• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 30 Қыркүйек, 2021

Ақсай аспанындағы алып Ту

762 рет
көрсетілді

Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында жергілікті демеушілердің күшімен алып тутұ­ғыр орнатылды. Енді еліміздің Көк бай­рағы 50 метр биіктен желбіреп тұр.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы қарсаңында ашылған 50 метрлік тутұ­ғырды орнату үшін жергілікті кәсіпкерлер 60 млн теңге қаражат жұмсапты. Ғұбайдолла Жәңгіров атындағы саябақтың төбесінен желбірейтін алып тудың көлемі 8х16 метр екен.

– Ұлтымыз үшін Тәуелсіздік қандай қымбат болса, Мемлекеттік рәміздер де біз үшін сондай қастерлі. Елдігімізді таныту, абыройды асқақтату – қастерлі құндылықтарды қорғай білумен өлшенбек, – деді, тутұғырдың салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов.

Белгілі әнде айтылғандай, көк тудың желбірегені талай жанның жанына қуат берері сөзсіз. Кеңес заманында орысқолдау көрінетін Бөрлі ауданы соңғы жылдары ерекше қазақыланып, күннен-күнге жасарып келе жатқанын жергілікті жұрт та, меймандар да жиі айтады. Мәселен, биылғы «Қала күні» мейрамында шаһардың басты мәдени шарасы – «Ақсайым арқау жырыма» тақырыбында облыстық ақындар айтысы болды. Белгілі ақын, айтыс жанашыры Бауыржан Халиолла айтқандай, Ақсай қаласы – Батыс Қазақстандағы мәдениеттің астанасы деуге болатындай дәрежеге жетіпті.

Сонымен, 14 өнерпаз қатысқан облыстық ақын­дар айтысының бас жүлдесін бөрлілік Жар­қынбек Шынтаев, бірінші орында Ақжайық ауданынан келген Бекболат Қаленов жеңіп алды. Екінші-үшінші орындарды қаратөбелік Райымбек Өтепов пен жаңақалалық Орынбек Меңдіқұлов бөлісті. Бөкей Орда ауданының намысын қорғаған Жансая Мусина – Бөрлі ауданының әкімі атындағы арнайы жүлдеге, Ақжайық ауданынан келген Санат Мұханбетжанов – Марабай жырау атындағы арнайы жүлдеге ие болды.

 

Батыс Қазақстан облысы