Электрондық еңбек биржасында ХЖҚО қызметтерін қашықтан көрсету мүмкіндіктері кеңейтілді, деп жазады Egemen.kz.
«Электрондық еңбек биржасында пайдаланушыларға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын жобалар бойынша бос орындар қолжетімді болды: «Ұрпақтар келісімшарты» (кейіннен тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналаса отырып, бастапқы тәжірибе алу үшін) және «Бірінші жұмыс орны» (білімі және жұмыс тәжірибесі жоқ жастар үшін)», деп жазады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бұдан басқа, ЭЕБ-тегі жеке кабинетте қазақстандықтар жұмыс іздеп жүрген адам немесе жұмыссыз ретінде есепке тұра алады. Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алуға өтінім береді. Сондай-ақ мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарынан (жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар және әлеуметтік жұмыс орындары) бос орын таңдай алады.
Жыл басынан бері 102 мыңнан астам азамат еңбек биржасы арқылы мемлекеттік қызметтерді пайдаланды, оның ішінде 88 мыңы жұмыссыз мәртебесін алды. Жалпы, 47,8 мың азамат жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 24,4 мыңы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналастырылды. 12,2 мың қазақстандыққа жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер тағайындалды.
Бұдан басқа, ЭЕБ-те ерікті түрде қоныс аудару бойынша консультациялық қызмет алу сервисі жұмыс істейді. Азаматтар интерактивті картада әлеуетті қоныс аудару өңірінің ақпаратын көре алады, сондай-ақ нақты ауылда/ауылдық округте инфрақұрылыммен, қабылдау квотасымен және бос жұмыс орындарымен таныса алады. Консультацияға өтінім берген кезде жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері өтініш берушімен телефон арқылы хабарласады және әлеуетті қоныс аударушыны қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап береді.
Сонымен қатар, осы жылдың шілде айынан бастап электрондық еңбек биржасында «Enbek Skills» платформасында қазақстандықтар қажетті дағды бойынша қысқа мерзімді оқытудан өтіп, түйіндемеде автоматты түрде тіркелетін дағдыны иелену туралы сертификат ала алады. Қазіргі таңда 100-ден астам автор сайтқа өзінің оқу курсын орналастырды. Бүгінде 3,6 мыңнан астам адам оқудан өтіп, сертификат алды.
Қазан айында ЭЕБ-те жұмыс берушілер үшін халықты жұмыспен қамту орталығына бармай-ақ мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын ашу бойынша функционалды іске асыру жоспарланған.