26-28 маусымда Қытайдың Циндао қаласында жалауы желбірейтін Гранд Слэм турнирін қазақ жанкүйерлері тағатсыздана күтіп отыр. Өйткені осы жарыста Париж Олимпиадасының тарланы Елдос Сметов ұзаққа созылған үзілістен соң, алғаш рет татамиге шығады.
Қоржынында Олимпия ойындарының толық жүлде жиынтығы, әлем чемпионатының алтыны мен қос қоласы, басқа да толып жатқан медальдары бар дарабоздың татамиге шықпағанына екі жылға жуықтады. Сол уақыт аралығында даңқты балуан операция жасатты, ем-дом қабылдады, шетелде білім алды. Бір сөзбен айтсақ, уақытын бос өткізген жоқ. Енді Елдос татамиге қайта оралуға бекініп отыр. Басты мақсаты – тыңғылықты жаттығып, қайта бабына келіп, алдағы жарыстарда жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуанту.
Аса жеңіл салмақта Е.Сметовпен бірге жалынды жас Талғат Орынбасардың өнерін тамашалаймыз. Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) пен әлем чемпионатында үш рет жеңіс тұғырына көтерілген Әбиба Әбужақынова (48 кг), жақында ғана Бішкекте Азия чемпионы атанған дзюдошымыз Әділет Алмат (81 кг) та бозкілемге шығады.
Циндаода жоғарыда есімдері аталған белді балуандардан бөлек, Бақытжан Әбдурахманов, Ерсұлтан Дүйсенхан (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Айдар Арапов, Даниил Крылов (90 кг), Асқар Біржанов, Бақжан Байтас (100 кг) күш сынасады. Әйелдер сайысында Меруерт Сәрсенова (52 кг), Бақыт Құсақбаева (57 кг), Есмигүл Куюлова (63 кг), Ажар Асхат, Мөлдір Нарынова (70 кг), Аруна Жангелдина, Екатерина Токарева (78 кг), Аида Тойшыбекова мен Назгүл Маратова (+ 78 кг) сайысқа түседі.