Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Әділет, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы «Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау» және «Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау» мемлекеттік қызметтерін көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруды бастады, деп жазады Egemen.kz.
Пилоттық жобаға «Каспий Банкі» мен «Халық банкі» қатысады. Жәрдемақы немесе әлеуметтік төлем тағайындауды ресімдеу үшін осы банктердің бірінің мобильді қосымшасында мемлекеттік қызмет көрсету бойынша бөлімді табу, тиісті мемлекеттік қызметті таңдау және дербес деректерді өңдеуге келісімді растау қажет. Өтінімді жібергеннен және оны мемлекеттік орган қарағаннан кейін тағайындалған төлем сомасы туралы PUSH-хабарлама және SMS жіберіледі.
«Бұл жоба келесі тоғыз айда жүзеге асырылады. Оң динамика мен сұраныс болған, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер техникалық жағынан дайын болған жағдайда жоба пилоттық форматтан қолданыстағы форматқа көшіріледі деп жоспарлануда. Өз кезегінде, мемлекеттік органдар басқа екінші деңгейдегі банктермен ынтымақтасу және мобильді қосымшалары арқылы көрсетілетін қызметтердің тізбесін кеңейту үшін ашық», деп атап өтті Еңбекмині Мемлекеттік қызметтерді талдау және дамыту департаментінің директоры Анар Төлеубаева.
Жаңа сервис 5 қазаннан бастап қолжетімді болады.