Алматыда жетінші жыл қатарынан үзбей ұйымдастырылып келе жатқан KITAPFEST фестивалі биыл да ерекше форматта өрбіп, білімнен ойазық іздеген оқырманға 5 мың кітап тегін таратылды.
Дәстүрлі кітап мерекесі бұл жолы да рухани қауышу алаңына айналды. Дүкендер мен баспалар өткізген жәрмеңке жұртшылық үшін көптен аңсаған кітабын қолжетімді бағамен алуға мүмкіндік тудырды. Арнайы құрылған «Жазушылар шатырында» жаңа жинақтардың тұсауы кесіліп, жазушы мен оқырман өзара пікір алмасты. Туындылар талданып, туындыгерлер шығармашылық жоспарымен бөлісті.
«Керемет бір кітапты оқи отырып, біз әрқашан «Бұл туындының авторы кім? Оның келбеті қандай? Ол не туралы айтады?» деген ойға қаламыз. Осы жерде автор туралы ғаламтордағы шағын анықтама қызығушылығымызды қанағаттандырмағандықтан, сүйікті жазушымызбен шынайы жүздесу армандарымыздың біріне айналатыны рас. Бүгін осы ойымыз жүзеге асып сүйікті қаламгерлермен кездесіп, әңгімелестік. Шығармаларына қатысты сұрақтарымызды қойдық. Бұл фестивальді жыл сайын асыға күтеміз», дейді С.Асфендияров атындағы Медицина университетінің студенті Аружан Асылбекқызы.
Форум қонақтары Ксения Рогожникова мен Елена Клепикованың шығармашылығы туралы ерекше қызығушылықпен тыңдады. «Карантиндік адамдар» деп аталатын кітап жеңіл тілмен әсерлі жазылған. Ол балаларға карантин кезеңінде өзін қалай ұстау керектігін үйретеді, вирустар деген не және олардан қалай қорғану қажеттігі туралы ақыл-кеңес береді. Осындай таптырмас балалар туындысы қалай жарық көргені туралы авторлар фестиваль барысында айтып берді.
Шараға қатысқан белгілі экобелсенді Ажар Жандосова экологияның қорғаушысы ғана емес, баспагер, жазушы әрі кітапхана еріктісі ретінде Жандосов кентінде Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік емес кітапхананың қалай ашылғаны туралы әңгімелеп берді.
BAURZHAN қоры ұйымдастырған KITAPFEST форумына арнайы келген мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматыда жас оқырмандар саны көбейгенін, бұл үрдіс одан сайын қанат жаюы үшін барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына – кітап. Жоба авторлары кітап мерекесі жыл сайын ауқымын кеңейте беретінін айтады.
АЛМАТЫ