Ғаламтордағы ғаламат технологиялар дәстүрлі медианы ығыстыра бастады десек те, телеарна ұрпақ тәрбиесіндегі қуатты құрал болып қала бермек. Көкжәшіктен көргені мен көңілге түйгені көп кішкентай көрерменнің келешегі де кемел.
Тәуелсіздігіміздің төл бесігі – ару Алматының тыныс-тіршілігі тұтас ел тұрғындарының көңіл күйіне тікелей әсер етеді. Себебі миллиондар тоғысқан мегаполис әркімнің өмірінде өзінше із қалдырып, өрнегін салған. Жуырда ғана екі миллионыншы тұрғыны өмірге келіп, аумағы артқан алып шаһар айшықтарын көрерменмен қауыштыратын «Алматы» телеарнасы жаңа маусымын ашты. Ұлт руханиятының ұясынан хабар тарататын медиаұжым тәуелсіздіктің мерейлі белесінде көрерменді қандай жаңалығымен қуантпақ? Әріптес ретінде жаңа маусымның ашылу салтанатына куә болып, көңілге ұялаған бірер жобаға тоқталып өтуді жөн санадық.
Тарихты таразылайтын тұлғалар дейтін болсақ, олардың өмір-өнегесі тұнып тұрған тағылым. Қазақ халқының адал перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловқа арналған «Қызыл жебе» деректі фильмдер топтамасы осы ойымызды қуаттай түсті. Халқының азаттығын аңсаған ғибратты ғұмыр иесінің қайраткерлік жолы, қоғамдық-саяси өмірдегі өткір ұстанымы арқау болған туынды көрерменге Тұрар тағдырынан сыр шертеді. Сценарийі Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романының желісімен жазылған жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен түсіріліпті. Он бөлімнен тұратын бұл фильмде Тұрардың балалық шағы, азамат атанған кезі және Түрксіб темір жолын салуда атқарған еңбектері қамтылған. Фильм Тұрар Рысқұлов жайлы бұған дейін айтылмай келген тың дүниелерді қамтуымен құнды. Әсіресе, Түркістан мемлекетін құру жолында Тұрардың Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқаймен кездескен сәттері картинада әсерлі бейнеленген. Туындының басты мәйегі алашордашылар мен Түркістан идеясының авторлары екіұдай пікірде болса да, түптеп келгенде ұлтының бақытты болашағын көксегендігі, оларды біріктіретін ортақ мұрат ел тұтастығы екенін көрсетуінде деп түйдік.
– Фильмді түсіру барысында Тұрардың әкесі Рысқұлды да қамтыдық. Өйткені Рысқұлсыз Тұрар жоқ. Әкесінің қуғындалуы және Тұрардың бірге түрмеге түсуі де көрініс табады. Тұрарға әкесінің «арың мен көйлегіңнің жағасын кірлетпе» деп айтқан сөзі бар. Сондықтан Тұрар өзін жоғары ұстауы, ардың және жан тазалығына үлкен мән бергені сол әкесінен дарыған қасиет деп көрсеттік. Сондай-ақ Шерхан Мұртаза ағамыздың бейнесі де фильмде көрініс береді. 1970 жылдың аяғы 1980 жылдардың басында Шерағаңа «Рыскуловчина» деп тиіскен. Яғни оның жазушы, сыншылармен арадағы шиеленісті сәттері де осы фильмде айтылады. «Қызыл жебе» Кеңес өкіметінің идеологиясы еді ғой дегендер де болды. Біздің ойымызша, бұл жерде «Қызыл жебе» деп отырғанымыз Тұрардың өзі. Шерағаң жылқы арқылы Тұрардың образын берген, яғни ол Қызыл жебедей ағып өтті. Тұрар түрмеде жатқанда оған ылғи Қызыл жебе келеді. Ал атар алдында қызыл жебе одан кетеді. Елес болып, тастап кеткенде Рысқұлов өзінің өлетінін түсінеді. Сондықтан «Қызыл жебе» оның рухы, ұстанымы, – дейді фильмнің бас продюсері Ілияс Ысқақов.
Кинокартинада Тұрар Рысқұловтың рөлін – Сырым Қашқабаев, әкесі Рысқұлды – Еркебұлан Дайыров, Шерхан Мұртаза рөлін – Алдабек Шалбаев сомдаған. Жобаның жетекшісі әрі идея авторы – Нұржан Мұхаммеджанова.
Жаңа маусымның тағы бір жарқын жобасы ретінде Тәуелсіздік жетістіктерін насихаттаған «Бақыттымын өзіңмен» драмасын атауға болады. Романтика әрі комедия элементтері өзара жымдасқан телехикая бір қаладағы бірнеше кейіпкердің өмірі арқылы Қазақстанның 30 жылдық дамуын, қиын-қыстау кезеңдерін, тұрғындар көңіліндегі махаббат пен үміт сезімдерін сипаттайды. Егемендіктің еңселену тарихын бедерлеген «Алматы: Тәуелсіздік белестері» деректі фильмінің де көрерменге берері көп. Мұнда белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, педагогтер мен қоғам белсенділері мемлекеттің қалыптасуындағы қызықты деректермен бөліседі.
«Қазіргі кезде телеарна – әркімнің ойын түзейтін, бойын түзейтін, соған әсер етіп жол сілтейтін ақпараттық деректердің нақты әрі шынайы көзі десек артық болмас. Біздің телеарнамыз Алматының бары мен жоғын бағамдап, атқарылып жатқан ауқымды жұмысты халыққа жүйелеп түсіндіріп келеді. Алматы – ұлыларымыздың із қалған қасиетті де қастерлі қала. Жобалардың бәрінде адамды арман биігіне жетелей жөнелетін өмір жыры, көңіл сыры нәзік сезіммен жымдасып, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруді көздейді. Алдымызда үлкен жоспарлар бар. Мәртебелі көрермен оның бәрін телеэкраннан тамашалап, бағасын бере жатар», дейді «Алматы» телеарнасының басшысы Нұржан Жалауқызы.
Экранда адамзат тарихын қанмен айғыздаған соғыс картиналары, жаһан жұртын тығырыққа тіреген пандемия, асқар биікке қол созған Алматының бүгінгі жарқын келбеті, жаңалыққа ұмтылған жастардың арман-мақсаты, ұлы тұлғаларымыздың өмір өнегесі, мейірімге сусағандардың жан жылуы, мемлекет қолдауымен өз кәсібін өрге дөңгелеткен аналардың қуанышы, күнделікті тіршілік тынысы бәрі-бәрі көрсетіледі. Телеөнімдер дәуір айнасы десек, уақыт үніне сай ауқымын кеңейтіп көрермен көзайымына айналып отырған арнаға мол табыс тілеп, кең тынысты жобалары көбейе берсе дейміз.