• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Білім 30 Қыркүйек, 2021

Жоғары білім қолжетімді болуы керек

1129 рет
көрсетілді

Еліміз азаматтарының табыстарында айырмашылық өте көп. Коронавирус пандемиясы, экономикалық дағдарыс және инфляция халықтың аз қамтылған топтарын одан әрі кедейлендіре түсті. Ал табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың үлесі, қалаға қарағанда, ауылдық жерлерде 2,5 есе көп.

Бірақ мұндай әлеуметтік ахуал ел болашағы – жас ұрпаққа теріс әсерін тигізбеуге тиіс. Жастар өз отбасыларының материалдық жағ­дайына қарамастан, лайықты білім алулары керек. Өйткені, мем­лекетіміздің ең маңызды құн­ды­лығы – адами капитал. Оны дамыту мемлекеттік саясаттың не­гізгі басымдығы болуы қажет.Жыл сайын елімізде 150 мың­ға жуық оқушы орта мектепті бі­тір­се, олардың 74 мыңы, яғни жар­ты­сындайы – ауыл жастары.

«Ауыл – ел бесігі» деп бекер ай­тылмайды. Көптеген жыл бойы еліміздегі ең ірі аграрлық уни­верситетті басқарған адам ре­тінде ауыл балаларының таби­ға­ты­нан дарынды болатынын, оларды үлкен еңбекқорлық пен ерекше патриотизм сезімі ерекшелендіріп тұратынын айтқым келеді. Бірақ өкінішке қарай, аз қамтылған отба­­сылардан шыққан көптеген да­рынды бала мемлекеттік бі­лім беру гранттарын ала алмай, жоғары білімнен тыс қалады.

Мұның себептері ауыл мек­теп­­терінің мәселесімен бай­ла­нысты. Оқушылардың жетіс­тік­терін сыртқы бағалаудың қоры­тындыларына сүйенсек, ауыл­дық және қалалық оқушылар ара­сын­дағы білім сапасы бойынша айырмашылық орта есеппен 8 ұпай­ға жетіп отыр. Ал PISA нәти­же­лері бойынша бағаласақ, бұл айырмашылық 22-ден 37 ұпайға дейін жетеді. Ұлттық бірыңғай тес­­тілеу нәтижелері бойынша ауыл мектептерінің түлектері өз­де­­рінің қалалық құрдастарынан орта есеппен 5-6 ұпайды аз алып оты­рады. Ауылдарда 200 білім беру ны­саны жетіспейді. 25 мектеп апат­ты жағдайда, 75 мектеп үш ауысымдық режімде жұ­мыс іс­тей­ді. Ал педагогтердің тап­шы­лығы 2100-ден астам адамды құ­райды, бұл – республиканың пе­­дагог кадрларға деген барлық қа­жет­тілігінің 60 пайызы. Ауыл мектебінде бір мұғалім физика, әдебиет және музыканы оқытатын жағдайлар бар. Көптеген оқытушылардың білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз. Қала мен ауыл мектептерінің ма­териа­лдық-техникалық базасы салыс­ты­руға келмейді. Мәселен, өткен жылы біз ауыл тұрғындары арасында әлеуметтік сауалдама жүр­гіз­дік. Оған қатысқандардың бірде-біреуі өз ауылында «интер­нет жақсы жұмыс істейді» деп жауап берген жоқ.

