Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруда дәстүрлі сала – қой шаруашылығын өркендетудің маңызы ерекше. Республикамыздағы жайылымдық алқаптардың мол қоры (182 млн га) және көшпелі қой шаруашылығы технологиясының ерте кезден-ақ қалыптасуы – саланы дамытудың зор мүмкіндіктері.
Елімізде 1930 жылдарға дейін негізінен құйрықты қой тұқымдары (98%) өсіріліп, қылшық жүн өндірілгені белгілі. Кеңес кезеңінде әлемдік үрдіске бетбұрыс жасалып, биязы жүнді қойларды өсіруге пәрмен берілді. 1980-90 жылдарда биязы, биязылау жүнді қой тұқымдарының үлесі 55 %-ға жетті, одан өндірілген жүн – 68-72%, оның ішінде биязы жүн 80-85%-ды құрады. Жүн өндірудің көлемі ғана емес, сапасы да артып, әлемнің 12 алыс-жақын еліне жылына 25-30 мың тонна жүн экспортталып, республикадағы жеңіл өнеркәсіп орындарында жан басына шаққанда 2,0-2,3 шаршы метр мөлшерінде сапалы мата дайындалды.
Тәуелсіздік алған тұста қой саны 36 млн-ға жетіп, жылына 105 мың тоннадан аса табиғи жүн, 267 мың тоннадан аса (сойыс салмағымен) ет өндірілуі, қой шаруашылығын дамыту мүмкіндіктерінің зор екенін дәлелдеді.
Бүгінгі таңда қой басының жалпы саны 18 млн болғанымен, биязы және биязылау жүнді қойлар 2,3 млн бастан аспайды. Жалпы алынған 40 мың тонна жүннің 7,1 мың (18%) тоннасы биязы жүнге тиесілі, яғни жуылған жүн есебімен өндіріске жарамды 3,5 мың тонна жүн өндірілуде. Халық шаруашылығына қажеттілігін ескеріп, ғылыми тұрғыдан келсек, еліміздегі биязы және биязылау жүнді қой саны 8 млн бастан жоғары болуы тиіс еді. Өйткені халықты, әсіресе, балаларды сапалы киіммен қамтуға жылына әр адамға кемінде 2 кг қой жүні (табиғи жүн есебімен), оның ішінде 1,5 кг биязы және биязылау жүн өндірілуі керегі анықталған. Сонымен, биязы және биязылау жүнді қой басы қажетті мөлшерден 4 есеге дейін аз болып отыр. Ең сорақысы, жыл сайын өндірілетін 40 мың тонна жүннің 26 мың (67%) тоннаға жуығы жарамсыз (утиль) болып қалуда.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан аумағында өндірілген барлық жүннің 11%-ы ғана өңделеді, осы көрсеткіш жуылған биязы жүн үлесіне тиесілі. Экспорттық әлеуетті сараласақ, бар жоғы 1 834,5 тонна биязы жүн сыртқа сатылған. Соңғы бес жылда жүн өндірісі 8%-ға артқанымен, экспорт 3,5 есеге төмендеген. Республика көлемінде өңдеу саласының мүмкіндігін сараласақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша жүн өңдеу саласындағы 13 арнайы мамандандырылған кәсіпорынның тек төртеуі ғана осы бағытта жұмыс атқара алады. Мысалы, «Фабрика ПОШ-Тараз» кәсіпорны жүнді жуу мен шүйкеленген жүн өндіруге мамандандырылса, «Шымкент-Кашемир» кәсіпорны биязы және қылшық жүнді жуып, одан дайын өнім алуға технологиялық тұрғыдан жасақталған. Атырау облысында Caspiy Lana Atyrau кәсіпорны жүнді толығымен өңдеу технологиясын игерген, көбіне, тоқыма жамылғы шығарады. Алматы облысында «Куат ЛТД» кәсіпорны жүнді өңдеу арқылы негізінен киіз, ұлтарақ, байпақ өндіреді.
Бүгінгі таңда, қой шаруашылығы өнімдерінің 80 %-дан астамы шағын қожалықтар мен қосалқы үй шаруашылықтарында өндіріледі. Осы үрдіс технологиялық жаңалықтар мен ғылыми жетістіктерді пайдаланып, саланың экспорттық әлеуетін тиімді пайдалануға қолбайлау болып тұр. Сондықтан да өндірілген жүннің сапасы сұранысқа сай келмей, қой еті, оның ішінде, әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие қозы еті тек отандық тұтынушылардың қажетін қамтамасыз ететін мөлшерде ғана өндірілуде (ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2019 жылы 151,932 мың тонна қой еті өндірілген, жан басына шаққанда 8,4 кг ғана).
