Алматы қаласында бір тәулікте 5 474 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«1 қазан күні 5 474 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін 1 935, II компонентін 3 539 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 30 қыркүйегі аралығында қалада 954 562 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 874 373 адам екінші компонентін салдырған. Олардың ішінде 118 235 адамның жасы 60-тан асқан», деп хабарлады басқармадан.
Қалада 149 пункт жұмыс істеп тұр. 1 028 адамнан тұратын 214 егу бригадасы бар.
«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді» деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.