• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қыркүйек, 2021

Әлеуметтік саясаттың әлпеті – Әлеуметтік кодекс

1511 рет
көрсетілді

Қай мемлекеттің болсын жемісі мен жеңісі түптеп келгенде тұрғындардың әл-ауқатымен, елдің ұстанған әлеуметтік саясатымен бағаланатыны анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс екенін пайымдай келіп, елімізде Әлеуметтік кодекс әзірленіп жатқанын айтқан болатын.

Аталған кодексті әзірлеу туралы бастаманы Президент 2020 жылы көтеріп, бұған жа­уапты органдарға тиісті тапсырма жүктеген еді. Президенттің былтырғы Жол­дауында: «Жалпы, бізге әлеуметтік сая­саттың жаңа парадигмасы керек. Әлеу­меттік қамтамасыз ету саласы 17 заң­мен және заңға сәйкес ондаған актімен рет­теледі. Бұл реттеу ісінің күрделенуіне және жү­йе­сіз­ді­гіне әкеліп соқтырды. Соның сал­­дары­нан мем­лекет жауапкерші­лігі айқын­дал­май, азамат­тар өз құқық­тарын жете түсін­бей жүр. Үкі­мет­ке еліміздің Әлеуметтік кодек­сін әзірлеу жұмы­сын бастау­ды тапсырамын», деген болатын.

Арада бір айдан астам уақыт өткенде Мемлекет басшысы Ре­фор­­малар жөніндегі жоғары ке­ңес­­тің бірінші отыры­сында әлеу­­меттік саланы қайта жаң­ғырту­­ға ар­найы топ жұ­мыл­дыры­ла­ты­нын жеткізді.

Ол өзінің тіке­лей тап­­сыр­­масымен Қазақстан үшін мүл­де жаңа құжат, атап айтқанда, Әлеу­­мет­тік кодекстің әзірленіп жат­­қа­нына тоқталды. «Шын мә­­нін­­де, бұл құжат жекеле­ген адам мен мемлекет ара­сын­да­ғы қа­­­рым-қатынасты жүйе­леу­ге, олар­­­­дың өзара міндет­те­ме­лерін ай­қын­­­дауға, сондай-ақ қа­зақ­стан­­дық­тарға берілетін төмен­гі әлеу­­мет­тік кепілдіктерді нақты­лауға ар­­налған. Яғни құжатта аза­мат­­тар­­дың балабақшаға барған­нан зей­­нет­ке шыққанға дейінгі өмірі то­лық қамтылған», деді Президент.

Кодекс әзірленбес бұрын оның тұжырымдамасы қол­ға алы­­на­тыны анық. Бұл ж­ұмысты ат­қаруға Еңбек және халық­ты әлеу­меттік қорғау министр­лігі­мен, сарапшылармен қатар, Стра­тегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің де үлес қос­қаны белгілі. Аталған ве­домс­твоның төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, жобаны әзірлеу барысында агент­тік тарапынан Әлеуметтік кодекс­тің әлеуметтік дәрежесіне қара­мастан, Қазақстан азаматтары­ның барлығына әсер ету саласын кеңейту, Әлеуметтік кодекс­тің жал­пы бөліміне адамның база­лық әлеуметтік құқықтары мен міндеттерін реттейтін нормаларды, соның ішінде минималды әлеуметтік стандарттарды қосу, әлеуметтік саладағы заманауи трендтер мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, минималды әлеуметтік стандарттарды қайта қарау және өзектілендіру мәселелеріне қатысты маңызды үш позиция ұсынылды.

