Қонаев қаласында маусымның алғашқы күнінен бастап шомылу маусымы ресми түрде ашылды. Биыл жағажайларда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жаңа демалыс орындары мен 9D кинотеатр іске қосылды.
Қала әкімі Асхат Бердіханов коммуналдық жағажайлар демалушыларды қабылдауға толық дайын екенін мәлімдеді. Әсіресе №5 жағажайда қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Мұнда 12 құтқару мұнарасы орнатылып, 26 құтқарушы жұмыс істейді. Сонымен қатар жағажай аумағына 21 бейнебақылау камерасы қойылған. Оның ішінде жасанды интеллект жүйесімен жұмыс істейтін камералар да бар. Барлық құрылғылар жедел басқару орталығына қосылған.
Жағажай аумағында санитарлық тораптар мен тамақтану орындары жұмыс істейді. Күн сайын арнайы қызметкерлер жағалауды бірнеше рет қоқыстан тазартады. Ал жаяу жүргіншілер үшін кіру тегін.
Биыл №5 жағажайда жаңа 9D кинотеатры ашылды. Заманауи аттракцион форматындағы кинотеатрда көрермендер фильмді арнайы дыбыс, қозғалыс, өзге де эффектілер арқылы шынайы сезіне алады. Сонымен қатар қалада жаңа ойын-сауық орындары көбейіп келеді. Соның бірі «Жібек жолы» ЖШС салып жатқан аттракциондар паркі 10 маусымға қарай келушілерге есігін айқара ашатын болады.
«Бұл парк бірнеше жылдан бері салынып жатыр. Қазір соңғы дайындық жұмыстары аяқталуда. Жақын күндері демалушыларды қабылдай бастайды», деді қала әкімі.
Қалада биыл жаңа форматтағы демалыс орындары да ашылуда. Соның бірі – «VE RICCI» демалыс аймағы. Кешен отбасылық демалысқа арналған. Мұнда жайлы виллалар, бассейндер, тынығуға арналған арнайы аумақтар қарастырылған.
Биыл туристік бағытта 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде қонақүйлер, демалыс орындары мен гольф-клуб құрылысы бар.
Қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы жағажайларда сағат 20:00-ден кейін шомылуға тыйым салынатынын хабарлады. Күн сайын патрульдеу ұйымдастырылып, кешкі уақытта арнайы рейдтер жүргізіледі.
Қала тұрғындары мен туристер де шомылу маусымының ашылуын қуана қабылдады. Ашық суда жүзуден Қазақстан және әлем чемпионы Әмина Шынәділ Қапшағай су қоймасы су спортын дамыту бағытында қолайлы орындардың біріне айналып келе жатқанын айтты.
Қонаевта алдағы уақытта 5 шақырымнан астам жағажайды абаттандыру жоспарланған. Жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Алматы облысы