• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бизнес 26 Қыркүйек, 2021

Шектеуде ширыққан шағын бизнес

589 рет
көрсетілді

Пандемия басталғалы шағын бизнестің де тынысы тарылып, бұған дейін өркендеп тұрған талай шағын кәсіпорындардың өндірісі тұралап, табысы орта­йып қалғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында бұл жағдайға ерекше тоқталып, күрделі кезеңнің қиындығын еңсеру үшін 700 мыңнан астам кәсіпкерге түрлі жеңілдіктер мен жаңа мүмкіндіктер берілгенін, бұл мақсаттағы мемлекеттік қолдау әлі де жалғасатынын айтты. Індетке қарсы карантин шаралары бірде қатайып, бірде жібіңкіреп тұрған елең-алаң кезеңге қарамастан, ел ішінде білек түріп бизнес ашып, шағын да болса кәсібін дөңгелетіп әкеткен азаматтар жүр. Шектеуде ширыққан талапты жандардың істеп жатқан тіршілігі көңілге мұз көбесін жарып шыққан жауқазындай жылу ұялатады.

Майкөлдегі қаз фермасы

Қостанай қаласының тұрғыны Еркін Есмұрзин былтыр облыс орталығына жақын орналасқан Майкөл ауылдық округіне қарасты Арман ауылынан 25 со­тық жер алып, құс фермасын ашқан.­ Жас кә­сіп­кер алдымен «Бастау Бизнес» курсын аяқтап, кейін «Еңбек» бағдарламасы ар­қылы жеңілдетілген несиеге қол жет­кі­зіпті.

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қостанай филиалы берген 3,9 млн теңге несиеге 2 мың бас ба­лапан қаз бен жем сатып алдым. Мем­ле­кеттік бағдарлама арқылы алған несие­нің бір ерекшелігі – пайызы төмен, мысалы, мен 6 пайыздық мөлшерлемемен алты жарым жылға алдым. Одан кейін бір жыл бойы несие төлемейміз. Мұны табыс дәлізі деп атайды. Осы арқылы мемлекет бізге кәсіптен пайда түсіре бастағанша несие төлемін төлемеуге мүмкіндік беріп отыр. Ең тиімдісі – осы, – дейді жас кәсіпкер.

Еркіннің айтуынша, қазір қаз баққан тиімді. Өйткені қалаға жақын маңайда бос жатқан жайылым аз. Ал құсқа керегі – су. Арман ауылының екі жағында екі көл жатыр. Күніне 2 мың ана қаз маң-маң басып маңайдағы шағын алқапқа жайылып, суға түсіп келеді.

– Қаз – таза құс, еті де дәмді. Күз ай­ларында, жыл соңына қарай құс етіне сұраныс көбейеді. Қазірдің өзінде қоңырау шалып, бес-алтауын аламын деп, ақшасын алдын ала аударып жатқандар бар. Өйткені биыл құрғақшылық болып, жем қымбаттап кетті. Күн суытқан сайын құс еті де қымбаттауы мүмкін. Құстың жартысын қаладағы сауда нүктелеріне өткіземін, ал жартысына жуығын жеке азаматтарға сатамын. Тіпті көршілес өңірлерден келіп, көлікке тиеп алатындар бар. Қаз ұстаудың тағы бір пайдасы – біз бір аяз түскен соң, құсты сойып сата бастаймыз, сол кезде мамық іздеушілер көбейеді. Қаладағы жеке кәсіпкерлер келіп қаздың мамығын да аттай қалап алып кетіп жатады. Мен өткен аптада ғана бір кәсіпкермен уағдаласып қойдым, мамықты түгелдей сатып аламын деп отыр, – дейді Еркін.

Екі жыл бойы алты ай жаз құс ұстап, қыс түсе сойып сата бастайтын кәсіпкер алдағы жылы маусымдық кәсібін жыл он екі ай бойы жұмысы үзілмейтін тұрақты шаруашылыққа айналдыруды көздеп отыр. Яғни келесі көктемде қаздың аналығына қоса аталығын да сатып алып, жұмыртқа шығарып, инкубатор өндірісін қолға алмақ. Өйткені қаз балапандары Қостанайға Ресейден келеді екен. Жақсы инкубатор болса, қаз балапандарын Қостанайда да шығаруға болады. Өз инкубаторыңнан шыққан балапан, қанша дегенмен, арзандау келеді. Кәсіпкер келешекте қазқорасын кеңейтіп, заманауи құрылғылармен жабдықталған жылыжай салып, жергілікті инкубатор өндірісін дамытқысы келеді.

