• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 27 Қыркүйек, 2021

Елордада атпен серуендеуге арналған орталық ашылды

415 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтанда жасыл белдеу аумағында ат спорты кешенінің құрылысы аяқталды. «Туристік маршрут» деп аталатын жаңа нысан (жасыл белдеу аумағындағы атпен жүруге арналған соқпақ жол) қала тұрғындары мен қонақтары үшін ең тартымды орындардың біріне айналады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Енді жұртшылық шаһар маңындағы жасыл белдеуді атпен аралай алады. Орман аумағында қала әкімдігінің бастамасымен жалпы ұзындығы 13,2 шақырым болатын атпен жүруге арналған соқпақ пайдалануға берілді. Жасыл белдеуде атпен серуендегісі келгендер арнайы орынға келіп, белгілі бір уақыт аралығына жылқыны жалға алуы керек. Мұнда оларға атпен серуендеуге арналған қорғаныш киімдері беріліп, қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі.

«Атпен жүруге арналған соқпақта қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз демалысы үшін барлық жағдай қарастырылған. Атап айтсақ, нысан аумағында 5 демалыс аймағы, автотұрақ, модульдік әжетханалар бар. Бейнебақылау камералары да орнатылған. Соқпақта атпен серуендеу қызметі жыл он екі ай көрсетіледі.  Аттарды күтіп-баптау, келушілерге қызмет көрсету бағытында 15 жаңа жұмыс орны ашылды.  Мұнда келушілерге табиғат аясында таза ауада атпен серуендеумен бірге атқа мінуді үйрету қызметі де ұсынылады. Жақында әлеуеттік жоба аясында денсаулығында ақауы барларға арнап, иппотерапия қызметі іске қосылмақ», дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Қыдыр Жиенәлі.

Серуендеуге арналған аттар «Тайтөбе» ауыл шаруашылығы коопертивінің меншігі. Кооператив төрағасы Мұрат Қасымов та туристерге қызметтің ерекше түрін ұсынудағы жоспарымен бөлісті.

«Қазір мұнда 15 ат бар. Олардың қатарын иппотерапияға арналған жылқылармен толықтыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар балаларға арнап понилер әкелеміз.  Аттардың мінезі әрқилы. Сәйкесінше келушілердің арасында да бұрыннан атқа мініп жүргендер немесе енді үйренгісі келетіндер де табылып жатады. Олар арнайы нұсқаушының көмегімен атқа мінуді үйреніп шығады. Сондай-ақ жаз айларында арбаға, қыста шанаға жегуге арналған аттар да бар. Бір сөзбен айтқанда кез-келген талғамдағы тұтынушының көңілінен шығуға барымызды саламыз. Атпен серуендеуден бөлек қоғамдық тамақтану орны, қымызхана да ашамыз», дейді кооператив төрағасы.

Елорданың жасыл белдеуі еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен 1997 жылы қаланы желден қорғау және халықтың өмір сүруі үшін қолайлы климат қалыптастыру мақсатында құрылды.

Бір сөзбен айтқанда, жасыл белдеу аумағы табиғат аясында елорда маңында ат үстінде демалыс өткізгісі келетіндер үшін таптырмас орын болады.

Айта кетейік, «Туристік маршрут» деп аталатын жаңа нысан (жасыл белдеу аумағындағы атпен жүруге арналған соқпақ жол) орналасқан жасыл белдеу – қала қалқаны. Оның аумағында 12,1 млн-нан астам ағаш пен бұта өседі. Сол сияқты мұнда қоян, түлкі, қарсақ, кекілік, қырғауыл және т.б. тіршілік етеді.

Қаланың климаты тым континентті екенін ескерсек, «жасыл белдеу» экологияны айтарлықтай жақсартып қана қоймай, климаттық жағдайды жұмсартуға мүмкіндік береді.