Антиваксерлер вакциналауға қарсы уәж айтуларын жалғастырып жатса да, пандемиямен күресте ең тиімді құрал екпе салдыру болып қала бермек. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесі. Кейбір мемлекеттер ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында халықты вакцина алуға шақырып, түрлі науқан ұйымдастырумен әуре болса, оның үшінші компонентін ойластырып жатқан елдер де бар.
Коронавирус жұқтырғандар саны тағы да күрт өсті. Бұған күннің суып, күз келгенін себеп көру қисынсыз дейді мамандар. «Дельта» штамына қоса «лямбда» нұсқасы мен жақында пайда болған «С.1.2» мен «мю» түрлері де тез тарап жатқан көрінеді. Сондықтан медицина қызметкерлері вакцинаның үшінші компонентін ектіріп, қорғанысты күшейту керек деген ұсыныс білдіріп отыр.
Екпенің толық курсын алғандардың вирус жұқтыруы сирек, дегенмен кездесіп тұратын жағдай. Уақыт өткен сайын олардың да саны артып жатыр. Мәселен, Роберт Кох атындағы институт бір ғана Германияда тамыздың ортасында 48 млн вакцина алған азаматтың 13 360-ы індет жұқтырғанын мәлімдеді.
Осы ретте Израиль мен АҚШ үкіметтері қайта вакцина салдыру шешімін қабылдады. Олар қайта егілетін вакцинаға «Бустер», яғни күшейткіш деген атау беріп үлгерді. Жаңа талап бойынша үшінші компонент салынған жағдайда ғана азамат толық екпе алған болып есептелінеді.
Дегенмен бұл пікірді құп көрмейтіндер де бар. Дамыған мемлекеттердің кейбірі үшінші екпе тек егде жастағыларға, иммунитеті төмендерге және созылмалы аурулары бар науқастарға ғана міндетті деген ойда. Германия үкіметі вакцина алғандардың арасында вирус жұқтыру көп болғанына қарамастан, үшінші компонентті тек вирус жұқтыру қаупі жоғарыларға ғана егеміз деп шешті. Вакциналау бойынша тұрақты комиссия әзірге нақты шешімді хабарламады. Алайда көптеген федералды аймақта қарттар үйлерінде үшінші компонентті егу басталып кетті.
Үшінші вакцинаны салдыру медицина қызметкерлеріне жаңа тәжірибе жасап көру мүмкіндігін бергендей. Осылайша «шалыс вакциналау» деген түсінік пайда болды. Тарқатып айтар болсақ, BioNTech/Pfizer немесе Moderna сияқты вакцинаны салдырғандар AstraZeneca мен Johnson&Johnson екпелерін салдыра алады. Зерттеу нәтижесі осы «шалыс вакцинаның» иммундық жауабы әлдеқайда күштірек болатынын көрсетті. Яғни бұл бір вакцинаны қайта ектіргеннен гөрі тиімдірек екен.
Жоғарыда атап өткен «Бустер» әсері екінші вакцинадан кейін-ақ біліне бастайды. Қоздырғышпен қайта әрекет жасағанда иммунитеттің берер жауабы күштірек болмақ. Қоздырғыш вакцина немесе инфекция болуы да мүмкін. Бұл реакцияға жасуша жады жауапты. Ол жад бірінші компоненттен кейін қалыптасып үлгереді екен. Олар антигенді бірден танып, оны жою үшін жауап беріп, әрекетке көшеді. Вакцинаның екінші компонентін ектірудің де мәні осында. Адамның иммунитеті маңызды екенін ескерген жөн. Өйткені әлсіз иммунитеттің жауабы да әлсіз болуы мүмкін.
Вакцина жасаушы компаниялар да қорғаныстың белгілі бір мерзімге дейін ғана екенін алдын ала ескерткен-ді. BioNTech/Pfizer өндірушілері өздері жасаған екпенің күші алты айдан кейін азаятының мәлімдеді. Олардың айтуынша, сол кезде үшінші доза қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар өндірушілердің мәлімдемесінде «Бустер» вакцина коронавирустың барлық түрінен ең тиімді қорғанысты қамтамасыз ете алады. Тіпті жақында пайда болған «Дельта» штамымен күресуге де қауқарлы делінеді.
Бұл пікірталас, әлбетте, халқының көбі толық екпе алған дамыған мемлекеттерде болып жатыр. Индустриясы дамыған мемлекеттерде халықтың вакцина алу көрсеткіші жоғары. Ал Азия, Африка, Латын Америкасындағы біраз ел вакцина сатып алуға мүмкіндігі болмағандықтан, халықтың белгілі бір бөлігіне ғана екпе салдыра алды.
