Соңғы жылдары тренд деген айдар тағылған дүние көп. Оның біріне әлеуметтік желі мен технология тікелей әсер етсе, енді бірін экономика мен туризм ынталандырып келеді. Қазақстанның да жаһандық жаппай марафон жарысына қосылғанына бірнеше жыл болып қалды. Жалпы, көпшілікпен бірге белгілі бір қашықтықты жүгіріп өтудің бір қарағанда кімге, қандай пайда әкелетіні түсініксіз.
Марафон туралы жазуымызға не түрткі болғанынан бастайық. Жексенбіде Германияда аса маңызды сайлау өтті. Неміс халқы жақын болашақтағы саяси бағыт-бағдарын анықтады десек, артық айтқандық емес. Елді ұзақ жылдар бойы басқарған канцлер Ангела Меркель биліктен кетіп, тізгінді сайлауда жеңіске жеткен үміткерге тапсырмақшы. Ойлап қарасаңыз, 16 жылдан кейін канцлер ауысқалы тұр. Елдің саяси өміріндегі әр азаматқа тікелей әсер ететін ең ірі оқиға деуге болады.
Бір қызығы, жексенбіде саяси додамен қатар, Берлин тұрғындары халықаралық марафонда жүгіріп жарысты. Әлемдегі ең озық елдердің бірінің саяси тағдыры шешілер тұста қабаттаса өтіп жатқан спорттық жарыс соншалықты маңызды болғаны ма деген сұрақ туындайды. Әсіресе, халық таңертең жаппай сайлау учаскесінің орнына марафонға баруы әбден мүмкін ғой.
2017 жылғы Бундестаг сайлауы кезінде де Берлинде марафон өткен екен. Германия астанасындағы сайлау атмосферасы толығымен жарыстың көлеңкесінде қалған көрінеді. Қала тұрғындары алдымен дауыс беруге емес, жарысқа қарай жүгірген екен. Міне, дәл осы себепті жүз мыңдаған халықты жинайтын марафондардың Еуропадағы ең ірі саяси науқанға бәсеке болатындай нендей ерекшелігі бар екені қызғылықты, әрине. Айтпақшы, дәл осы күні Қазақстанның екі ірі қаласында да марафон өтті.
Марафон ұйымдастырудың машақаты көп. Себебі ол спорт алаңында немесе арнайы стадионда емес, қаланың қақ ортасында өтеді. Мәселен, елордадағы жарыс кезінде қаланың сол жағалауындағы бірқатар басты көше жабылып, қоғамдық көліктің бағыты өзгерді. Яғни жарысты ұйымдастыру үшін осы секілді ірі қалалардың күнделікті тіршілігіне үлкен өзгерістер енгізіледі. Орталық көшелер жабылды дегеніңіз мыңдаған адам демалыс күніне жоспарлаған тірлігінен қалып, үйінде отыратынын білдіреді. Қарап тұрсақ, машақатынан бөлек, көп қаражатты талап ететін секілді. Расында, марафонда жүгіремін деушілер жарысқа тіркелгенде арнайы төлем жасайды. Бұл қаражат ұйымдастыру шығындарын жабуға кетеді. Сондай-ақ еліміздегі марафондардан жиналған қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалатынын айта кету керек. Жарыстардың барлығы өздігінен өткізілмейді. Толыққанды марафон ұйымдастыру үшін Халықаралық марафондар және қашықтықтағы жарыстар қауымдастығы (AIMS) секілді ұйымдардың рұқсатын алу керек. Халықаралық ұйымның сертификаттауынан өткен жарысқа шетелдіктер де тартыла бастайды.
Жалпы, марафон дегеніміз 42 км қашықтықты жүгіріп өтуді білдіреді. Ал марафон ұғымы 490 жылы гректерге Марафон шайқасы кезінде өз әскерлерінің жеңісін хабарлау үшін Марафоннан Афинаға дейін жүгіріп келген грек жауынгерінің батырлығымен байланысты.
Марафон 1896 жылғы заманауи Олимпия ойындарындағы жарыстардың бірі болған. Бір жылдан кейін осы марафоннан шабыт алғандар Бостон марафонын жүгіріп өткен. Осылайша, халық арасында спортшылардың жеңісіне қуанып, оларға еліктеп ұзақ қашықтыққа жүгіруге қызыға бастағандар көбейген. Ал АҚШ-та Олимпиада жүлдегерлері атанған марафоншылардың жеңісі жүгіруге деген ерекше ықыласты оятты. Кейінгі жылдары кез келген мерекеге орай өтетін жарыстардың көбейгені соншалық, «марафонмания» деп те аталған екен. Алғашында тек ерлер ғана жүгіретін жарысқа кейін әйелдер де қосылды. Қазір тіпті мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған да дивизия бар. Мұның барлығы марафонның спорттық жарыс сипатынан асып, әлеуметтік, тіпті экономикалық ықпалы бар ірі іс-шараға айналғанын көрсетеді.
