Түнеугүні Күршім өңірінің тұрғыны лайланып, майланып кеткен Қалжыр өзеніне қарап отырып, «бүйте берсе, балықты қойып, халық та қалмайды» деген-тұғын. Онсыз да шекара шебіндегі Марқакөл өңірі жалаңаштанып кетті. Қойы қоздап, ботасы боздап жатқан ауылдар жоқ. Енді келіп, алтын іздегендер жер-ананың ойранын шығарған.
Шыдамы таусылған халық алпауыт кәсіпорындарға қарсы шықты. Күні кеше Қалжыр өзенінің лайланып жатқанын назарға алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне аталған проблеманы егжей-тегжей тексеріп, кінәлі- лерді жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берді.
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, орманның оталып, өзен суының лайланып жатқаны Қалжырмен қатар, Күршім ауданының ішкі жағындағы Маралды, жойылып кеткен Алтай ауылдарына да тән. «Елім, жерім» деген азаматтардың жанайқайлары құзырлы органдарға жетсе екен деп бір топ БАҚ өкілдері түу түкпірдегі Маралдыға арнайы барып, мәселенің мән-жайымен егжей-тегжей таныстық, ауылдықтардың мұңын тыңдадық. Орайы келіп, алтын қазып жүрген кәсіпорын басшыларымен де сөйлестік. «Қазып» дегеніміз бергі жағы. Орманы оталған, өзені суалған. Суында балық түгілі, бақа жоқ. Бара-бара тұрғындары да табан аудара ма деген қауіп бар. Онсыз да Маралдыда 500-ден астам ғана халық қалған. Күнкөріс көзі баяғы мал болғандықтан, жайылым мен шабындықтары тарылып кетті. Енді ертеңгі күндеріне алаңдап отыр. Жерімізге ие болмасақ, өскелең ұрпаққа қай бетімізбен қараймыз деседі. Себебі алтын іздегендер, керегін алып, орнын қайта қалпына келтірмейді. Мұндайда қазақ «асын ішіп, таяғын теуіп кетті» дейтін. Дәл солай болып тұр.
Ал құқық қорғау органдары қурап қалған ағашты кесіп, өзенге қармақ салған қарапайым ауыл тұрғындарын жазалауға шебер. Алтын қазғыштар заңды белден басып, табиғатты тас-талқан етсе де ләм дей алмайды. Неге?
Есесіне, маралдылықтардан маза кетті. Жалпы Күршім ауданының проблемалары шаш етектен. Облыстағы шекаралық ауылдарды дамыту бағдарламасының басы дардай, аяғы қылдай болды. Дәл қазіргі таңда халық Маралды мен Қалжырдың тұмса табиғатын сақтап қалғылары келеді. Алтынға ортақтасайық деген олар жоқ. Анықталғандай, Қалжыр өзеніндегі зиянды заттар 17 есеге артқан.
– Көретін көз, еститін құлақ болса, зар-мұңымызды тыңдасын деп сіздерді шақырдық. Осы уақытқа дейін бала-шағамызды малмен асырап келген едік. Енді міне, шабындықтың асты үстіне шығып жатыр. Алтын іздегендер қоймады. Ертең фабрика саламыз депті. Өйтсе, жүздеген гектар жеріміз құриды. Оның үстіне, ауылдағы екінің бірі обыр ауруына шалдыққан. Жастардың өзінде денсаулық жоқ. Бізге керегі – табиғат, елдің амандығы. Қазір лайланып аққан бұлақ өзенге құяды, арғы жағынан Бурабай, Теректі бұлақ арқылы Ертіске қосылады. Енді ойлаңыз, балықтан не қалды?! Жайқалып тұрған орман-тоғай қураған. Жолымыз ол, қия бет, шағыл тас. Интернеттің игілігін де көріп отырған жоқпыз. Аудан әкіміне айттық. Құрғақ уәдеден басқа түк жоқ. Ал фабрика керек емес бізге, – дейді зейнеткер Мейіржан Итжанов.
Сүрең тартқан ауылдарға қарап, Шерағаңның «Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз» деген сөзі еріксіз еске түсті. Дөп айтылған. Егемендігімізге отыз жыл толса да, өміршеңдігін жоғалтпай келе жатқан сөз. Өкініштісі де сол. Табанның асты алтын болғанымен, титтей пайдасын көріп отырған халық жоқ.
Алтын іздеушілердің жұмыстары заңға сәйкес жүргізіліп жатыр дегенімен, ауылдықтар гектар-гектар жердің қазылуына қарсы. Себебі алтын шыққан жерде уран бар деседі. Оның үстіне компания жұмысшылары қазған жерге рекультивация жасамайды. Яғни жерді қайта қалпына келтірмейді деген сөз. Неге десеңіз, елдегі коронавирустың таралуына байланысты жұмыстарды жалғастырып үлгермеген-мыс. Жұмысы жүрмегендерге пандемия сылтау болды.
– Біз 2015 жылдан бері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жасасқан келісімшарт негізінде кен қазып жатырмыз. Осыған дейін зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Ешкім қарсылық білдірген жоқ. Округ әкімінің жинауымен қоғамдық тыңдау өткен. Бәрі келіскен. Компаниямыз Маралды ауылында тіркелгендіктен, жол салу, дәрі-дәрмек, отын-көмір жеткізу бойынша көмектесіп отырамыз. Салықты уақтылы төлейміз, – дейді «Maralikha» Тау-кен компаниясы» ЖШС басшысы Ануар Рахимов.
Алайда ауылдықтардың пікірінше, компанияның шапағатын көріп жатқан- дары шамалы. Керісінше зиян шегіп отыр. Алтын шаюшылар ауылдың бас жағындағы бұлақтың суын арнайы қазылған шұңқырға бұрып алып, су толтырған. Сөйтіп, техника арқылы жиналған сумен кенді шайып, алтынын алады. Қалдық су болса, қайта қазаншұңқырға төгіледі. Сұрақ: химиялық заттарды шайқаған судың құрамы өзгеріп, жерге сіңбей ме? Жерасты сулары арқылы өзен-көлдерді уламай ма? Бұл сауалға Экология департаменті жауап беруі керек еді.
– Кенді ашық тасымалдайды. Алтын бар жерде уранның бары бесенеден белгілі. Оның зияны айтпасақ та түсінікті, – дейді ауыл азаматы Құрмет Қасайынов.
Айтпақшы, қазба жұмыстарын жүргізу үшін ауылдықтардың басын қосып, қоғамдық тыңдау жүргізбеген. Жо-жоқ, жиналыс болыпты. Алайда 500 тұрғынның бесеуі ғана қатысқан. Ол жөніндегі бір парақ қағазды көзіміз шалып қалды. Түсінгеніміз, бесеудің пікірі ауылдықтардың тағдырын шеше салған секілді.
«Маралиха» ЖШС-нің бас геологы Оңғар Сейітқазиннің айтуынша, жобаны мемлекеттік мекемелердің мамандары бекітіпті. Содан бері бес жылға жуық Маралдының төңірегінде зерттеу жұмыстары жүргізілген. Зерттеуге бола ат шаптырым жерлер бүлінсе, қазба жұмыстары толығымен басталғанда қалай болмақ?! Елестетудің өзі қорқынышты. Табиғаттан түк қалмайтын сияқты.
Кешегі Қалжырдағы мәселе дәл осы Маралды ауылында да бар. Президенттен тапсырма алған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс басшылығы Күршімнің ішкі жағындағы ауылдарға да көз қырын салса екен. Жоғарыдағы басшылар назар аудармаса, аудан көлемінде шешіле қоятын мәселе емес бұл.