• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қыркүйек, 2021

Қолөнерге қызығушылық артып келеді

975 рет
көрсетілді

Халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қолөнері қайта жанданып, кемел қалпына келе ме деген үміт бар. Қызығушылар да аз емес. Ынтасы барларды үйіріп алып, өнердің қыр-сырын үйретуге де даңғыл жол ашылып отыр.

Облыс орталығындағы «Болашақ» сарайында сәндік-қол­данбалы қол­өнер үйір­месі ашылды. Жас жет­­кін­шектер бейнеті бес батпан болғанымен, берекесі мол қол­өнерді жақ­сылап мең­геруге ұмтылуда. Діңін дерт шалмаған, сау ағаштың кесінділерінен көңілі қалаған бұйымды бейнелеп ойып шығарып үй­ренуде. Кейін оны жалынмен жала­тып, отпен күйдіру арқылы көркемдейді. Ұзақ уақытты, зор шы­дам­дылықты қажет ететін осы өнер­ді үйренемін деген адамның бойында табиғи ептілік, қарымды қабі­летпен қоса, темірдей төзім де болуы керек екен.

– Шеберхана алты бағытта жұ­мыс істейді. Негізінен 10-20 жас ара­лығындағы жастар тәрбиеленуде. Биыл стэнд моделизмі атты жаңа үйірме ашылды, – дейді үйірме жетекшісі Олжас Ахметов. – Сабақтар апта бойы өткізіледі. Балалардың қызығушылығы соншалықты, тіпті демалыс күндері де бас алмай жұмыс істей береді.

Уақыт өткен сайын жас шеберлердің бұйымдары көркемделіп келеді. Өткен World Skills байқауында жүлделі орынға ие болыпты. Шеге қаға алмайтын бозбала, ине сабақтай алмайтын бойжеткен көбейген заманда қолөнер сыры көкірегін жылытқан, шеберлікке ынтызар жастардың қатарының көбеюі құптарлық-ақ қадам.

 

Көкшетау