• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Білім 01 Қазан, 2021

Ақмарал алған асу

1570 рет
көрсетілді

Былтырдан бері педагогтің мәртебесі артып, биыл алғаш рет білім саласының бірнеше өкілі «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болды. Соның бірі – Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің жоғары санатты мұғалімі Ақмарал Ғабдуллина.

Балалық балдәурені өтіп, орта білім алған Көктоғай ауылынан алысқа ұзаған жоқ. Бұған біріншіден, туған топырағына деген перзенттік махаббаты ықпал етті-ау дейміз. Екіншіден, өзі секілді ауылдың талай баласына он жыл бойы сапалы білім берген, өмірі өнегеге толы ұстаздарының жолын жалғастыруды көздегені әсер еткені даусыз. Оның үстіне атасы Байбек Ғабдолла ХХ ғасырдың 30-жылдарында Толыбай ауылдық кеңесінде ұстаз болып, ілім-білімге құштар ба­ла­лардың жүрек түкпіріне білімнің жарық сәулесін жаққан. Ал ауылдастары «қатал» мұғалім атаған анасы Салиха Ибатова да оқушылардың орыс тілін меңгеруіне үлес қосты.

– Менің атам да, анам да – шә­кірт тәрбиелеуге саналы ғұмы­рын арнаған жандар. Ұстаз­дық жолды таңдауыма анамның жұмыс тә­жіри­бесін, адамгершілік қа­сиет­терін үлгі тұтқаным әсер етті. Сөй­тіп, 1983-1988 жылдары Гурьев педа­го­гикалық институтының тарих фа­куль­тетінде жоғары білім алдым. Тарих факультетіне баруыма мектепте осы пәннен сабақ берген Ғаділжан Кереевтің ықпалы зор болды. Институттан соң бірден Индер ауданының Көктоғай ауылында орналасқан Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев атындағы орта мектепке жұмысқа орналастым. Бұл – өзім қанаттанған білім ұясы, – деп алғаш еңбек жолы басталған сәтті еске алды Ақмарал Ләйкеқызы.

Содан бері өзі оқыған мектептен табан аудармай, жұмыс істегеніне 33 жылдан асты. Осы кезеңде мектеп директоры Әбдірахман Кәрентаев, оқу ісінің меңгерушісі Гүлбану Әжі­ға­лиева, Ғаділжан Кереев, Ілияс Ораз­ғалиев сынды өз ісінің шебе­рі атанған білікті ұстаздардың еңбек­қор­лы­ғы­нан, мамандыққа адал­дығы мен тә­жірибесінен үйренді. Аға буынның қалауымен мектепте басшылық жұ­мысты 20 жыл атқарды. Ең бастысы, іздену, білімін жетілдіру, мектепке сабақ басталардан 15 минут бұрын келуді дағдыға айналдырды. Әлі де осы дағдыдан жаңылған жоқ.

– Бүгінгі білім беру жүйесінің басты кредосы – өзгеріс, жаңару, даму, өркендеу. Соған байланыс­ты заманауи сұраныстарға сәйкес тың идеяларға қолдау көрсетіліп, оң бастамалардың қолданысқа енгізілуіне жол ашылды. Жаңартылған білім беру бағдарламасы – сапалы білім алуға негізделген заманауи үлгідегі бағдарлама. Онда әр пәннің әдістемелік әлеуетін қолдануға, оқу, жоба, зерттеу тәсілдерін меңгерту арқылы оқушылардың дербестігін дамыту көзделген. Осыған орай мұғалімдердің көзқарасы, сабақ өткізу әдісі, оқу­шы­лар­дың өзара қарым-қатынасы өзгерді. Мұғалімдер әміршілдік стильден арылды. Оқушылар сабақ кезінде тек тындаушы, орындаушы ғана емес, ізденуші ретінде дәріс алады, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы.

Мұғалімнің айтуынша, «Ауыл мектебінде оқыған оқушылардың білімі төмен» деген жаңсақ ұғымнан арылу керек. Өйткені бұл – кеңестік жүйедегі білім беру саласында қа­лып­тасқан пікір. Бұған сол кездегі ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасының төмен болғаны әсер еткен. Бірақ қазір жағдай күрт өз­гер­ді. Ауылдағы білім ұясының үлкен шаһарлардағы мектептен еш айырмасы жоқ. Мұғалімдер біліктілігін арттырып, жаңа технологиямен жұмыс істейді.

– Қазір ауыл мектебі жан-жақты жабдықталды. Енді білім сапасын объективті, субъективті өлшемшарттар арқылы талдау қажет. Әр шәкірті білімді, зейінді болса, бұл – мұғалімнің мерейі. Сондықтан орта білім беру мазмұнын жаңарту бағытында енгізі­ліп жатқан жаңашыл мақсат мен мін­деттерді, жаңа технологияларды, құзыреттілікке негізделген бағалаудың жаңа формасын алдымен мұғалімнің өзі игергені жөн. Сонда ғана сапалы білімге қол жеткіземіз, – дейді жоғары санатты мұғалім.

Әр күні қарбаласқа толы мұға­лім­нің есінде биылғы 18 наурыз ұмы­тыл­мас­тай болып қалған. Өйткені дәл сол күні оны тосынсый күтіп тұрды. Бұл – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі тапсырған «Қа­зақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» құр­метті атағы. Мұны ауыл мұғалімі Ақмарал Ғабдуллинаның бағындырған асуы дегеніміз жөн болар. Елордадан шақырту жеткенде, «Оқу тоқсаны аяқталатын кезде оқушылардың білім деңгейін қорытындылауым керек. Сол себептен, елордаға баруға уақытым жоқ» деп, бірінші кезекке жұмысын қойғаны бар. Осының өзінен кәсібіне адалдығы байқалып тұр.

 

Атырау облысы,

Индер ауданы