Әлемдік нарықтағы сапалы биязы жүнге сұраныс үлкен болғанына қарамастан, елімізде жыл сайын өндірілетін 7 мың тоннадан аса биязы және биязылау жүн 1 долларға жетпейтін бағамен өткізілуде немесе мүлдем іске аспауда. Жіңішкелігі 19-21 мкм-ге дейінгі 1 кг меринос жүннің Жаңа Зеландия мен Аустралия нарығындағы орташа бағасы 10 доллардан жоғары. Осындай зор әлеуетті неге пайдаланбасқа?
Аталған жайдың орын алуының басты себептеріне тоқталсақ. Біріншіден, биязы және биязылау жүндерді сапасына, әсіресе олардың жіңішкелігі мен ұзындығына, ластану деңгейіне (түрлі қоспалармен: қи, тікенмен араласуы) сай жүйелеп (классировкалап) нарыққа ұсыну жұмыстары жүйесіздікке ұшырады. Кеңес кезінде осы жұмыстар жоспарлы түрде атқарылып, мемлекеттік бақылауда болды. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмысты ұйымдастыруға мемлекет тарапынан көзқарас, ал шаруалар тарапынан талпыныс байқалмайды. Екіншіден, биязы және биязылау жүннің сатылмауы осы бағыттағы қой тұқымдарының өсуіне тежеу болып тұр.
Себебі, шаруалар үшін төлдері алғашқы тәуліктерде күтімді қажет етпейтін құйрықты қой тұқымдарының қошқарларымен жаппай будандастыру қолайлы. Осы үрдістің әсерінен қой жүні әртектіленіп, оның физикалық-технологиялық сапасы нашарлады. Биязы жүнді субсидиялау кезінде шикізаттың сапалық көрсеткіштері ескерілмеуі жүннің сапасын төмендетіп, отандық жеңіл өнеркәсіптің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірді. Оған қосымша, жүн дайындау және сатумен айналысатын құрылымдар жүйелі жұмыс атқармады. Ал 2020 жылдан бастап жүнге қарастырылған субсидияның мүлдем тоқтауы меринос жүнді қойларды өсіруге ынталандырмай, оның дамуына қолбайлау болып отыр. Неге? Өйткені биязы жүнге берілген 150 теңге субсидия, сол жүнді қырқуға жұмсалатын шығынды өтеуге ғана жарайтын еді. Себебі бір бас қойды қырқуға 350-450 теңге жұмсалса, бір қойдан алған 3 кг жүнге 450 (150 тг х 3 кг = 450) теңге субсидия алатын еді. Ал нарықтағы биязы жүнге берілетін баға 350 теңгеден аспайды. Сонда, қой баққан шаруа бір бас малдан 1 мың /350 тг х 3 кг = 1050/ теңгеден аспайтын табыс табады, осы қаржымен шығын жабыла ма?
Биязы жүнге деген әлемдік сұранысқа орай, қой жүнінің нарықтағы парқын әлемдік деңгейге жеткізу мемлекет құзырындағы саясат. Биязы меринос жүн өндірісінің стандартқа сай дамуын сапалық тұрғыдан қадағалауды жүзеге асыратын, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған сертификатталған жүн зерттеу орталықтарының қалыпты /рентабелді/ жұмыс атқаруына мемлекеттік тұрғыдан жағдай жасалғаны жөн. Осы орайда, биязы жүнді қой шаруашылығы өркендеген Аустралияның іс-тәжірибесін қолданып, жүнді сапасына сай сатуды шұғыл қолға алуды қарастыру керек. Жіңішке талшықты бағалы меринос жүнін өндіру бойынша көшбасшы елде жүн нарығын реттеумен айналысатын бірнеше ғасырлық тәжірибесі бар Аустралия жүн корпорациясы (АЖК) жұмыс істейді. Ұйымдастыру шараларын іске асыру үшін жалпы қырқылған жүннің 8 % мөлшерінде салық алатын АЖК жылдар бойына жиналған қаржының 50 %-ын резервтік бағамен шикізат сатып алуға, 44,0 %-ын халықаралық және ұлттық жүн саудасы іс-шараларын реттеуге, қалған 6,0%-ын ғылыми-зерттеу жұмыстары шығындарына жұмсайды екен. Осы орайда, мемлекет тарапынан қой саласына мән беріліп, осындай тетіктерді немесе балама жолдарын қарастырған абзал.
