Еліміз Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бірқатар тауарды таңбалауды енгізгені белгілі. Мамандардың пікірінше, тауарларды таңбалаудың артықшылығы көп. Бұл бір жағынан цифрлы экономиканы дамытуға ықпал етсе, екінші жағынан «көлеңкелі» экономиканың үлесін қысқартып, нарықтағы заңсыз әрі сапасыз өнімнің айналымын азайтады.
Тауарларды цифрлы таңбалау әлемнің көптеген мемлекетінде қалыпты құбылысқа айналғалы қашан. Таңбалауды ертеден енгізген елдердің тәжірибесі бұл жүйенің өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді екенін көрсеткен. Айталық, Еуропалық одақ елдерінде цифрлы таңбалау арқылы тауарларды қадағалаудың арқасында бес жылдың ішінде контрабандалық өнім айналымы 30%-ға төмендеген. Америкада дәрі-дәрмектерді таңбалау өнімді қайтарып алу процесін 3 күннен 10 секундқа дейін жылдамдатуға мүмкіндік берген.
Қазақстандық мамандар да таңбалаудың тиімді тұсы көп екенін айтып отыр. Елдегі цифрлы таңбалау процесін үйлестіруші мемлекеттік орган – Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін «көлеңкелі» айналым үлесі едәуір төмендейді. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп нарығында жалпы айналымның 63%-ы, аяқ киім нарығының 48,5%-ы, алкоголь нарығының 25%-ы, фармацевтика саласының 12%-ы «көлеңкелі» айналымнан тазарады. Осылайша, тауарлардың көлеңкелі айналымын 70-80%-ға қысқарту адал өндірушілер мен импорттаушылар үшін сатылым нарығын шамамен 900 млрд теңге сомасында арттыруға мүмкіндік бермек. «Адал бизнестің кірісі 11,3%-ға артады, бұл ретте өндірушілердің тауарларды таңбалауға арналған жабдыққа жұмсалатын бір жолғы шығындары жылдық түсім сомасының 0,5-тен 0,9%-н құрайды. Сөйтіп, таңбалаудың нәтижесінде адал бәсекелестіктің ауқымы артып, бизнесін дұрыс жолмен жүргізіп отырған кәсіпкерлердің кірісі жылына орта есеппен 10%-ға ұлғаяды. Соған сәйкес ел қазынасына салық түрінде түсетін кіріс жылына 100 млрд теңгеге көбейеді деген болжам бар» делінген министрліктің мәліметінде. Ал әлемдік талдау агенттіктерінің деректері бойынша тауарларды міндетті таңбалауды енгізу тауар нарықтарын «ақтау» үшін триггер болып саналады және тауарлардың көлеңкелі айналымын 70-80%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті департаментінің директоры Бақытгүл Қазақпаева тауар таңбаланса, оның елімізге жеткізілу тізбегін бақылап, қайдан шыққаны, кім өндіргені, қандай жолмен сақталғаны жөнінде және өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі туралы толыққанды ақпарат алуға болатынын айтады. «Тауарларға цифрлы код беріледі. Бұл код ілеспе құжаттардың бәрінде көрсетіледі. Осы таңба арқылы тұтынушы да тауар туралы мәліметтерді, оның жарамдылық мерзімін, өндірілу уақытын көре алады. Ал тауарға тапсырыс берген кәсіпкерлер өнімнің тура өндірушіден келгеніне көз жеткізіп, контрабандалық тауарлардан бизнесін қорғай алады. Бұл жүйе тұтынушыға да, сатушыға да тиімді деп отырғанымыз сондықтан» дейді Б.Қазақпаева.
