Ата-бабадан жалғасып келе жатқан қазақ халқының өнегелі қасиетінің бірі – қариясын құрметтеу. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтылмаса керек. Қазақ халқы қашанда қариясына ізет пен құрмет көрсеткен. Дей тұрғанмен, кейбір қарияларымыздың сый-құрметке бөленбей, үй шаруасын жалғыз өзі атқарып жүргені қынжылтады.
Қазан айының бірінші жұлдызы – Қарттар күні. Қарт десе, әркімнің көз алдына ақ жаулықты әже мен ақсақал қария елестері анық. Алайда перзент атаулының бәрі қазыналарын қадірлеп, қарттарын алақанда аялап отырмағаны қынжылтады. Осындай көмекке мұқтаж қарияларға көмектесу үшін Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастамасымен «Қарттарға көмектесейік!» акциясын ұйымдастыру қолға алынды. Түркістан қалық пробация қызметінің қызметкерлері Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу секторымен бірлесіп, қарттарға қолдау көрсету іс-шарасы аясында жоспар құрған болатын. Бұл жоспар бойынша 1-10 қазан аралығында жалғызбасты аналардың, мүмкіндігі шектеулі қарттардың үйлеріне тазалық және шаруашылық жұмыстарына қолғабыс ету көзделген. Олардың ішінде қолдарына күрегі мен сыпырғысын ұстаған ерікті жастар да бар.
– Бүгіннен бастап қаламызда акция басталды. «Қарттарға көмектесейік!» деп жалғызбасты қарттарымызға және мүгедек жандардың үй шаруасы мен қыстық отынын жарып беруді жоспарлап отырмыз. Акцияның басты мақсаты – көмекке мұқтаж ата-әжелеріміздің үй шаруасындағы жұмыстарына көмектесу. Әрине, елімізде жалғызбасты қариялардың көбейіп келе жатқаны қынжылтады. Бұл акция жылда өзінің жалғасын табады деп үміттенемін, – деді Түркістан қаласындағы пробация қызметінің инспектор-психологы, әділет лейтенанты Ақмарал Бекбай.
Үй шаруасына көмек көрсеткен пробация қызметінің қызметкерлері мен еріктілерге қарт ана өзінің алғысын білдірді.
– Мен осындай мейрімді жастардың барына қуанамын. Бүгін Қарттар күнінде үйге келіп құттықтап, үй шаруасына көмектесіп, ауламды тазалап берді. Жастармен бірге шай ішіп, көңілім көтеріліп қалды. Осындай акциялар жиі ұйымдастырылып тұрса екен деймін. Елімізде көмекке мұқтаж жандар бар. Жасымыз келгенен кейін үй шаруасына жарамаймыз. Ал жеке үйімді тастап көпқабатты үйге көше алмаймын, – деді Түркістан қаласының тұрғыны Самал әжей.
Аталған акцияны Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Кентау қалалық пробация қызметі жалғастырды.
Қалалық пробация қызметі Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесіп, Кентау қаласының тұрғыны Нүрия әжейдің үй шаруасына көмектесті. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, күн суытып, қар жауып кетпей тұрып отын отап алуға жалғызбасты қарт ананың денсаулығы жарамады. Қарт ананың жағдайын түсінген пробация қызметі оған қолдау көрсету мақсатында өңірдегі еріктілер тобымен бірлесіп, қыс мезгілінде пешке жағатын отынын жарып, үйдің ауласын тазартып, қолқабыс етті.
– Біз аталған іс-шараға төрт еріктіні ертіп бардық. Сонымен қатар пробация есебінде тұрған сотталғандар да өз еріктерімен барып, қарт анаға көмектесті. Аталған қайырымдылық іс-шарасына пробация есебінде тұрған азаматтарды тартудағы мақсатымыз – оларды қоғамға бейімдеп, жауапкершілікті сезінуге шақыру. Осы орайда әлеуметтік көмек беруге арналған ұсынысымызды өңірдегі Жастар ресурстық орталығының еріктілер тобы қолдады. Жалпы көмекке мұқтаж азаматтарға қолұшын созу ізгі істің үлгісі деп білеміз. Қаламыздағы еріктілер тобымен бірлесіп көптеген шараны ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Кентау қалалық пробация қызметі бөлімінің инспекторы, әділет аға лейтенанты Жанәділ Өтешов.
Қиналған кезінде қамқорлыққа бөленген қарт ана пробация қызметі мен еріктілер тобына ризашылығын білдіріп, өзінің батасын берді.
– Бұл үй – менің бақытты күндерімнің естелігі. Осы үйдің ақ босағасын аттадым. Атаңмен жарты ғасырға жуық тату-тәтті өмір сүрдік. Қазіргі таңда үйдің ауыр жұмысын жасауға денсаулығым жарамайды. Әсіресе, қысқы отынды жарып, жинау кезінде қатты қиналамын. Себебі қаламызға әлі көгілдір отын келген жоқ. Біздің үйіміз газбен қамтамасыз етілген кезде бұлай қиналмайтын шығармыз. Көгілдір отынның жоқтығы, әсіресе, мен секілді қарт кісілерге ауыр тиеді. Осыны ескеріп, үй шаруасына қолұшын созған Кентау қалалық пробация қызметіне алғысымды айтамын, – дейді қала тұрғыны Нүрия әжей.
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы