Қақтығыс аймағында қаза тапқан грузиялық ұшқыш Джимшер Майсурадзенің қабіріне орнатылған МИ-24 тікұшағы көптеген жылдар бойы жергілікті және шетелдік туристердің назарын аударып келеді, деп жазады Egemen.kz.
Майсурадзені туған жері Лагодехи аймағындағы Джорджети ауылында жерлеген. Оның қабіріне 9 тонналық МИ-24 тікұшағы орнатылған.
Тікұшақты 1993 жылы әріптестері Майсурадзенің зиратына арнайы жеткізіпті.
Президент Эдуард Шиварднадзенің шешімі бойынша ұшқыш қайтыс болғаннан кейін I дәрежелі Вахтанг Горгасали орденімен марапатталды.
Ұшқыштың бауыры Дмитрий Майсурадзе журналистерге Джимшер бала кезінен ұшқыш болуды армандағанын айтты.
«Мектепті бітіргеннен кейін ол Ресей ұшу академиясына түсуге аттанды», деп еске алады Майсурадзе.
80-ші жылдардың соңында Джимшер туған жерге оралып, Грузия әуе күштері қатарына қосылады. Ұшқыш Абхаз қақтығысы кезінде көптеген операцияларға қатысқан.
«Ол құтқару жұмыстарына да қатысып, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды. 1992 жылы 26 желтоқсанда қарсыластар ағамның тікұшағын атып түсірді. Ол сөйтіп қайтыс болды», дейді бауыры.
Оның айтуынша Джимшер қайтыс болғаннан кейін президент жарлығымен Вахтанг Горгасали I орденімен марапатталған және тәуелсіз Грузияның алғашқы ұшқыш-батыры ретінде тарихта қалғанын атап өтті.
Бір кездері Джимшер Майсурадзе ел президенті Шиварднадзені де ажалдан аман алып қалған. Мемлекет басшысы мінген тікұшаққа оқ атылған. Бірақ тәжірибелі ұшқыш қауіпті аймақтан соңғы сәтте сытылып шыққан.
Ұшқыштың бейітіне жыл сайын жергілікті және шетелдік туристер мен БАҚ өкілдері барып тұрады.