Әлемдік нарықта жіңішке меринос жүнге сұраныс ешқашан қанағаттандырылған емес, баға да жоғары деңгейде тұрақты сақталуда. Осыны ескеріп, отандық биязы жүнді қой шаруашылығында жіңішке талшықты меринос жүн беретін, салмақ басатын, әрі тезжетілгіштік қасиеттері ұтымды ұштасқан қой отарларын көбейтіп, оны одан әрі асылдандыру жұмыстарын жандандыру қажет. Қошқарлары мен саулықтарының орташа салмақтары, тиісінше, 100-120 және 65-70 кг, ал 20 апталық еркек тоқтылары 45 кг-нан асатын, аустралия етті «мериносы» мен немістің «дойчемеринофлейшшаф» тұқымын тиімді әдістермен қарқынды пайдалану отандық биязы жүнді қой шаруашылығына тың серпін берері өндірістік тәжірибеде дәлелденді.
Мысалы, 2011 жылы селекциялық жетістік ретінде тіркелген биязы жүнді қойдың етті бағыттағы жаңа тұқымы «Етті меринос» осыған дәлел. «Етті меринос» – тұқым шығару үрдісінде меринос жүн мен сапалы қозы етін өндіруді қамтамасыз ететін, «өз төлінен өсіру» әдісімен шығарылған бағалы тұқым.
«Етті меринос» тұқымының өнімділік қасиеттерін қалыптастыру сексенінші жылдары қазақтың биязы жүнді қойының еттілік қасиетін арттыру бағытымен жүргізілді. Осы қойлардың жергілікті жерге бейімділігін пайдалана отырып, оның еттілігін арттыру мақсатында етті мал таңдалып, тұқымішілік селекция әдісімен етті бағыттағы отарлар саны көбейтілді. Селекциялық үрдістің соңғы кезеңдерінде еттілік қасиетті күшейту мақсатында немістің «дейчемеринофлейшшаф» қошқарларының генетикалық әлеуеті қолданылды. Осындай будандастырудан алынған тұқымдар өз төлінен өсіру жолымен көбейтіліп, тұқымішілік сұрыптауға басымдық берілді. Әрине, жүн сапасы назардан тыс қалған жоқ. Ерте жетілген қозыларды сол жылы аталық ретінде пайдалану әдістері қолданылды. Сұрыптау кезінде 6-7 айлығында 50 кило салмақтан асатын қошқар тоқтылар, еттілігі жағынан және жүн сапасы бойынша қатаң сұрыптаудан өткізіліп, көбіне, қолдан ұрықтандыру жолымен қарқынды пайдаланылды. Ғалымдардың қолданған осы ұтымды шешімі өте жақсы нәтижесін берді. Біріншіден, малдың еттілігі артты, екіншіден, қозылардың ерте жетілуі тектік қасиет ретінде қалыптасты.
Осы тұқымдардың және оның будан қошқарларын заманауи ДНҚ-технологиямен бағалап, жақсартушы ретінде танылғандарын қойды қолдан ұрықтандыруда қарқынды қолдану, алынған төлдерді жүн сапасы мен тезжетілгіштігі бойынша іріктеу мен жұптауды жүйелі жүргізу отандық биязы жүнді қой шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттырары даусыз.
Жүнді-етті бағыттағы тұқым – қазақтың оңтүстік мериностарының төзімділік қасиеттерін сақтай отырып, тірілей салмағы мен жүн өнімділігінің көлемі мен технологиялық сапасын жақсарту осы тұқымның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұқымның тектік қорын жетілдіруге жол ашады. Ұқсас өнімділік бағыттағы, еліміздің солтүстік және солтүстік-шығыс өңірлеріне кеңінен таралған қазақтың солтүстік мериностарының жойылып кетуі аталған жұмыстың теориялық және тәжірибелік мәнін арттырып, арнайы шаралар кешенін қабылдауды жеделдетуді қажет етеді.
Қой шаруашылығы саласында ғылым мен өндірістің ғасырға жуық бірлесе жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде қылшық жүнді құйрықты саулықтарды шетелдерден әкелінген биязы және биязылау жүнді қой тұқымдары қошқарларымен ұрықтандырудан алынған будандарды, селекция мақсатына сай, сұрыптау мен жұптау арқылы шығарылған, жергілікті қойлардың төзімділік қасиеттері мен шетелдік тұқымдардың жоғары өнімділігі ұтымды ұштасқан 5 биязы (қазақтың биязы жүнді қойы, қазақтың арқармериносы, қазақтың оңтүстік және солтүстік мериностары, етті меринос), 4 биязылау (қазақтың етті-жүнді, қазақтың кроссбредті биязылау жүнді, ақжайық етті-жүнді, қазақтың етті тез жетілгіш биязылау жүнді қойы) жүнді қой тұқымдары сапалы жүн өндірісі бойынша еліміздің әлемдік державалардың алғашқы ондығына енуін қамтамасыз етіп қана қоймай, қой етін, оның ішінде қозы етін республикадан тыс нарыққа үлкен көлемде шығаруға мүмкіндік берді.
