Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңес өтіп, онда «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады.
Өз сөзінде Қор басшысы «Самұрық-Қазына» тобы үшін Маңғыстау өңірінің орны ерекше екенін атап көрсетті. Облыстағы 40 кәсіпорын – Қордың еншілес компаниялары. Құйылған инвестициялардың жалпы сомасы 790 млрд теңгеден асып жығылады.
Қазіргі таңда Қор бұл өңірде ірі инвестициялық жобаларды іске асырып жатыр:
Қаражанбас кен орнында суды тұщылау қондырғысының құрылысы; Жаңаөзен қаласында газ өңдеу зауытының құрылысы; Бейнеу-Жаңаөзен газ құбырын күрделі жөндеуден өткізу; Құрық портында паром кешенінің құрылысын аяқтау.2021-2024 жылдары Қор тобымен жалпы құны 674 млрд теңгеден асатын жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ.
Қор бұл өңірде қайырымдылық шараларын жиі өткізеді. Соңғы жылдары денсаулық сақтау, білім беру және спортты дамыту салаларында жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын 16 жоба іске қосылды. Биыл Жаңаөзен қаласында 10 млрд теңгеге бағаланатын заманауи медицина орталығының құрылысы аяқталады.
Бұған қоса спорттық және балалар ойын алаңдары ашылды. Мектеп автобустары мен жедел жәрдем көліктері сатып алынды. Мұнай-газ саласының ардагерлеріне де үнемі көмек көрсетіледі. Жыл соңына дейін Жаңаөзен қаласында спорт кешені жабдықталып, Ақтау қаласында оңалту орталығы есігін айқара ашады.
Әлеуметтік тұрақтылық мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінуде.
«ҚазМұнайГаз» компаниясы және ведомствоаралық комиссиямен еңбек дауларын шешу жолында белсенді жұмыс атқарылып келеді:
Қор жанынан әлеуметтік тұрақтылықтың жедел штабы құрылды; Мердігер компаниялармен келіссөздер жүргізілді; Қызмет көрсету құнын еңбекақыны төмендету есебінен азайтуға жол бермейтін тиімді бірлескен механизмдер әзірленді; Қордың сатып алулар жүйесіне өзгерістер енгізілді.