Көрнекті заңгер, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Майдан Күнтуарұлы Сүлейменов 80 жасқа келді. Қазақстанның цивилистика ғылымын оның есімінсіз елестету мүмкін емес.
Ол – М.А.Ваксберг, Г.М.Степаненко, А.И.Беспалова, Б.В.Покровский, И.Д.Фондаминский, М.Г.Масевич, Ю.Г.Басин, Б.Б.Базарбаев сынды қазақстандық азаматтық құқық ғылымының қалыптасуы мен дамуына орасан зор үлес қосқан ғалымдардан бастау алатын цивилистика мектебін жалғастырушы.
Майдан Күнтуарұлы өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасында азаматтық құқық ғылымында өз жолын бастады. 1966 жылы, 25 жасында Мәскеуде заң ғылымдары кандидатының ғылыми дәрежесін алу үшін «Шарттық міндеттемелердің орындалуын кешіктіргені үшін жауапкершілік» тақырыбында диссертация қорғады. 1971 жылы оның «Шарттық міндеттемелерді орындау мерзімдерін бұзғаны үшін жауапкершілік» алғашқы монографиясы жарық көрді. 1980 жылы Харьков заң институтында заң ғылымдары докторының ғылыми дәрежесін алу үшін «КСРО халық шаруашылығындағы шарттық байланыстардың құрылымы» тақырыбында диссертация қорғады. Бірақ Майдан Күнтуарұлының негізгі заң шығарушылық және педагогикалық қызметі Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздік алған кезеңге тұспа-тұс келді.
1991 жылы М.К. Сүлейменов Қазақ КСР Ғылым академиясының жаңа құрылған Мемлекет және құқық институтының алғашқы жетекшісі болды. 1992 жылы Қазақстан Ғылым академиясының Бас ғылыми хатшысы, 1994 жылы корреспондент-мүшесі болып сайланды, ал 2003 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды. 1995 жылы Қазақ мемлекеттік заң институтының құрылымында Жеке құқық ғылыми-зерттеу орталығын басқарды, ол қазіргі таңда Жеке құқық ғылыми-зерттеу институты деп аталып, Каспий қоғамдық университетінің құрамына енгізілген.
М.К.Сүлейменов 1989 жылы Қазақ КСР Өзін өзі басқару және өзін өзі қаржыландыру тұжырымдамасын әзірлеуге қатысты, оның ережелері кейін Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің экономикалық негізіне айналды.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда елдегі экономикалық, әлеуметтік түбегейлі өзгерістерді қамтамасыз ететін заңнаманы құруға М.К.Сүлейменовтің қосқан үлесі орасан зор. Ол Қазақстан Конституциясын дайындаған жұмыс тобының құрамында болды, 80-нен астам заңды әзірлеуге қатысты, оның ішінде Азаматтық кодекс (АК), Тұрғын үй кодексі, меншік туралы, жекешелендіру, мұнай, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы, жер туралы, шаруашылық серіктестіктер, кәсіпорындар, лицензиялау, мемлекеттік мүлік, аралық сот, халықаралық коммерциялық төрелік сот туралы, шетелдік инвестициялар туралы, жекешелендіру, сақтандыру туралы, жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы, жылжымайтын мүлік құқығын мемлекеттік тіркеу және онымен мәмілелер жасау туралы, сырттан қарыз алу және сыртқы қарызды басқару, тұрғын қатынастары туралы заңдар бар. Бұл ретте Майдан Күнтуарұлының азаматтық құқық, халықаралық жеке құқық және жеке іс жүргізу құқығы (дауларды балама шешу құқығы) саласындағы заңнаманы әрі қарай дамытуға қосқан үлесін де ерекше атап өту керек. Қазіргі уақытта Қазақстанда заңнаманы реформалаудың кезекті кезеңі жоспарланып отыр. Қазақстан заңнама институты әзірлеген Құқықтық саясат тұжырымдамасының жобасындағы «Азаматтық құқық» бөлімі М.К.Сүлейменов басқарған Жеке құқық ҒЗИ-мен бірлесе дайындалды.
Пандемия кезіндегі М.К.Сүлейменовтің ғылыми қызметі тоқтап немесе баяулап қалған жоқ, керісінше, анағұрлым арта түсті. Майдан Күнтуарұлы Ә.Е.Дүйсеновамен бірлесіп, «Төрелік сот» туралы заңына ғылыми-практикалық түсіндірмені алғаш болып дайындады. Оның басшылығымен «Қазақстанда дауларды балама жолмен шешу: жаңа даму кезеңі» ғылыми-практикалық монографиясы алғаш рет жарық көрді. Ол АК мәмілелер туралы баптарына түсіндірмелер жазды, ең өзекті мәселелер бойынша, оның ішінде цифрлы құқық, азаматтық заңнаманы жаңарту, Қазақстанда жекеменшік құқығының қалыптасуы, 2017 жылғы Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекстің артықшылықтары мен кемшіліктері, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының мүліктік құқықтары, пандемиядан кейін өзгеріске ұшыраған халықаралық құқық проблемалары, азаматтық заңнама нормалары мен шарттардың қолданылуы мен пайымдалуы және басқа тақырыптарға ондаған мақала жариялады.
Майдан Күнтуарұлы Қазақстанның экономикалық дамуында маңызды рөл атқарған, Қазақстан сол уақытта аса мұқтаж болған шетелдік инвестициялардың ағылуына ықпал еткен заң жобаларын дайындау жөніндегі өзінің кең ауқымды тәжірибесін бөлісті (Президенттің заң күшіне енген Жарлықтары, «Мұнай туралы», «Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы», «Шетелдік инвестициялар туралы», «Қазақстандағы еркін экономикалық аймақтар туралы» заңдар және т.б.). Ондаған жылдарды артқа салып, меншік құқығы мен басқа да заттық құқықтың қалыптасуының бастауында болған ғалым тарих беттерін саралап, оның керемет талдауын ұсынды: Қазақстан-да жекеменшік құқығы институтының қалыптасуы, Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы заңнама және т.б.