Қазақтың биязы жүнді қойы, қазақтың арқармериносы, қазақтың оңтүстік мериностары 1946-66 жылдар аралығында шығарылып, республика және одан тыс аймақтарға қой тұқымдары мен олардың өнімдері селекция жетістігі мәртебесінде кеңінен таралды. Ет, жүн өнімі және жергілікті табиғат жағдайларына бейімделушілік қасиеттері жақсы ұштасқан бұл тұқымдар тауар өндірушілер тарапынан сұранысқа ие. Тек, қазақтың арқармериносы ғана реформа жылдарында біршама азайғанымен, таралу аймағының тұрақтылығын сақтап қалды. Басты себеп – олардың ұшасында (тұтынушылардың басым бөлігі тарапынан сұраныс төмен құйрықтың болмауынан) май үлесінің төмендігі және майдың ет ұлпаларының құрамында мәрмәрлік (мрамор) сипатта қалыптасып, еттің құнарлылық және тағамдық құндылығының жоғары болуын қамтамасыз етуі.
Отандық биязы және биязылау жүнді қой тұқымдарының осы ерекшелігі мен оның құйрықты қоймен салыстырғанда төлшеңдігінің жоғарылығын (25-30%-ға) ұтымды пайдалану осы бағыттарды өркендетуге жаңа көзқарас қалыптастыратыны анық. Аталған тұқымдардан ішік, тон тігуге пайдаланылатын бағалы тері шикізаттарын алуға болатыны және оның тауарлық қасиеттері (әдемілігі, жылылығы, жеңілдігі) қылшық жүнді қойлармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екені ескерілмей келеді.
Жүн талшықтарының ұзындығы мен жіңішкелігі қой денесінің өне бойында біркелкі келетін, қырқылған жүннің ұзындығы – 7 см-ден, жүн жіңішкелігі 60-сападан (25 мкм) төмен емес биязы меринос жүнге сай келетін шикізат тек жұқа да тығыз теріде ғана қалыптасатындығы ғылымда өткен ғасырдың басында-ақ дәлелденген. Осы өнімділік бағыттағы қой тұқымдарын, қаракөл қойлары секілді, тек таза тұқымды өсіру арқылы ғана жетілдіруге болатынына тауар өндірушілер тарапынан жеткілікті мән берілмей келеді. Осы орайда, қой тұқымдарын оның бағалы генотиптік ерекшеліктерін сақтай отырып, асылдандыру жұмыстарында жоспарлы пайдалануға жауапты Республикалық палаталар мен саланың ғылыми негізде дамуына әдістемелік жетекші, ғылыми мекеме Қ.Ү.Медеубеков атындағы «Қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының» ғалымдарына үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Ат үстінде күн кешіп, зат қадірін терең түсінген, қой терісіне «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» деп баға берген елдің ұрпағы – бізге атакәсіпке құрметпен қарау, саланы дамытып, өнімін ұқсата білу – парыз.
Шетелдік тезжетілгіш, етті, етті-жүнді қой тұқымдарын пайдалану арқылы будан төлдердің ет өнімділігі мен тезжетілгіштігін арттыруға болады. Ол үшін біріншіден, будандарға тиісті азықтандыру, бағу жағдайлары жасалынуы шарт. Екіншіден, қандай тұқымдар пайдаланылып, қандай жағдайлар жасалса да ет, жүн, тері өнімділіктерінің көлемі мен сапасын қатар арттыру мүмкін емес. Бұл – әлемдік ғылым мен тәжірибеде сан рет дәлелденген, талассыз шындық. Айтылған мәселелер ескеріліп, ғасырға жуық жүргізілген асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде 2016 жылы ғана шығарылған қазақтың етті тез жетілгіш биязылау жүнді қой тұқымы бұл пікірге дәлел бола алады. Жақсартушы генотип ретінде британдық гемпшир тұқымы қолданылып, еттілік, тезжетілгіштік, төлшеңдік қасиеттерімен көзге түсетін бұл тұқым, жүн сапасы бойынша кез келген биязы жүнді қой тұқымымен теңесе алмайды.
