Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаева елдің шығармашыл қауымын қазақ комиксін дамыту ісіне атсалысуға шақырды, хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін біз мемлекеттік тілді одан әрі дамытатын жұмысты қолға алып отырмыз. Нұрсұлтан Назарбаев қорының жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі – мемлекеттік тілді дамыту. Үлкен талдау жүргіздік. Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларға, жасөспірімдерге арнап жасалған қазақ тіліндегі сапалы контент өте аз. Заманауи ертегілер, мультфильмдер жоқ десе де болады. Жас буынға арналған кітаптар, тарихи дүниелер, фильмдер де жоқ. Жалғыз Balapan арнасы жоқ нәрсенің орнын толтыруға тырысып жатыр. Бірақ оның да дамуына үлкен қолдау керек. Оның ішінде әлеуеті зор жеке әріптестердің инвестициясы қажет. Сондықтан біз осындай салмақты шаруаны қолға алып отырмыз», деді Дариға Назарбаева ҚР Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев музейінде өткен «Ұлы дала аңызы» атты қазақ комикстерінің тұсаукесерінде.
Оның айтуынша, қалалы ортада өсіп жатқан, урбанизацияға ұшыраған балаларға мемлекеттік тілді үйрету оңай емес.
«Үйімізде қазақша сөйлесіп, балаларымызды қазақша балабақшаларға, қазақ сыныптары мен мектептеріне беріп жатамыз. Бірақ білім ошағы мен үйден тыс жерде орыс тілінің үлесі әлі де басым. Тілі қазақша шыққан балалар орыс тілін өте тез меңгеріп кетіп жатыр. Уақыттың шындығы осы болып тұр. Қазақ тілі жас буынның тілі болып қалыптасуы үшін орта керек. Ол орта балалардың ана тіліне деген қызығушылығын тереңнен қозғап, сүйіспеншілік қалыптастыру керек. Балалар үшін тілдік орта деген бірінші кезекте кітаптар болуы тиіс. Қазір балалар кітап оқымайды деп жиі айтылады. Мен онымен келіспеймін», деді қор директоры.
«Бізге балаларға арналған мультипликациялар, бағдарламалар, фестивальдер, қазақ анимациясын дамытуға инвестиция керек. Біз бұл істі комикстерден бастауды жөн көрдік. Ол комикстердің бастауында ұлттық көне аңыздар мен тарихи шығармалар тұр. Енді осыларды толықтырып, жалғастыру үшін талантты адамдарды ортақ іске атсалысуға шақырамыз. Ол адамдардың бізге жаңа, заманауи, соңы жақсылықпен түйінделетін, баланың санасына әділдік пен ізгілік, мейірім мен сұлулық, шынайы махаббат әрдайым жеңетініне сендіре алатын ертегілер әкелуі керек. Бүгінгі көрме осы үлкен істің бастауы ғана», деп қосты Дариға Назарбаева.