Еліміздегі 22 аудан­да тіпті колледж де жоқ. Жұ­мыс істеп тұрғандарының көп­ші­лі­гін­де шалғай ауылдардан кел­ген оқу­шы­ларға жатақхана же­тіс­пейді.Жоғары оқу орындарына ке­ле­тін болсақ, көптеген ауыл ба­ла­­лары мектептерде алған білім­­де­рінің төмендігіне байланысты мемлекеттік білім беру гранттарын алу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша қажетті ұпай жинай алмайды. Ал олардың кө­бінде ақылы негізде оқуға мүм­кін­дік жоқ.Аграрлық университеттер­де тіпті қисынсыз жағдай қалып­та­сып отыр. Ауыл шаруа­шы­­лы­ғы мамандықтарына бөлін­ген мемлекеттік гранттарды, ең алдымен, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге қажет­ті уәждері бар адамдар алуы керек қой. Ал олардың дені ауыл­дық жерлерден келген жастар екендігі анық. Олар бала кезі­нен ауыл шаруашылығы жұмы­сы­ның не екенін біледі және ауыл өмірімен таныс.

Парламент депутаттары көп­­­тен бері Білім және ғылым ми­нистр­лігінің алдында ауыл мектеп­терінің түлектеріне аграр­лық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30 пайыздан ең болмаса 50 пайызға дейін арттыру мәселесін көтеріп келеді. Мұндай ұсыныс парламенттік тыңдаулардың және екі дөңгелек үстелдің қорытындылары бойынша берілді. Бірақ мәселе мүлдем шешілер емес! Бұл ретте «Парламенттік тыңдаулардың ұсыныстары неге орындалмай­ды?», деген сұрақ туындайды. Жыл сайын аграрлық уни­вер­си­теттерді бітірушілердің тек 30 пайыздайы ғана ауылдық жер­лерге жұмысқа орналасады, қалғандары мемлекеттік қаражат есебінен оқыса да, жұмыссыздар қа­тарын толықтыра отырып, қа­ла­ларда қалады. Осы себептен жыл сайын кем дегенде 1,5 млрд теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалады.

Аграрлық ЖОО-ларда жатақ­ханалар жетіспейді, бұл ауылдан келген және аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттер үшін қосымша қиыншылықтар туғызады. Оның үстіне, болашақ агроөнеркәсіп кешені маман­да­ры стипендияларының мөл­ше­рі педагогикалық және меди­ци­налық университеттерге қара­ған­да 1,6 есе аз.Егер шетелдік жетекші уни­вер­ситеттердің тәжірибесін қарас­ты­ратын болсақ, оларда оқу­ды өтеудің екі түрлі құны бар: барлығы үшін шартты құны, және әлеуметтік осал топтардағы студенттерге арналған арнайы құн. Атап айтқанда, көптеген америкалық университеттерде жағдайы төмен студенттер үшін оқу ақысы бойынша же­ңілдіктер беріледі. Оларға сти­пендия тағайындаудың басты өлшемшарты – жай ғана үл­ге­рім емес, отбасының табыс деңгейі. Сонымен қатар мұқтаж студенттерді қолдайтын басқа да бағдарламалар бар. Яғни бұл мемлекеттерде әлеуметтік және материалдық жағдайына қа­рамастан, оқимын деген және ірік­теуден өткен барлық жасқа жоғары білім алуға мүмкіндік берілген.

Қазақстанда биыл мемлекеттік білім беру гранттарына 300 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінді. Олар тесті­леу нәтижелері бойынша беріледі. Әлеу­меттік осал топ­тар­дың әр­түрлі санаттарына қарас­ты­рыл­ған квота небәрі 0,5-5 пайызды құ­райды. Әрине, бұл мәселені шешпейді.Еліміздің жоғары білім беру саласындағы білім беру гранттарын бөлу жүйесіне өзгеріс ен­гі­зе­тін уақыт жетті. Мемлекеттік гранттар мен стипендияларды тестілеу нәтижелері мен үлгерімі негізінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің қолдауынсыз оқи алмайтындарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында бөлген жөн.Бұл шаралар мемлекет қара­жа­тын әділ бөлуді қамтамасыз етіп қана қоймай, аз қамтылған отбасылардан шыққан жастардың мансаптық өсуіне әлеуметтік лифт бола отырып, елімізде адам ка­питалын жан-жақты дамытуға мүм­кіндік береді.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,Сенат депутаты