Әлемді әбігерге салған коронавирус әлі де аптығын басар емес. Кейінгі бірнеше күнде індет жұқтыру қарқыны саны сәл саябырсығанымен, тәулігіне 500 мыңға жуық адам қауіпті дерттің тырнағына ілінеді. Осыған байланысты көптеген елде әлі де карантиндік талаптар жеңілдетілген жоқ. Әйтсе де, вакцина салдырғандар саны көп елдер шектеу шараларын босаңдата бастады.
Мәселен, Нидерландта өткен сенбіден бастап әлеуметтік қашықтық сақтау міндеті алынып тасталды. Оның орнына вакцина паспортын көрсетсе жеткілікті. Осылайша, ойын-сауық орындарына кіру еркін болмақ. Аталған елде 18 айдан бері «1,5 метрлік қоғам» түсінігі қалыптасқан еді. Яғни арақашықтық 1,5 метрден кем болмауға тиіс еді. Енді бұл талап күшін жойды.
Сенбіден бастап 13 жастан асқан адамдарға барларға, дәмханаларға, мейрамханаларға, сондай-ақ театр секілді мәдени орындарға кіруге шектеу қойылмайды. Тек меймандар Covid-19 құжатын көрсетуі қажет. Онда толық вакцина алғаны, коронавирусқа қарсы тесттен өткені немесе жақында жазылып шыққаны көрсетілуге тиіс.
Солтүстік Ирландия Ұлыбританияның қалған бөлігімен бірге қазан айынан бастап халықаралық туристерге коронавирус тестін тапсыру ережелерін жеңілдетпек. 4 қазаннан бастап «қызыл» тізімге енбеген елдерден келген, толық вакцина алған саяхатшылар ұшар алдында тест тапсырмайды.
Көршілес Ирландия да шетелден келген саяхатшыларды міндетті түрде қонақүйде карантинде жатқызу тәртібінің күшін жойды. Бұған себеп – ел аумағында вирус жұқтырғандар санының азаюы.
Биылғы наурыздың аяғынан бастап үкімет бекіткен тізімде бар елдерден келген саяхатшылар міндетті түрде екі апта карантинде болуға тиіс еді. Өткен сенбіде Ирландия денсаулық сақтау министрі Стивен Доннелли бұл тізімде ешқандай ел қалмағанын мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, бұл шешім бас дәрігердің кеңесіне негізделіп жасалған.
Соңғы ресми мәліметке сүйенсек, Ирландияда жалпы саны 383 мың адам вирус жұқтырса, коронавирус 5 209 адамның өмірін қиды. Қазіргі таңда бес миллион халқы бар елде жаңа анықталған науқастар саны азайған. Дүйсенбіден бастап Дублинде қашықтан жұмыс істеу міндетті емес. Карантиндік талаптарды бұлай жеңілдетуге халықтың жаппай вакцина салдыру әсер етті. Бүгінде тұрғындардың 90 пайызы екпе алған.
Мальта билігі вакцина алған саяхатшыларға елге кіруге рұқсат берді. Шешім туралы толық ақпарат ресми туристік порталда орналастырылған. Сонымен қатар Мальта екпенің екі компонентін алған жағдайда туристік мақсатта келе алатын елдердің тізімін жаңартты.
Таиландта Covid-19 вирусына қарсы вакцина алғандар ел аумағына келгенде міндетті екі апталық карантин мерзімін 7 күнге дейін қысқарту жоспарланды. Алайда екпе алғаны туралы анықтаманы көрсетпегендер ұшақ арқылы келсе 10 күнге, құрлық арқылы келсе 14 күнге оқшауланады.
Малайзия үкіметі мемлекетаралық саяхатқа салынған тыйымды алып тастамақ. Ол үшін вакцина салдырған тұрғындар саны 90 пайызға жетуге тиіс. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін үш апта мерзім қажет.
Жоғары қорғаныс министрі Датук Сери Хишамуддин Хусейн үкіметтің үш апта ішінде алға қойған мақсатқа жету үшін вакцина салуды тездету үшін іске кіріскенін мәлімдеді. Премьер-министр Датук Сери Исмаил Сабри Яакоб мемлекетаралық саяхатқа екпе алғандар саны 90 пайызға жеткенде рұқсат етілетінін мәлімдеді. Қазіргі таңда малайзиялық ересек адамдардың шамамен 80 пайызы толық вакцина салдырған.
Норвегияда да әлеуметтік шектеу шаралары мен бизнеске салынған ережелер сенбіден бастап жеңілдетілді. Премьер-министр Эрна Солберг баспасөз мәслихатында әлеуметтік қашықтықтың енді қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Осылайша, түнгі клубтар қайта ашылып, мейрамханалар жұмысын қалыпты жағдайда жалғастырады.