• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Саясат 30 Қыркүйек, 2021

Ел дамуына қажетті реформалар жайы қозғалды

225 рет
көрсетілді

Қазақстан Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Аустрияға жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Akorda.kz сайты.

Биылғы 27-28 қыркүйекте Қазақ­стан Президентінің Халық­аралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Қазақ­станның халықаралық ұйым­дар­мен өзара іс-қимылдарын жан­­дан­дыру, серіктестік бай­ланыс­­тарын нығайту, сондай-ақ Ауст­риямен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатында Венаға жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмидпен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Есірткі және қылмыс жө­ніндегі басқармасының атқару­шы директоры Гада Уалимен кез­де­сулер өткізіп, Аустрия Пар­ламентінің бір топ депутатымен, Федералдық Президент Әкім­шілі­гі­нің және Аустрияның сырт­қы сая­си ведомствосының ресми тұл­ғаларымен келіссөздер жүргізді.

Іс-шаралар кезінде Арнау­лы өкіл халықаралық ұйымдар­мен тиімді әрі жан-жақты ынты­мақ­тастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саясатындағы стратегия­лық басымдығы екенін атап өтті.

БҰҰ-ның Венадағы бөлім­шесінің басшысы Гада Уали өңірлік және халықаралық деңгейдегі БҰҰ ЕҚБ-мен ынтымақтастығы және қолдауы, сондай-ақ заңсыз есірткі трафигіне, қылмысқа, сыбайлас жемқорлық пен терроризмге қарсы күрестегі белсенділігі үшін Ұйымның атынан Қазақстанға алғыс білдірді. Ол өңірдегі құқық қорғау органдарының жұмысын тиімді үйлестіретін Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (ОАӨАҮО) плат­формасының маңыздылығына назар аударды. Сонымен бірге Ауғанстан және көрші елдер бойынша өңірлік бағдарламаға қол қою аясында БҰҰ ЕҚБ басшысы жақын уақытта Орталық Азия елдеріне сапармен келуге ниетті екенін жеткізді. 

ЕҚЫҰ басшысы Хельга Шмидп­ен өткен кездесуде халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, сондай-ақ Ұйыммен екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымы туралы, оның ішінде өңір елдерінің көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде тұшымды ойлар ортаға салынды.

Ержан Қазыхан Бас хатшыны Қазақстанда Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша жүргізіліп жатқан демо­кратиялық өзгерістерді ілгерілетуге бағытталған ре­форма­лар туралы хабардар етті. Со­ны­мен қатар олар әйел­дердің әлеу­мет­тік жағдайын жақсарту, климат­тың өз­геруі және COVID-19 панде­мия­сының салдарын еңсеру мәсе­лелеріне назар аударудың маңыздылығын айтты.

Тараптар қазіргі уақытта ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекет­тің бірлесіп, Ауғанс­тан­дағы жағдайды тұрақ­­тандыру және ауған халқына көмек көрсету ісіндегі күш-жігерді жұ­мыл­дыру қажет екеніне баса мән берді.

ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ұйымның қызметіне үнемі және дәйекті қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қазақстанға ризашылығын білдірді.

Бұдан бөлек Ержан Қазыхан Аустрия Парламентінің депутаттары – адам құқықтары жөніндегі Парламенттік комитеттің мүше­лерімен кездесу өткізді.

Аустриялық депутаттар өз кезе­гінде Қазақстанның саяси ре­фор­маларының әлеуетін қолдап, адам құқықтары саласында жүйелі түр­де жүзеге асырылып жатқан шара­лардың маңыздылығын атап өтті.

Арнаулы өкіл Қазақстанның кең ауқымды мәселелер тізбегі бойынша, оның ішінде демократияландыру, заң үстемдігі мен адам құқықтарын қамтамасыз ету, азаматтық институттарды дамыту саласында ашық әрі сындарлы диалогқа әзір екенін айтты.

Федералдық Президент Әкім­шілігінің жоғары өкілдерімен және Аустрия СІМ басшылығымен келіс­сөздер шеңберінде тараптар саяси және сауда-экономикалық ынты­мақтас­тықтың қазіргі жай-күйі мен ке­ле­шегіне, халықаралық күн тәрті­бін­дегі өзекті мәселелерге, оның ішін­де Ауғанстандағы соң­ғы оқиға­ларға, пандемияның әлеу­меттік-эконо­микалық салдарымен күресіне және климаттың өзгеруі бойынша жалпы күш-жігерді үйлестіруге қатысты проблемаларды кешенді түрде талқылады.

Биылғы 22 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақ­стан-Аустрия үкіметаралық комис­сиясының қорытындылары бо­йынша қол жеткізілген келісімдерді іске асыру, жоғары және аса жоғары деңгейдегі саяси диалогты жандандыру жөнінде түбегейлі уағдаластыққа қол жеткізілді.