Ал Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің мамандары таңбалау жүйесін енгізу IT-нарығын, қаптама, жабдық өндірушілер үшін сервистерді дамытуға ықпал етеді, дейді. Таңбасы қойылған, тиісті органдарда ресми тіркелген, тексеруден өткен тауарлар адамның өмірі мен денсаулығына да қауіпті емес. Мәселен, кейде тұтынушылар дүкеннен, сауда үйлерінен тағам өнімін сатып алған кезде түрі өзгерген, дәмі бұзылған, көгерген, ашыған өнімдерге тап болып жатады. Ондай тауарлардың жарамдылық мерзімінен де мін таба алмайсыз. Неге? Өйткені тауары өтпеген кезде жарамдылық мерзімін қолдан «ұзартып» қоятын «қулар» аз емес. Ал тауар таңбаланған кезде мұндай қулықтың жолы бөгеледі. Өйткені тауар таңбаланғанда қойылатын цифрлы код – қолдан жасау мүмкін емес тауардың төлқұжаты. DataMatrix коды тауардың барлық жолын: өндірген зауыттан бастап, тұтынушыға жеткізілгенге дейінгі тізбекті бақылауға мүмкіндік беріп қана қоймай, мерзімі өткен тауарлардың кассалық шығарылуын блоктап тастайды, ал дүкендер мен дистрибьюторлар сандық кодтағы жарамдылық мерзімі туралы ақпаратты мүлде өзгерте алмайды. Тұтынушы болса, арнайы құрылған Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы өнімнің құрамы, жарамдылық мерзімі туралы деректермен танысып, қосымшаның көмегімен өндірушіге және мемлекеттік органдарға бұзушылықтар туралы хабар бере алады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда міндетті цифрлы таңбалау тек темекі өнімдері мен тері бұйымдарына ғана енгізілген. Темекі өнімдері 2020 жылдың 1 қазанынан бастап, екі өлшемді Data Matrix кодымен таңбалана бастады. Бұл ретте айналымға ерте енгізілген темекі өнімдері биылғы қазан айына дейін ғана сатылады. Осы мерзім біткеннен кейін дүкендерде таңбаланбаған темекі өнімдері сатылмайды. Бүгінге дейін темекі өнімдерін өндірушілер мен импорттаушылар 1 млрд-тан астам темекі қорабын таңбалап үлгерген екен.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз хатшысы Розалия Аубакированың айтуынша, биылғы 1 қарашадан бастап, аяқ киімдер де таңбалана бастайды, таңбаланбаған аяқ киімді өндіруге және еліміздің аумағына әкелуге тыйым салынады. Комитеттің ақпараты бойынша, бүгінде «көлеңкелі» аяқ киім нарығы жалпы көлемнің 48,5%-ын құрайды. Аяқ киімнің сандық таңбалануы нарықты «тазалауға» және оны контрафактіден арылтуға септігін тигізбек.
Қазақстан дәрілер мен дәрілік заттарды таңбалауды да қанатқақты жоба ретінде енгізіп, соның шеңберінде бірталай дәрілерді бақылауға алды.
Дәрі-дәрмекке деген сұраныс артып отырған қазіргі кезеңде оларды таңбалау өте маңызды екені түсінікті. Өйткені контрабандалық жолмен келген дәрілердің сапасы да күмәнді. Бұрын мамандар дәрілік заттардың заңсыз я заңды жолмен келгенін дәріні қолдану жөніндегі нұсқаулықтан білуге болатынын айтатын. Тиісті министрлікке тіркеліп, Қазақстан аумағында қолдануға болатыны туралы куәлігі бар дәрілердің нұсқаулығы екі тілде: қазақ және орыс тілінде жазылады, яғни ел аумағында қолдануға рұқсаты бар өнімдер туралы ақпарат міндетті түрде қазақ тілінде де жазылуға тиіс. Ал контрабандалық жолмен келген өнімдерде бұл талап орындала бермейді. Егер дәріні таңбалау енгізілсе, тұтынушылар оның заңды өнімдер екеніне сенімді болады.
Комитеттің дерегінше, дәрілік заттарды таңбалау бойынша қанатқақты жобаға «СК-Фармация», бес дәріхана, сегіз медициналық мекеме, екі импорттаушы, екі дистрибьютор және төрт отандық дәрі өндіруші қатысқан. Таңбаланған дәрілердің арасында обырды, С гепатитін және АИТВ инфекциясын емдеуге арналған препараттар, урсозим гепатопротекторы, аллергияға қарсы «Кетотифен» дәрісі, ресейлік «Натальсид» препараты, жүрек ауруларын емдеу үшін қолданылатын «Бисопролол» бар. Бұл таңбаланған препараттардың бәрі медициналық ұйымдар мен дәріханаларға жеткізілген. «Бүгінде қанатқақты жоба шеңберінде дәрі-дәрмек өндірушілерден бастап, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Алматы облыстарының медициналық ұйымдары мен дәріханалары, бас-аяғы 3 мыңнан астам қатысушының өнімдері цифрлы таңбалау жүйесінде қадағалаудан өтті» дейді Р.Аубакирова.
Қазір алкоголь және сүт өнімдері, бөтелкедегі су және алкогольсіз сусындар мен жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау бойынша қанатқақты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Тауарлардың осы топтарына міндетті таңбалауды енгізу 2022 жылға жоспарланып отыр.
Үкіметтің қаулысы бойынша Қазақстанда «Қазақтелеком» АҚ («Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС – Қ.Т.) бірыңғай таңбалау операторы ретінде айқындалған. Бірыңғай оператор есептеу инфрақұрылымына, тауардың әрбір бірлігіне Data Matrix екі өлшемді кодын орнатуды, деректерді сақтауды, өңдеуді, таңбалау жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне жауап береді.
Министрлік өкілдері тауарларды цифрлы таңбалау бойынша қандай да бір мәселе туындаса, бірыңғай оператордың байланыс орталығы – 8 800 080 65 65 нөміріне тәулік бойы хабарласуға болатынын еске салады.