Марафонды жүгіріп не жүріп өтуге болады. Әркім өзінің дайындығына, мақсатына және мүмкіндігіне қарай бейімделуі керек. Әрине, жарысқа қатысамын деушілердің арасында ешқашан ұзақ қашықтыққа жүгіріп көрмеген, дайындығы жоқ, тек осы бір спорттық іс-шараның атмосферасын сезініп, қайырымдылық жасап, трендтен қалмайын дейтіндер баршылық. Десе де, қашықтығына қарай марафонға қатысу үшін арнайы дайындық керек екенін бұл іспен кәсіби айналысып жүргендер жақсы біледі. Кәсіби дегенде олар – кәсіби спортшылар емес, бос уақытын осы спорт түріне арнаған жандар. Олар үшін бұл жай ғана марафон жүгіріп өту емес, бұл – үлкен еңбек пен тер төгіп жеткен жетістік. Сондықтан барлығы жүгіріп жатыр екен деп, 42 км додаға дайындықсыз түсуге әсте болмайды. Қанша жерден салауатты өмір салты дегеніңізбен, мұндай марафондар ағзаға үлкен ауыртпалық түсіреді. Сол себепті де арнайы дайындық керек.
Қазір әлемнің 83 елінде ресми тіркелген 800-ден астам марафон өтеді. Берлин, Бостон, Чикаго, Лондон, Нью-Йорк және Токио марафондарының жеңімпаздары қомақты қаржылай сыйлық алады. Мұны кәдімгі жарыс деуге де болады. Себебі ел аралап, әрбір марафонға қатысу үшін ақшасын, уақытын, еңбегін арнайтындар қаншама.
Ақша демекші, жоғарыда жарысқа тіркелу үшін төлем жасау керегін айтқанбыз. Жарыстың дәрежесі жоғары болған сайын, қатысу үшін төлейтін қаражат та өсе береді. Мәселен, әлемдегі ең ірі әрі беделді Бостон, Берлин марафондары секілді додаларға қатысу үшін шамамен 250-300 доллар немесе біздің ақшамен есептегенде 100-130 мың теңге көлемінде төлеу керек. Ал отандық жарыстардың бағасы 5-10 мың теңге шамасында. Оған дайындықтың, жүгіруге арналған арнайы спорт киімдері мен гаджеттердің бағасын тағы қосыңыз. Одан бөлек, дәстүрлі 42 км-дан артық жүгіргісі келетіндер ультрамарафонға қатысады. Саламатты өмір салтын ұстанамын деген жанға өз қалтасынан осыншама қаражат төлеп не керек? Шотландияның батыс жағалауында 120 мильді қамтитын төрт күндік жарыс бір адамға 15 499 фунт стерлинг (шамамен 9 млн теңге) тұрады екен. Бұл – әлемдегі ең қымбат жарыстың бағасы.
Марафон – сіз бен біз ойлайтындай, бұқаралық спортты насихаттап, халықты саламатты өмір салтына шақыратын қатардағы имидждік іс-шаралардың бірі емес. Бұл – әлем бойынша жылдам дамып келе жатқан спорттық туризмнің бір түрі. Қомақты қаражат жұмсап марафонға қатысу тек хобби емес, өзге елдерге саяхаттаудың ерекше түрі болып шықты. Бұл дәстүрлі туризмнен әлдеқайда қызық. Бір уақытта 50 мыңға дейін адам қатысатын жарыстарды ұйымдастырушылар қаланы да ерекше атмосфераға бөлеп, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлайтыны тағы бар.
Былтыр пандемияға байланысты ірі марафондар өтпеді. Сарапшылар бұл спорттық іс-шаралардың экономикалық әсері орасан зор деген білдірді. Мәселен, Колумбия университеті Спорт менеджменті бағдарламасының академиялық директоры Скотт Рознер ірі қалалар үшін марафон жарналар мен қайырымдылық қорларына пайдадан бөлек, қонақтар санын арттыратынын айтады. Бұл қонақүйлер толып, көшедегі сауда-саттық жанданады деген сөз.
Смит колледжінің спорт экономисі Эндрю Цимбалистің айтуынша, мұндай іс-шаралар Нью-Йоркке ондаған миллион доллар табыс әкелуі мүмкін екен. Қазақстандағы жарыстар да Орталық Азиядағы ең ірі марафонға айналып үлгерген. 2019 жылы Алматы марафонына өзге елдерден келген қатысушылардың саны бойынша рекорд орнағаны хабарланған еді. Қазақстандықтармен бірге жарысқа Қырғызстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Украина, Ұлыбритания, Үндістан, АҚШ секілді 53 елдің азаматтары қатысқан. Ауқымды марафон жарысын өткізу – ірі мегаполис атанудың тағы бір белгісіне айналғандай. Бір жыл үзілістен кейін көптен күткен марафон жарыстары дүние жүзінде қайта өткізіле бастады.
Ірі саяси доданы көлеңкесінде қалдыруға қауқары жететін, халықтың күнделікті тіршілігін ысырып қойып, мыңдаған адамның жүгіруіне мүмкіндік ашатын марафон қатардағы жарыстардан ауқымы мен ықпалы бойынша ерекшеленіп тұрғаны сөзсіз.