Сондықтан ДДҰ әр елдің халқының кем дегенде 10 пайызы вакцина салдырмайынша, ревакциналау шешімін шегере тұруды сұрайды. ДДҰ басшысы Тедрос Гебрейесус ауқатты елдер ең болмағанда қыркүйектің соңына дейін үшінші компонент салдырмағаны дұрыс деген пікір айтты.
«Бұл олардың тарапынан кедей мемлекеттерге көрсеткен жанашырлығы болмақ», деді ұйым басшысы.
Шыны керек, пандемия басталғалы бұл – ДДҰ тарапынан жасалған ең батыл мәлімдеме. Дегенмен мұның өзі де кеңес түрінде болып отыр. Демек, ДДҰ тізіміне кіретін елдердің үкіметтері соңғы шешімді бәрібір өздері қабылдайды.
Бүгінге дейін коронавирустың «альфа», «бета», «гамма», «дельта» штамдары ресми түрде тіркелді. Енді «эта», «йота», «каппа», «лямбда», «мю» түрлері бақылауға алынған. Яғни олар коронавирустың жаңа штамы ретінде ресми тіркеліп үлгерген жоқ.
Вирустың мутацияға ұшырайтынын ғалымдар да, қолдағы деректер де растап отыр. Ал бұл вакциналау мәселесіне қайта тіреледі. Өйткені халқының аз бөлігі ғана екпе ектірген елдерде вирустың жаңа түрлері пайда болып, ол тағы да таралуы ықтимал. Ал бұл бай мемлекеттер үшін де үлкен мәселе болмақ. Мәселен «лямбда С.37» нұсқасы Латын Америкасында таралса, «С.1.2» түрі Африканың оңтүстігінде пайда болған. Сондықтан вакциналау көрсеткіші нақты бір елдерде ғана емес, тұтас әлем бойынша өскені маңызды. Оңтүстік Африкадағы Инфекциялық аурулар ұлттық институтының профессоры Пенни Мур германиялық басылымға берген сұхбатында: «Вирустың жаңа нұсқаларының пайда болуы вакциналаудың төмен деңгейімен тығыз байланысты. Бұл адам індет жұқтырғанда ғана орын алатын үрдіс. Әлем бойынша екпе салдырғандардың санын арттыру – инфекцияның азаюына алып келмек. Бұл – жаңа нұсқалардың санын азайтудың жалғыз жолы», деді.
Вакцинаға қарсылар қаншалықты көп болса, вакцина аламын деп жүргендер де жеткілікті. Шетелден дертке дауа іздеп қалғандар бұл жолы да вакцина іздеп өзге елді беттемек. Сұраныс болса ұсыныстың болатыны заңдылық. Оған Ресейде сатыла бастаған вакцина турлары дәлел. Бірнеше компания ДДҰ мақұлдаған екпе салып жатқан елдерге жолдамаларды сатылымға шығарды. Туристік компаниялар көбіне Сербия мен Германияны ұсынады екен. Ал Сербияда вакцина шетелдіктер үшін де тегін. Осылайша, ресейліктер BioNTech/Pfizer, AstraZeneca мен Sinopharm вакциналарын ектіре алады.
Сербияға үш күнге жолдама 49 мың рубльден (шамамен 290 000 теңге) басталады. Оған екі бағыттағы ұшақ билеті, қонақүй, тамақтану, медициналық сақтандыру мен трансфер бағасы кіреді. Германияға жолдама одан да қымбатырақ екен. Мәселен, Мюнхенге Pfizer/Biontech вакцинасының 1 дозасын ектіру үшін барып келу 580 еуроға шығады. Осы ретте Германия әлі де ресейліктер үшін шекарасын ашқан жоқ. Елге арнайы себеппен келуге ғана рұқсат бар. Туристік операторлар вакцина салдыруды «медициналық себеп» деп біледі.
Тағы бір айта кететін жайт, ДДҰ қыркүйектің ортасында ресейлік «Спутник V» вакцинасын мақұлдау жұмыстарын тоқтатты. Ұйым инспекторлары вакцина өндіретін зауыттардың бірінде өндіріс тәртібі бұзылғанын анықтаған. Ұйым вакцина өндіруші компаниялар өндіріс орнында да талаптар сақталатынын дәлелдеуі керектігін алға тартады. Ендігі кезекте ДДҰ зауыттың қателікті жойып, жұмысты ретке келтіргені туралы хабарлама күтіп отыр. Содан кейін жаңадан инспекция жүргізілмек.