Шығыс Қазақстан облысы аумағында заңсыз жұмыс істеген Тәжікстанның 29 азаматы анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Учаске» жедел алдын алу шарасын жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде, 29 заңсыз иммигрант анықталған.
«Көші-қон қызметінің өкілдері Ақтоғай кентінде уәкілетті органның рұқсатынсыз жел станциясының құрылыс жұмыстарымен айналысқан Тәжікстан Республикасының 29 азаматын анықтады. Қазіргі уақытта шетелдіктерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5 -бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Тиісті материалдар жаза тағайындау үшін сотқа жіберілді», дейді облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасының басшысы Ербол Бекпаев.
Айта кетейік, жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 300-ден астам адам әкімшілік жауапқа тартылған.