«Аталған үш позицияның да қол­дау тапқанын ерекше атап өт­кім келеді. Оған қоса, біз мә­­­се­лелерге алдын ала талдау жа­сап, халықаралық тәжір­бие­ні зерттедік. ХҚР, ЕҚҚДБ, Бү­кіл­­әлем­дік банк, БЭФ, ММУ, Гар­вард сараптамаларын қарас­тыр­дық. Біз бес блоктан тұратын ұсыныс білдірдік: ғылым саласында, қолжетімді баспананы дамы­ту жөнінде, «Дипломмен – ауыл­ға!» жобасы, «Серпін» жоба­сы және жұмыспен қамту бойын­ша», деді Қ.Келімбетов. Әзірленген Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасының жобасы алдымен «Ашық деректер» порталында орналастырылды.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Серік Шәпкенов Сенаттың Әлеумет­тік-мәдени даму және ғылым коми­тетінің отырысында депутаттар­ға Әлеуметтік кодексті әзірлеу жұмысының барысы туралы баяндады. Осылайша, аталған кодексті әзірлеу барысында Мәжіліс пен Сенат депутаттарын қоса алғанда, жүзден астам сарапшының басын біріктірген жұмыс тобы құрылды. Со­ның нәтижесінде 30-дан астам заң­намалық және 150 заңға тәуел­ді акт зерделенді. Халық пен қо­ғам­дық бірлестіктерден келіп түс­кен 500-ге жуық ұсыныс қаралды.

«Қазіргі уақытта қазақстан­дықтарға әлеуметтік қамсыздан­дыру шараларының кең спектрі беріледі. Олар 1 Кодекспен, 16 заңмен және 100-ден астам заңға тәуелді актімен реттеледі. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – халықтың түсінігін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатта шоғырландыру. Кодексті қабылдау нормативтік-құқықтық актілерді баяндаудың бірыңғай стилін қамтамасыз етеді. Бұл әлеуметтік қамсыздан­дыру саласындағы бірқатар заңның 90-жылдардың басында қабылдануына, содан бері НҚА-ны әзірлеу тәсілдері­нің айтар­лықтай өзгергеніне бай­ланыс­ты. Бұдан басқа, Кодекс шең­берінде азаматтардың әлеу­меттік құқықтарын жүйелеу жұ­мысы іске асырылады – бір құжат­та адам өмірінің барлық сала­сында туындайтын базалық құ­қықтар, соның ішінде ең төмен­гі әлеуметтік стандарттар көрсе­тілетін болады», деді министр.

Комитет отырысында С.Шәп­кенов Батыс Еуропаның кей­бір ел­дерінде (Англия, Италия, Бельгия) әлеуметтік кодекстер жоқ екенін атап өткен болатын. Бұл мемлекеттер халықаралық қоғамдастықтың актілерін, атап айтқанда Еуропа Кеңесінің акті­лерін басшылыққа алады. Соған қарамастан, Германияда, Фран­цияда, Швецияда, Ауст­рия­да, Үндістанда және тағы басқа ел­дер­де әлеуметтік кодекс­тер, сон­дай-ақ әлеуметтік қамсыз­дан­дыру кодекстері қабыл­данды. Сонымен қатар шет мем­­ле­кет­тер­дің әлеуметтік кодекс­тері­мен рет­телетін мәсе­­лел­ер ауқы­мы аса кең. Мәсе­лен, Фран­ция­да бұл құ­жат жұмыс­сыздық мәсе­ле­лерін рет­темейді. Ал Үнді­стан­да – көп бөлігі Еуропа ел­дері­нің әлеу­мет­тік кодекс­тері­мен реттел­мей­тін еңбек қатынас­тарына арналған.

«Халықаралық тәжірибені ескере отырып, Әлеуметтік кодексте мынадай қағидаттарды бекіту ұсынылады: мұқтаждықты ескере отырып, әлеуметтік көмек көр­сетудің атаулылығы мен сара­ланған тәсілі, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу және ескерту; экономикалық ресурс­тар мен әлеуметтік саясат мін­дет­терінің мөлшерлестігі, мем­лекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкер­шілігі, әлеуметтік саясаттың ин­клю­зивтілігі, әлеуметтік қор­ғау­дың құпиялылығы және ха­лық­аралық стандарттарға сәйкес­тігі», деді С.Шәпкенов.