Селекция жетістігі ретінде сынақтан өтуі 1991-96 жылдарға, яғни реформа кезеңіне тұстас келген, биязылау жүнді қой тұқымдарының (қазақтың етті-жүнді қойы, қазақтың кроссбредті биязылау жүнді қойы, ақжайық етті-жүнді қойы) шығарылуы іс жүзінде олардың қарқынды азаюымен қатар жүрді. Еліміз қой шаруашылығындағы ең жаңа тұқым – қазақтың етті тез жетілгіш биязылау жүнді қойынан басқа аталған тұқымдар іс жүзінде жоғалып кету қаупі алдында тұр. Бұл тұқымдардың ет өнімділігі мен тезжетілгіштік қасиеттерінің жоғарылығына қарамастан, төлдерінің алғашқы тәуліктерде, құйрықты қой тұқымдарымен салыстырғанда, күтімді қажет ететіндігі, сондай-ақ биязы жүнге берілген мемлекеттік субсидияның биязылау жүнге берілмеуі де мал санының күрт төмендеуіне әкеліп соқты.
Қой шаруашылығының келешегі қозы етін өндіру және экспортқа шығарумен тығыз байланысты екенін ескерсек, осы бағыттағы жұмыстар тиімділігін еселей арттыруға биологиялық, генотиптік ерекшеліктері бойынша биязылау жүнді қой тұқымдары барынша сай келеді. Қозы етін өндіру ісін жүйелі жолға қоюда еліміздің солтүстік, солтүстік-шығыс аймақтарының түрлі себептермен егін егуге қолданылмай жатқан шұрайлы жерлерін, сондай-ақ үлкен қалалар белдеулеріндегі суландыру мүмкіндігі жоғары алқаптарды осы интенсивті тұқымдарды өсіру арқылы игерудің мәні өте зор. Бұл істің мемлекет қадағалауымен және арнайы жоспар бойынша іске асырылуы, біріншіден, солтүстік шекаралық аймақтарды, оңтүстіктегі тығыз орналасқан халықтың есебінен, тиімді қоныстандыруды жүзеге асыруға, екіншіден, қой шаруашылығының лайықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда етті-майлы бағыттағы қой тұқымдары (қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы, еділбай қойы, қазақтың ұяң жүнді құйрықты қойы, сарыарқа қылшық жүнді құйрықты қойы, дегерес қойы, ордабасы қойы, гиссар тұқымының қан үлесі түрліше будандары) еліміздегі осы түлік түрінің 80%-ға жуығын құрап отыр. Басты себеп – олардың күтім талғамайтындығы мен қозыларының тезжетілгіштігі. Екіншіден, жүнге сұраныстың болмауы да осы бағыттағы қой тұқымдарының кең таралуына ықпал етті. Қазіргі кезде оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің құйрықты саулықтарына гиссар тұқымының қошқарларын пайдалану үрдісі белең алып тұр. Ірі салмақты, құйрық үлесі ұшаның 30 %-ға жуығын құрайтын гиссар тұқымы қошқарларын пайдаланудың етек алуына түрткі болған жай: будан тоқтылардың тезжетілгіштігі және жергілікті қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы тоқтыларымен салыстырғанда 4-5 кг-ға ірілігі. Кемшіліктері: жүн көлемі мен сапасының төмендігі, Қазақстанның түрлі аймақтарының жағдайларында жайылымда бағуға, әсіресе Солтүстік, Батыс, Шығыс және Орталық Қазақстанның қатал қысына гиссар тұқымының қан үлесі жоғары будандардың бейімделушілік қасиеттерінің төмендігі, жыл бойына жайылым азығына қосымша үстеп қоректендіруді қажет етуі.
Осы орайда елімізде өсірілетін, қаракөл тұқымынан өзге, барлық қой тұқымдарының аналық негізі болып табылатын қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы мен оның халық селекциясы негізінде шығарылып, отандық ғалымдар мен өндіріс мамандарының бірлескен еңбегі нәтижесінде жақсартылған тобы, ұлттық бренд – еділбай тұқымын таза сақтап қалу және одан ары жетілдіру өте өзекті де кезек күттірмейтін мәселе.
Қазақстан мен одан тысқары аймақтардың аптап ыстығы мен қаһарлы аязына бейімделушілік қасиеттері бойынша теңдессіз, сондай-ақ ұша салмағы бойынша гиссарлармен қатарлас, ал ет өнімділігінің сапасы бойынша елеулі деңгейде жоғары (ұшадағы ет ұлпалары үлесінің жоғары, құйрық салмағының төмендігі есебінен) мал – еділбай тұқымын сақтау мен одан ары таза тұқымды өсірудің арнайы бағдарламасын қабылдау мен іске асыруға тез арада кірісу қажет.
Айбын ТӨРЕХАН,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,
«Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығы» мекемесінің ғылым және ақпараттық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры