Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қаралды.
60 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады
Бұл мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.
Ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиев атап өткендей, Кешенді жоспар түрлі сала бойынша жобаларды іске асыруды көздейтін 15 бағыттан және 214 іс-шарадан тұрады. 2021-2025 жылдарға арналған инвестицияларға жалпы қажеттілік 2,1 трлн теңгені құрайды, оның ішінде Республикалық бюджет – 338,8 млрд теңге, жергілікті бюджет – 118,3 млрд теңге, сондай-ақ жеке инвестиция – 1,6 трлн теңге. Өнеркәсіпте Жаңаөзен қаласында газ өңдеу зауытын, «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында каустикалық сода, құрамында хлор бар өнім өндіру зауытын салу, сондай-ақ сұйық дәрілік формаларды, химиялық реагенттерді, трансформаторларды және т.б. өндіру бойынша 21 жобаны іске асыру көзделеді. «Өңірдің туристік әлеуетін дамыту бойынша «Жылы жағажай» ауданында туристік кешен мен сауда қатарларын, визит орталығы бар этноауыл, 9 қонақүй, демалыс аймақтары, сауықтыру кешендерін салу сияқты шаралар қабылданатын болады», деді Ә.Ерғалиев.
Көлік және логистика бағыты бойынша Ақтау қаласының халықаралық әуежайында жаңа терминал салу және жұмыс істеп тұрғанын жаңғырту, Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалын жаңғырту жоспарланған. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламаларының құралдары белсенді қолданылады. Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында 2 көтерме-тарату орталығы салынады. АӨК саласында 25 инвестициялық жоба іске асырылады, сондай-ақ АӨК субъектілеріне кредит беру және ауыл шаруашылығы малын, техникасы мен технологиялық жабдығын сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелері субсидияланады.
Үш ауысымды және апатты мектептерді жою мақсатында 24 мектеп және 11 қосымша құрылыс салынатын болады. Сондай-ақ 5 колледж заманауи жабдықтармен жабдықталады. Мәдениет және спорт саласында тарихи-өлкетану мұражайы мен драма театрының, стадионның, мұз сарайының, 3 спорт кешенінің және басқа да бірқатар объектінің құрылысы жоспарлануда.
Халықтың нақты табысы 40,3%-ға дейін өседі
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспары жобасы шеңберінде министрлік жалпы сомасы 257,5 млрд теңге болатын 16 іс-шараға жауапты орындаушы екенін атап айтты. Өңірді өнеркәсіптік дамыту мақсатында Кешенді жоспарда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағында №2 және №4 қосалқы аймақ құрылысын бастау ұсынылады. Бұл мақсатқа 2023-2025 жылдар аралығында 9,6 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлу көзделіп отыр.
Энергетика министрі М.Мырзағалиев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес министрлік бірқатар іс-шараны іске асыратынын жеткізді. Біріншіден, министрлік «Total» компаниясымен Доңға кен орны бойынша өнімді бөлу туралы шарттың мерзімін 2024 жылдан 2039 жылға дейін ұзартты. Есесіне «Total» компаниясы 2021-2025 жылдары шамамен 70 млрд теңге инвестиция құяды. Нәтижесінде, компания мұнай өндіру деңгейін 25%-ға арттыруды қамтамасыз етеді. Осылайша, қазіргі жылына 680 мың тоннадан 860 мың тоннаға дейін артып, құрылыс жұмыстары кезінде 400-ге жуық жұмыс орны құрылады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәліметінше, еліміздегі өндірілетін өнеркәсіп өнімінің 10%-ы, мұнайдың 23%-ы және газдың 5,2%-ы өңір экономикасының үлесіне тиесілі. Бұл негізін мұнай-газ секторы құрайтын өнеркәсіптік өңір ретінде сипатталады. Сонымен қатар экономиканың негізгі салаларын дамытуда өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, көлік және логистикаға басымдық беріліп отыр. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму аспектілерінің бірі – халық санының тұрақты өсу үрдісі. «2020 жылдың қорытындысы бойынша аймақтағы туу көрсеткішінің мың адамға шаққанда коэффициенті 31-ді және «халықтың табиғи өсімі» коэффициенті 25-ті құрап, еліміз бойынша бірінші көрсеткіш болып отыр», деді Н.Ноғаев.
Қазіргі таңда облыс халқының саны 733 мың адамды құраса, ал 2025 жылға қарай 825 мың адамға жетуі күтіледі. Әкім атап өткендей, экономиканың жекелеген салаларындағы облыстың жинақталған проблемалары және демографиялық жағдай өңірдің келесі мәселелерін шешуде кешенді тәсілді талап етті: тұщыту қуаттылықтарының жетіспеушілігінен ауыз су тапшылығының артуы; әлеуметтік саладағы мәселелер және адами капиталды қалыптастыру мен жұмыспен қамту; коммуналдық инфрақұрылымның тозуы; қоқысты өңдеу инфрақұрылымының жетіспеушілігі мен «Қошқар ата» қалдық қоймасымен байланысты ахуал. Бұл мәселелерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт өңірге жұмыс сапары кезіндегі кеңесте ерекше тоқталды. Әкімнің мәліметінше, негізгі мәселелерді шешуге бағытталған 214 іс-шарадан тұратын Кешенді жоспар жобасы жасақталды, оның ішінде экономиканы дамыту аясында – 87, тұрғын үй және инфрақұрылым бойынша – 48, әлеуметтік сала және экологияда 66 және азаматтық қорғанысты қамтамасыз етуде 13 іс-шара қарастырылған. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп күтіледі.
Жалпы, Кешенді жоспарды жүзеге асыру арқылы келесідей нәтижелерге қол жеткізу күтіледі:
2025 жылға қарай облыстың жалпы ішкі өнімінің көлемін 3,1 трлн-нан 4,1 трлн теңгеге дейін ұлғайту; туризм саласында 2025 жылы өңірге келетін туристер санын 740 мыңға дейін арттыру; 2025 жылға дейін ауыл халқын орталықтандырылған сумен қамтуды 100%-ға жеткізу; жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 100%-ға дейін ұлғайту; халықтың нақты ақшалай табысын 144,2 мың теңгеден 202,3 мың теңгеге дейін арттыру.
Мәселені Үкімет басшысы А.Мамин қорытындылады. Ол Маңғыстау облысының даму әлеуеті жоғары өңір екенін атап өтті. 2,1 трлн теңге сомасына Кешенді жоспардың 214 іс-шарасын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін беретінін айтты. Негізгі капиталға инвестиция 2 есе ұлғаяды және 2025 жылы 1,2 трлн теңгені құрайды. Өңір экономикасы 32%-ға өседі.
Премьер-Министр өңірдің таяу жылдардағы негізгі міндеті мұнай-газ секторын, өңдеу өнеркәсібін, туризмді, көлік пен логистиканы және т.б. дамыту екенін атап өтті. Маңғыстау облысында әлеуметтік, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жобалары іске асырылады. Қабылданған шаралар есебінен өңір халқының 100%-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. «Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құруды, өнеркәсіп көлемінің 27%-ға өсуін, халықтың нақты табысының 40%-ға өсуін және жалпы өңір тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз етеді», деді А.Мамин.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіпорындарда еңбекақы мен еңбек жағдайында сәйкессіздікке жол бермеу мәселелеріне ерекше бақылауды қамтамасыз ету жүктелді. Үкімет басшысы Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының бекітілген кешенді жоспарының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Суармалы жер көлемі 3 млн гектарға жеткізіледі
Үкімет отырысында еліміздегі каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау барысы қаралды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстанның су ресурстарының көлемі 90-100 текше шақырымды құрайтынын, оның ішінде 50,8 текше шақырым – жергілікті ағын, ал қалғаны 39,2 текше шақырым Қытай, Орталық Азия елдерінен және Ресейден трансшекаралық өзендер арқылы келіп түсетінін айтты. Жерасты суларының қоры жылына 15,5 текше шақырымды құрайды, бұл 3,5 мыңнан астам кен орнында барланған. Министрдің мәліметінше, 2020 жылы республика бойынша су тарту 24,9 текше шақырымды құрады, оның ішінде 15 текше шақырым су ауыл шаруашылығының мұқтаждықтарына жұмсалған. Суды тиімсіз қолдану 3 текше шақырымды құрады. «Суармалы егіншілік негізгі су тұтынушы саналады. Бүгінгі таңда суармалы жерлердің алаңы 1,6 млн гектарды құрайды. Бес жыл ішінде 600 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылады. Осылайша, суармалы жерлердің алаңы 2,2 млн гектарға дейін жеткізіледі. Бұдан әрі 2025-2030 жылдар аралығында 800 мың гектар суармалы жер айналымға енгізіледі», деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ С.Брекешев суармалы егіншіліктің қазіргі жай-күйі туралы баяндады. Су тартудың барлығын есепке алғанда, 12,1 текше км тұрақты суаруға келеді. Оның ішінде 11,8 текше км төрт оңтүстік облысқа, яғни 1,25 млн гектар суармалы алаңы бар Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі. Демек бұл суаруға арналған су тартудың 97%-ы және ел бойынша барлық суармалы алаңның 78%-ы.
