Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов елімізде жаңғырмалы энергия көздерін қолдау жүйесін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кеңес жұмысына бірқатар мүдделі орталық атқарушы органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.
Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров жаңғырмалы энергия көздерін қолдау және Қазақстанда аталған рынокты қалыптастырудың жүйелі шараларын ұсынды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік Еуропалық Одақ мемлекеттерінің тәжірибесі зерделеніп, оның ішінде бірқатар елдерде жаңғырмалы энергия көздері секторын дамыту барысында жіберілген кемшіліктері талданған болатын. Отырысқа қатысушылар ұсынылған зерттеу нәтижелері мен еуропалық сарапшылардың ұсыныстарын талқылады. Яғни, жел, күн, биогаз және гидростансаларда өндірілетін энергияға белгіленетін тарифтер бойынша ұсыныстар қаралды. Бұл тарифтер бенчмаркинг негізінде, яғни жаңартылатын энергия көздері секторын дамытып жатқан елдердің тәжірибесін бағалау және сол елдердегі «таза» электр энергиясы бағаларымен салыстыру нәтижелеріне сүйеніп белгіленіп отыр.
Н.Қаппаровтың айтуынша, 2014 жылы белгіленіп, 15 жыл өзгермей қолданылатын тарифтер жел электр стансаларына 1 кВт/сағ үшін 19 теңге (немесе 9,5 еуроцент шамасында), күн электр стансалары үшін – 29 теңге (шамамен 14,5 еуроцент), шағын гидростансалар үшін – 14 теңге (шамамен 7 еуроцент) және биогаз құрылғылары үшін 27 теңге (13,5 еуроцент) деңгейінде белгіленбек.
Бұдан басқа, 2020 жылға дейін жаңғырмалы энергия көздері жобаларын іске асыруға лимит белгілеу ұсыныстары қаралды. Бұл шектеулер жаңғырмалы энергия көздері жобаларын іске асыруды түр жағынан да, тұтыну аумақтары жағынан да реттеп, осы мақсаттарға жер бөлу және желіге қосу мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, ұсынылған лимит жалпы белгіленген қуаттылықтың 1850 МВт-ын құрап, оның 1300 МВт – жел электр стансаларына, 500 МВт – күн электр стансаларына, 50 МВт – биогаз құрылғыларына бөлінетін болады. Ал аймақтар бойынша лимиттер былайша бөлінеді: жел электр стансалары бойынша – 1050 МВт орталық аймаққа, 250 МВт батыс аймаққа, күн электр стансалары бойынша – 400 МВт орталық аймаққа және 100 МВт батыс аймаққа, биогаз құрылғылары бойынша – 40 МВт орталық аймаққа және 10 МВт батыс аймаққа бөлінеді, деп нақтылады Қоршаған орта және су ресурстары министрі.
Кеңесте, сондай-ақ, тарифтерді жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес индекстеу мәселелері және электр энергиясын сатып алу жүйесінің бірыңғай сатып алушы – жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есептеу-қаржылық орталығынан жүргізілу шаралары талқыланды.
Тұтастай алғанда, Үкімет басшысы жаңғырмалы энергия көздерін қолдау жүйесінің, тарифтер көлемдерінің, лимиттеу жолдарының және іске асырылу принциптері жобаларын мақұлдады. Жүйе айтарлықтай көп инвестициялар тарту мен соңғы тұтынушылар үшін тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Мәселені талқылау соңында С.Ахметов ЖЭК рыногы жұмысын бастау үшін Үкімет қаулысының жобасын енгізуді, сондай-ақ, жаңғырмалы энергия көздерін қолдау бойынша есептеу-қаржылық орталығының қызметін қамтамасыз ету, жаңғырмалы энергия көздері түрлері бойынша белгіленген лимиттерді есепке алып, жобаларды іске асыру жоспарларына түзетулер енгізу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.