Пластикалық түйіршіктерге сұраныс жоғары

Технология дамыған сайын тұрмысқа пайдалы түрлі бұйымдар да көбейді. Қазір жиһаз, еден, шатыр жасау өндірісінде пайдаланылып келген ағаш пен темірдің орнын химиялық жолмен жасалған қоспа материалдар ауыстырып жатқанын көзіміз көріп жатыр. Мұндай заманауи материалдар жеңіл және жұмсақ бола тұра, мықтылығы жағынан ағаш пен темірден кем түспейді. Әрі арзан, әрі эстетикалық тұрғыдан сырт көзге де әдемі көрінеді.

Облыс орталығында тұратын тағы бір табысты кәсіпкер Татьяна Федина пандемияға дейін маникюр шебері болған. Карантин кезінде кәсібі тұралап қалған Татьяна іскерлік бағытын басқа арнаға бұрды. Қазір кәсіпкердің негізгі қызметі – полиэтилен шикізатын қайта өңдеу. Оның шағын цехында пластикалық түйіршіктер жасалады. Кәсіпкердің өнімін жол жабындарын, ойын алаңдарына арналған жұмсақ жабындарды, қоқыс пакеттерін, балабақша жиһаздарын және басқа да қажетті заттар жасау үшін түрлі компаниялар сатып алады.

Қостанайда Татьянадан басқа ешкім пластик түйіршектерін шығарып жатқан жоқ. Пластиктен жасалған қайталама шикі­затты өңдейтін бірнеше кәсіпорын бар, бірақ олар жаңқа түріндегі полимер­ком­позитті өнім шығарады.

– Пластикалық түйіршіктер өндірісін ашу идеясы биыл пайда болды. Бұрынғы жұмысым жүрмей қалған соң, жаңа табыс көзін іздеуге тура келді. Интернетке үңіліп қазіргі нарықтағы сұранысқа ие өнімдерді зерделеумен талай түнімді ұйқысыз өткіздім. Менің іздегенім – қарапайым әдіспен оңай өндірілетін әрі көп қаржы қажет етпейтін өнім еді. Көп ұзамай таптым, қайталама шикізат нарығында пластикалық түйіршіктер жоғары сұранысқа ие екеніне көзім жетті, – дейді кәсіпкер.

Т.Федина шикізат өңдейтін қымбат құрыл­ғыны сатып алу үшін Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры­нан несие алған.

– 3,2 млн теңге несие қаржысына жабдықтар мен қажет материалдар сатып алдық. Біз пластик өңдеумен айналысамыз. Өндірісіміз барынша автоматтандырылған және көп адамды қажет етпейді. Бір адам­д­ы жұмысқа орналастырдық. Қазір күніне 1,5 тонна пластик өңдей аламыз. Сату мәселесі де жүйелі жолға қойылған, – дейді табыстың көзін тыңнан тапқан Татьяна.

Шағын цехтан шығып жатқан плас­тик түйіршіктердің 80 пайыздан астамын Нұр-Сұлтан қаласындағы пластик құбырлар шығаратын зауыт сатып алады. Қалған өнімді жергілікті кәсіпорындар алып жатыр. Жаңа кәсіпорында небәрі екі-ақ адам жұмыс істейді. Өйткені өндіріс толық автоматтандырылған, артық қол күшін қажет етпейді.

Татьяна қазірше шикізатты қоқыс өң­дей­тін жергілікті кәсіпорындардан сатып алып отыр. Кәсіпкер алдағы уақытта өз өндірісін толық циклге көшіріп, плас­ти­калық бөтелке, пакет, пластмассадан дайын түйіршік шығаруды көздеп отыр.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қорының Қостанай облыстық филиа­лы несие бөлімінің бастығы Ақмарал Төленованың айтуынша, биыл облыста «Еңбек» бағдарламасы бойынша 1 млрд 316 млн теңге несие берілген. Жеңіл не­сиенің игілігін көріп жатқандардың дені – Еркін мен Татьяна сияқты шағын кәсіпкерлер.

Аталған қор жыл басынан бері жалпы сомасы 46,7 млрд теңге болатын 7,6 мыңнан астам шағын несие берген. Несие­нің негізгі үлесі «Еңбек» бағ­дар­ламасына тиесілі. Мәселен, биыл осы бағдарламаға қатысқан 4,6 мың кәсіпкерге 23,5 млрд теңге берілген. Биыл шағын кәсіппен айналысамын деушілерге 64,7 млрд теңгенің несиесін беру жоспарланған. Бұл қаржы шамамен 12 мың кәсіпкердің бизнес-жобасын іске асыруға мүмкіндік береді.