Алдын ала есептеулерге сәйкес 9 жаңа су қоймасын салудың жалпы құны 59,4 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 11,3 млрд теңге 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қолдау тапты. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау үшін қосымша 700 млн теңге, сонымен қатар құрылыс-монтаждау жұмыстарына 2025 жылға дейін 47,4 млрд теңге қажет. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде көрші елдерге су тәуелділігін төмендетуге әкеледі: Қырғызстаннан 30%-ға дейін, Өзбекстаннан 25%-ға дейін және Ресейден 15%-ға дейін.
Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев баяндамасында үнемі өсіп келе жатқан су ресурстарының тапшылығы жағдайында суды есепке алып, ұтымды бөлетін цифрлы технологияларды енгізе отырып, каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау мәселелерінің өзекті және дер кезінде көтерілген мәселе екенін айтты. «Каналдар мен су қоймаларын реконструкциялау және қалпына келтіру жобаларын іске асыру нәтижесінде 2021 жылы су шаруашылығы инфрақұрылымы жүргізілген алаң 1,6 млн гектарды құрайды, оның ішінде 1 527 мың гектар жер өңделіп, өнім өсірілуде, бұл 2020 жылға қарағанда 16,8 мың гектарға көп. Аталған алаңның 1 182 мың гектары немесе 77,4%-ы жер үсті суару тәсіліне тиесілі, 96,3 мың гектар немесе 6,3%-ы – негізінен жаппай су басу әдісімен суарылатын күріш алқаптары, тек 248,4 мың гектарында немесе 16,2%-да ғана заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару әдісі пайдаланылады», деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Мәселені түйіндеген Үкімет басшысы А.Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев суармалы жерлердің ауданын 2025 жылға қарай 2,2 млн гектарға дейін, ал 2030 жылға қарай 3 млн гектарға дейін кеңейту бойынша нақты міндет қойғанын айтты. Бүгінде халық пен экономика салалары үшін су алудың жалпы көлемі шамамен 25 текше км құрайды. Жыл өткен сайын қажеттіліктер арта бермек және бұл суды тиімді пайдалануды, ең жаңа технологияларды енгізуді, саланы цифрландыруды талап етеді. Тек автоматтандырылған бөлу мен тасымалдау есебінен судың артық жұмсалуы жыл сайын 1,2 текше км-ге қысқарады.
Осы ретте, алдағы бес жылдық кезеңде ұзындығы 2,3 мың шақырым болатын 120 каналды реконструкциялау мен жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр болатын 9 ірі су қоймасын салу жөнінде шаралар қабылданады. Сонымен қатар өңірлік деңгейде жайылымдық жерлердегі гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды жаңғырту, жөндеу және оған қызмет көрсету жүргізіледі. «Жалпы, су қоймаларын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын қолдану жыл сайын 6,4 текше шақырым көлемінде қосымша су ресурстарын жинауды қамтамасыз етеді. Бұл шаралар «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында да бар», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бір ай мерзімде 9 су қоймасы мен 120 каналды салу мен реконструкциялаудың, сондай-ақ оны цифрландырудың Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша 2025 жылға дейінгі өңірлік жол карталарын бір ай мерзімде әзірлеу, сондай-ақ жайылымдардағы гидротехникалық құрылыстарды, құдықтарды және скважиналарды жаңғырту бойынша шараларды қабылдау тапсырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, суды көп қажет ететін дақылдар – күріш пен мақтаның егістік жерлерін кезең-кезеңмен азайту мәселесін пысықтау тапсырылды.