағыныштың бейнесі іспетті. Уақыт пердесі екі жаққа түріліп, дүниеге жарық төгілген сәтте бір-бірінен айырылмастай болған адамдардың алып-ұшпа сезімінен ыстық не бар өмірде? Сол сәтте қара тас гүлдегендей, қара аспан шайдай ашылғандай болған шығар. Мағынасыз майдан аяқталып, енді тағдыры түзелер дегенде, өмір жолы тағы да адастырып кетерін кім біліпті!?

Суреттің тағдырына қарап тон пішіп отырмыз. Сіз ой-елегінен өткізіп көріңіз, біз хал-қадерімізше жеткізіп көрейік. 1945 жылы 14 тамызда Жапонияның 124-ші императоры Хирохито жапон қа­рулы күштерінің сөзсіз берілу туралы әс­кери-теңіз бұйрығына қол қойды. Бұл ақжолтай хабар ертесіне-ақ бүкіл әлемге радио арқылы тарады. Америка жұрты бөркін аспанға атып қуанды. Көптен күткен ме­реке қарсаңында әйгілі Таймс-сквер ор­талық алаңында ерекше фотосурет түсі­ріледі. Осылайша, Нью-Йорк кө­­ше­сінде объективке іліккен қос жастың қуа­нышы соғыстан кейінгі өмірдің жар­шы­­сындай символға айналып шыға келеді.

Суретте жас теңізші мен медбикенің сүйісу сәті берілген. Туындының авторы – фотограф Альфред Эйзенштадт. Немістің атақты фотожурналисінің 1930 жылдары атағы асқақтады. Неге дей­сіз ғой, бізге белгілі жауыз Гитлер мен Муссолини арасындағы алғашқы кез­­десуді фотоға түсірген дәл осы кісі еді. Тіпті әлемді немістің сұрқай сая­сат­кері Йозеф Геббельстің де жарқын тү­рі­­мен таныстырған да сол. Бірақ бә­рі­­бір шығармашылық иесі әлдебір се­беп­­термен туған жерінен жыраққа ке­тіп, Америкадан пана іздейді. Сөйтіп, 1935 жылы Life журналына жұмысқа орналасады. Альфредтің таланты – тап­­қырлығында. Ол кейіпкерлерін біл­дірмей, сездірмей, тып-тыныш нысанаға алғанды жақсы көреді. Әрі бұл әдісі өте тамаша шығуымен құнды.

Ең қызығы, аталған фотосуретке көп­шілік «Таймс-сквердегі өбіс» немесе «Жа­понияны жеңу күні» деп айдар тағып, со­лай атап та кеткен екен. Бірақ фото иесі бұл сөзге келіспейді. Автордың айтуынша, «сөзсіз берілу» болу қажет. Себебі сұлудың жігіт құшағына үнсіз ғана енуі осыны аңғартады.

Фотограф президент Гарри Тру­мэн­нің құттықтау сөзінен кейін атақты Таймс-сквер алаңында өтіп жатқан мере­ке­лік шараларды тамашалайды. Қуа­ныш­тан жүрегі жарылардай асыр салған халықтың масайраған көңіл күйі оның да жанын елітіп жібереді. Бір сәтте жиырмадан асқан көңілді жас теңізші қасынан өтіп бара жатқан медбикені бас салып сүйе бастайды. Ұзаққа созылған сезім шырмауындағы сәт Альфредтің камера­ны реттеуіне және фотоның керемет шы­ғуына жол ашқандай.

Оның айтуынша, жауынгер жігіт көше бойымен жүгіріп өтіп, жас шамасы­на қарамай барлық қыз-келіншектерді құшақтап алған. Ең соңындағы сүйіс және жарық пен қараңғы арасындағы контраст фотографтың назарын бірден аударады. Альфред жастардың әнтек әрекетін әшкерелеуді ойламаған еді, қай­та олармен танысуға оқталған. Бірақ екеуі де ұстатпай кетеді, тіпті есімдерін де білмейді.

Тек 1970 жылы Life журналы редакциясына Эдит Шейн есімді әйел­ден хат келеді. Ол хатты жолдаушы фото­суреттегі қыз өзі екенін ашып ай­тады. Бірақ қасындағы оны сүйген сері һәм батыл теңізшінің кім екенін анық­тай алмайды. Арнайы іздестіру жұмыс­тарын жүргізгенде, оннан астам ер адам өзі екенін мәлімдепті. Десе де, мұнда бір құпия бар-тын. Қандай дейсіз ғой, медбикені қапсыра құшақтаған теңіз сарбазы қыздың құлағына әлденені айтып сыбырлаған екен. Мұны Эдит Шейн әдейі айтады-мыс. Сол сөздің санасында қатталып қалғанын жасырмайды да. Ақыры, «Мен едім» деп өң­мендеген үміткерлердің ешқайсысы не деп айтқанын таба алмайды. Әйтсе де, теңіз сарбазы үндемеген болатын.

Жас теңізшінің жеке басын анықтау мүмкін болмады. Соған ұқсас Карл Мус­карелло, Джордж Мендоза және Гленн МакДаффи есімді бұрынғы теңізшілер­дің есімі белгілі болды. Олардың арасын­да сараптама жүргізуді талап еткендер де ­табылды. Негізінде, үш жігіт те сол алаңда бейтаныс медбикелерді сүйгені шын болуы мүмкін. Әрине, ол енді ма­ңызды емес. Бүгінде бұл фотоның тарихы туралы алып-қашпа әңгіме көп. Біз мысалға алып отырған нұсқа соның бірі ғана. Бірақ маңыздысы ол емес.

Кейіннен Таймс-сквер алаңында әйгілі фотосуретте түсірілген сюжетті қай­­талайтын ескерткіш орнатылды. Ашы­­лу салтанатына қарт әйел Эдит Шейн де қатысады. Ол қасындағы жігіт­тің кім екенін таба алмағанына өкінеді. Ақыры, ескерткішке айналған медбике 91 жасында дүниеден озады.

Ең ғажабы, фотосурет Екінші дү­ние­­жүзілік соғыстың аяқталуының ­сим­­­волы есебінде тарихқа енді. Ол киім­дер­­ге басылып, бөлме қабырғалары­на безен­дірілді. Тіпті журналдардың мұқа­басына қайта-қайта басылып, мың­­даған тиражбен таралды. Бүгінде жыл сайын тамыз айының ортасында Таймс-сквердегі ескерткіш айналасына жиналған жүздеген жұп аңызға балан­ған суреттегі сюжетті қай­талайды. «Әр дәуір­дің өзіне сай әні бар» дегендей, бұл соғыс уағындағы ең бір ға­жа­йып оқиға­лардың бірі ретінде тарих қой­науына енді.

Бейтаныс сағыныш – мәңгілік естелік!