Осы және басқа да көптеген еңбек М.К.Сүлейменовтің 75 жылдық мерейтойына орай 2016 жылы жарияланған «Қазақстан Республикасының азаматтық құқығы: теориялық зерттеу тәжірибесі» монографиясының 4-6-томдарының негізіне алынды. 2021 жылы ол «Тарих беттері» кітабын жарыққа шығарып, оған жеке өзі қатысқан немесе куәгер болған тарихи оқиғаларды суреттейтін материалдарды топтастырды. Бұл – Қазақстанның, қазақ халқының, тарихи тұлғалардың және автордың ұстаздарының, әріптестерінің, достары мен отбасының тарихы. Кітапқа Одақтық шарттың бірінші нұсқасының, Қазақстан Конституциясының, Азаматтық кодекстің және Қазақстанның басқа да бірқатар негізгі заңдарының әзірлемесі, С.З.Зиманов, М.Т.Оспанов, Ю.Г.Басин, Болатхан Тайжан, А.И.Худяков, Н.Шайкенов, Рольф Книпер, Б.В.Покровский, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының Төрағасы болған әкесі К.А.Сулейменов, коммунистік партияның Алматы облыстық комитетінің хатшысы қызметін атқарған анасы Г.Төлегенова, әпкесі Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Р.Б.Нуртазина туралы естеліктер енгізілген.
М.К.Сүлейменов – азаматтық және халықаралық жеке құқық-тың негізін қалаушы, азаматтық, отбасылық, тұрғын үй, халықаралық жеке құқық, жеке іс жүргізу құқығы (дауларды балама шешу құқығы), сонымен қатар жер қойнауын пайдалану, мұнай операцияларын жүргізу және Қазақстан Республикасындағы шетелдік инвестициялар жөніндегі проблемалар туралы 630-дан астам басылымның, оның ішінде 50-ден астам монографияның авторы. Оның басшылығымен азаматтық құқықтың академиялық курсы құрылды (3 томда), Азаматтық кодекске 4 томдық түсіндірме (4-басылым) жазылды. Ол Қазақстандағы халықаралық жеке құқық және халықаралық азаматтық процесс жөніндегі алғашқы оқулықты, сонымен қатар халықаралық жеке құқық бойынша халықаралық шарттар мен нормативтік-құқықтық актілердің 15 томдық жинағын басып шығарды.
М.К.Сүлейменов Қазақстанның цивилистік мектебін шетелде таныстырып, таныту үшін көп еңбек етіп келеді. Халықаралық құқық пен халықаралық қатынастарды дамытуға ауқымды үлес қосып отыр. Майдан Күнтуарұлы Брюссельдегі Энергетикалық хартияға Шартты қайта қарау бойынша келіссөздерде қазақстандық топты басқарды (1993-2004 жылдар аралығында). Қазақстанның белсенді қатысуымен 1994 жылғы 17 желтоқсанда Лиссабонда қол қойылып, 1995 жылғы 18 қазанда бекітілген Энергетикалық хартияға Шарт жобасын әзірледі.
Қазіргі уақытта М.К.Сүлейменов Энергетикалық хартияға Шартты қайта қарастыру жөніндегі келіссөздерге қатысу үстінде (2020-2021 жж.). 1993 жылдан бастап ол ТМД елдерінің модельдік заңнамасын әзірлеуге белсенді қатысты.
М.К.Сүлейменов – Каспий университеті жанындағы Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының тұрақты жетекшісі. Ол Қазақстандағы цивилистиканың ғылыми орталығы болып саналады және елімізден тысқары жерлерде де танымал. Көрнекті ғалым ғылыми кадрлар даярлауға да зор үлес қосып, 57 аспиранты мен ізденушілері кандидаттық диссертацияларын, 10 шәкірті докторлық диссертацияларын қорғады.
Майдан Күнтуарұлы Қазақстандағы өзекті әрі шиеленіске толы жер құқығы мәселесін талқылаудан да сырт қалған жоқ. Өз пікірін заңгер ретінде ғана емес, бірінші кезекте өз Отанының патриоты ретінде білдіргенін атап өту керек.
М.К.Сүлейменов – Қазақстандағы төрелік қозғалысының негізін қалаушылардың бірі. Ол көп жылдар бойы еліміздегі алғашқы төрелік институттардың бірі болып табылатын Сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы Төрелік комиссияның ұйымдастырушысы және тұрақты төрағасы болды. 2005 жылдың қаңтар айында жаңа институттық төрелікті – өзі төрағалық ететін Қазақстан Халықаралық Төрелігін (ҚХТ) құрды. Қазіргі уақытта ҚХТ-ға қазақстандық қана емес, шетелдік, халықаралық компаниялар да дауларды шешуді сеніп тапсырады.
М.К.Сүлейменовтің практикалық қызметі туралы айтқан кезде оның «Заңгер» заң фирмасының құрылтайшыларының бірі болып табылатынын атамай кетуге болмайды. Ол республикадағы кәсіби заң қызметін көрсететін алғашқы мемлекеттік емес коммерциялық ұйымдардың бірі.
М.К.Сүлейменов заң шығарушылық, ғылыми және практикалық қызметке қатысқаны үшін бірнеше мәрте мемлекеттік және өзге марапаттармен марапатталды. Оның өмірі – азаматтық құқық ғылымына қызмет ету өнегесі.
Күләш ИЛЬЯСОВА,
Әсел ДҮЙСЕНОВА