Ведомство басшысының айтуынша, жұмыс тобы екі – жалпы және ерекше бөліктен тұратын Кодекс жасауды ұсынды. Жал­пы бөлікте мемлекет пен азамат арасындағы әлеуметтік қа­ты­нас­тарды олардың өзара мін­дет­­темелерін нақты айқындай оты­­рып, құқықтық реттеудің негіз­­дері белгіленеді. Ерекше бөлік әлеуметтік тәуекелдердің жеке­леген түрлеріне арналған. Онда әлеуметтік тәуекелдерге ден қою шаралары, әлеуметтік кө­мек алушылардың санаттары, тө­лем­дердің мөлшері, оны та­ға­йын­дау шарттары мен мер­зім­дері айқындалады. Сондай-ақ әлеу­меттік қызметкерлер мен әлеу­меттік институттардың құ­қық­тық мәртебесі регламенттелмек.

Әлеуметтік кодекс әзір бол­ма­ғанымен, оның тұжырым­дама­сы бар. Бұл тұжырымдамада әлеу­меттік құқықтар мен кепілдіктерді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту (азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, мұқтаж отбасыларды әлеу­меттік сүйемелдеу институтын дамыту, құқықтар мен кепіл­­діктердің қамтамасыз етілуін бақылау жөніндегі әлеу­меттік инспекторларды енгізу, ха­лықтың әлеуметтік әл-ауқат индексін енгізу) мәсе­лесі көз­делген. Сонымен қатар аза­мат­тарды әлеуметтік қолдауды жаң­ғырту (Әлеуметтік қамсыз­дан­­дырудың халықаралық ең төмен­гі нормаларынан кем емес дең­гейде әлеуметтік тө­лем­дер­ді қам­тамасыз ету, сырқат­та­ну кезінде жұмыс істейтін аза­­мат­­тардың әлеуметтік қор­ғалуын арттыру, әлеуметтік қыз­меттер­ді жан басына шаққан­дағы қаржыландыруды енгізу, демографиялық трендтерді ескере отырып, зейнетақы жү­йе­сінің тиімділігін арттыру) мәсе­лелері де назарға алынған.

Бұдан бөлек, әлеуметтік стан­­дарттарды ұсынудың инте­гра­­цияланған моделін енгізу («Цифр­­лық әлеуметтік картаны» енгізу, отбасылардың мұқтаждық жағ­дайынан шығуын ынталандыру, әлеуметтік саланың бағыт­тары бойынша алдын алу шара­­­­ларын қабылдау) де жоспарланып 

отыр. Сонымен қатар мемлекеттік қыз­­­­мет­терді трансформациялау және реинжинирингтеу (өті­ніш беруден проактивті қыз­мет көр­сетуге көшу, мүгедек адамдарды сырттай куәландыру, атау­лы әлеуметтік көмек көрсету про­цестерін автоматтандыру, «әлеу­меттік әмиянды» кезең-кезеңі­мен енгізу) жұмысы да қолға алынбақ.

Бұл аз десеңіз, әлеуметтік инс­­титуттарды реформалау көз­деледі. Яғни зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөнін­дегі функцияларды бере оты­­рып, Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тандыру қоры базасында Мем­лекеттік әлеуметтік қор құру, әлеу­меттік саланың қаржылық ағы­нын шоғырландыру мәселесі қаралып жатыр.

«Келешекте Әлеуметтік ко­дексті қабылдау – азамат­тар­дың өз әлеуметтік құқықтары мен міндеттері туралы бірың­ғай білім көзін құруға, халық­тың әлеу­меттік әл-ауқатының авто­мат­тандырылған монито­рингін жүргізуге, әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктерді қам­тамасыз ету бойынша ал­дын алу шарала­рын қабыл­дауға, мемлекеттік қызмет­терді электронды және проактивті форматта көрсетуге, азамат­тары­мыздың әлеуметтік қорғалуы мен өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», дейді министр.

P.S. Жолдауда жүктелген тап­сырмалардың басым бөлігі жыл көлемінде орындалатыны анық. Ендеше, Әлеуметтік кодексті де желтоқсанға жет­кіз­бей қабылдап алған жөн болар еді. Мемлекет басшысы айтып өткендей, бұл құжат ең алдымен мемлекеттің жауапкершілігін айқындап, азаматтардың өз құқықтарын жете түсінуі үшін қажет.