БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш халықаралық құқықтың әлем бойынша елеулі түрде әлсіреп бара жатқанын мәлімдеп, Таяу Шығыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
БҰҰ штаб-пәтерінде өткен журналистерге арналған брифинг барысында бас хатшы соғыс жүргізу және күш қолдану қағидаттарының барған сайын ескерусіз қалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, гуманитарлық міндеттемелер жүйелі түрде бұзылып, жекелеген жағдайларда БҰҰ қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қатысты кепілдіктер сақталмай отыр. Соның салдарынан бейбіт тұрғындар ауыр зардап шегіп жатыр.
Саясаткер: Таяу Шығыстағы тұрақсыздық Орталық Азияға да әсер етуі мүмкін
Гутерриш Таяу Шығыстағы ахуалға ерекше назар аударып, аталған қақтығыстың әскери жолмен шешімі жоқ екенін қадап айтты. Ол тараптарды келіссөздерді қайта жандандыруға, атысты тоқтату режимін қатаң сақтауға және Ормұз бұғазындағы теңіз қатынасының еркіндігін қамтамасыз етуге шақырды.
«Қазіргі кезең – эскалация уақыты емес, сабырлылық пен дипломатияға басымдық беретін кезең. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік, әділеттілік, мемлекеттік егемендік және адам қадір-қасиетін қорғауға бағытталған институттар мен қағидаттарды берік қолдайтынын білдіретін айқын белгі», деп атап өтті БҰҰ бас хатшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы соғысты толық тоқтату туралы келісімді құптайды
Антониу Гутерриш осы аптада Гаага қаласына барып, Гаага халықаралық сотының құрылғанына 80 жыл толуына арналған іс-шараларға қатысатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл сапар халықаралық құқық нормаларын барлық мемлекеттердің мүлтіксіз сақтау қажеттігін айқындайтын маңызды саяси сигнал болмақ.
Нұрболат АМАНБЕК