Өткен ғасырдың 20-30-жылдарында Жетісу өңірінде болған халық көтерілістері ауқымды да, әлеуметтік жағынан күрделі еді. Большевиктік билік орныққан соң, бас көтерген халық наразылығына 1920-жылдардағы астық жинау отрядтары, 1928 жылдан екпінді жүргізілген астық пен мал дайындау науқандары, түрлі салықтар, тұқым қорын жинау, 1929 жылы басталған күштеп ұжымдастыру себеп болды.
Большевиктік ұғымдағы «бай» деген түсініктің айқындамасы да жыл өткен сайын түрленіп тұрды. 1928 жылғы тәркілеу туралы декрет бойынша Алматы округінде байлар санатына көшпелі аудандарда – 400, жартылай көшпелі аудандарда 300 ірі қарасы бар шаруалар жатқызылса, 1930 жылғы О. Жандосов комиссиясы Іле және Шу өзендері бойындағы көшпелі ауылдарды тексергенінде 40-50 ірі қарасы барлардың өзі бай есебінде тәркіленгенін анықтаған. Егіншілікпен айналыспайтын, бар тіршілігі малға байланысты болған шаруалардың қолында 1 ат, 1 түйе, 10-ға жетпейтін қой қалдырылған. 1928-жылдан бастап ерекше қаталдықпен жүргізілген дінге қарсы науқан да шаруалардың ширығуына түрткі болды.
Отандық тарих ғылымында жаппай шаруалар көтерілістерінің бастауы ретінде 1929 жылғы Бостандық, Батпаққара көтерілістері айтылып келді. Соңғы зерттеулер шаруалар көтерілістерінің ізашар оқиғасы 1928 жылдың сәуір айында Жетісуда, Талдықорған уезіне қарасты Қоғалы болыстығының Аралтөбе казак станицасында болғанын, бірақ бұрын мүлде зерттелмегендігін көрсетті. Аралтөбелік шаруалар ашығып отырған халықтан күштеп жиналған астықтың әкетілуіне қарсы шыққан. ОГПУ, партия органдарының үлкен әбігеріне себеп болған көтеріліс кезінде шаруалар ауылды басып алып, коммунист, комсомолдарды қарулы күзетке алып, дайындалған астықты ашыққан жұртқа таратып берген. Кейін астықты тарату комитетін құрған көтерілісшілерден 44-і сотталған. Олар ақталған жоқ. Бұл сот процесін ОГПУ ашық түрде көрнекі қылып өткізіп, наразылық себебін «кулактардың лаңы» деп тапқан.
Жетісу өңіріндегі халық көтерілістері тарихының зерттелуін округтің бірқатар ауданының «шекаралық» саналуы қиындатты. Алматы округінің Алакөл, Лепсі, Октябрь, Жаркент, Кеген, Талдықорған, Ақсу сияқты 7 ауданы Қытаймен шектесетін. Осы себептен ОГПУ ақпарларында бас көтерген көтерілісшілер топтары «ішкі банда», «шетелдік банда» деп жіктелді. «Шетелдік бандыларға» Қытай жерінен шекара бұзып келіп, жергілікті өкімет орындарымен қақтығысқа түскен көтерілісшілердің қарулы топтары жатқызылды. Қастек, Қордай, Кеген аудандарының босқындары Қырғызстанға бағыт алды. 1928 жылдың өзінде-ақ, Қарқара болыстығының ірі байлары Сырт тауларына жақынырақ қонып, тәркілеу басталған жағдайда осындағы Қақпақ тауларында жүрген қырғыз Жантай Омаровтың көмегімен Қытайға өтуді ойластырады. Шекара басқармасы мәліметінде Қытайдың Жаркент уезімен және Сырт тауларымен шектесетін аймағында жүрген Жантайдың Қырғызстан АКСР-інің Қарақол ауданында танымал тұлға және ақсүйек тұқымы екені айтылған.
«ОГПУ-дің Орта Азиядағы өкілетті өкілдігінің мәліметіне қарағанда, Жантай өзінің беделіне сүйеніп, осы жылдың мамыр айында елді Қытайға көшуге үгіттеді, соңынан қарулы адамдарымен Қарақол ауданының өздерімен бірге 300-ге жуық ірі қара, 1000 ұсақ жандықты айдап кеткен 30-дай отбасының шекарадан өтуіне көмектесті. Жантай үгітінің ұраны: «Салықтар мен малды алудан құтылу». Осы мәліметтерге қарағанда Жантайдың банды тобы Сырт тауларын жақын жерде жүруі Қарқара болыстығының осы маңдағы байларының онымен қосылуын жеңілдетеді», делінген ақпарда.
Шекаралық аудандардағы тұрақты әскери бөлімдердің көптігі бас көтерген шаруалар мен босқындарды аса қиын жағдайда қалдырды. 1930 жылдың көктеміне қарай көтерілген Алматы округінің Бүйен Ақсу, Сарқан және басқа да аудандарындағы шаруалар көтерілістері тұрақты әскери бөлімдердің, соның ішінде әскери авиация көмегімен аяусыз жаншылды. 1930 жылдың соңына қарай Сейітбаттал Түгелбаев және Шоқан Елеусізов бастаған көтерілісшілер тобы Қапалдан шегініп, кеңес-қытай шекарасына жеткен. Босқындарға жол-жөнекей Баласаз, Ащыбұлақ, Бүйен және басқа мекендер тұрғындары қосылған. 4 сәуірде көтерілісшілер қалың қарды омбылап тоқтаған Сарытау деген жерде оларды жазалаушылар отряды қуып жеткен. 4 сағатқа созылған шайқастан соң көтерілісшілер 68 адамынан өлідей айырылып, берілуге мәжбүр болған. Олардан 28 винтовка, 6517 бас мал алынған. 517 көтерілісші тұтқындалып, ОГПУ үштігіне берілген. Кейінірек олардың 108-і атылған. Осымен бір мезгілде Талдықорғанға қолға түске көтерілісшілерді пайдалану арқылы ұсталған, Қызылағашты қоршау кезінде белсенді болған 8 көтеріліс жетекшісі жеткізілген. Олардың арасында Мүкей Болатов, Құдайбергенов, Божанов және басқалары болған. ОГПУ-дің 1930 жылдың 25 маусымдағы ақпарында Сарқанда Бүйен Ақсу ауданындағы көтерілісті ұйымдастырушы Серік Марқұлов қамауда жатқан жерінен қашып шығып, қайтадан ұсталар кезінде қарсылық көрсетіп, өлтірілгені хабарланған. Тұрақты әскери бөлімдердің бейбіт шаруаларды қынадай қыруы Жетісудың шекаралық аудандарындағы көтерілісті жаншудың негізгі ерекшеліктерінің бірі болды. (1-кесте)
Жоғарыдағы кестеден бір ғана Балқаш ауданының өзінде жаншылған халық көтерілістері келер жылдары өрши түскенін көруге болады. Сондай-ақ ОГПУ «шетелдік банды» санаған шекаралық аумақтарда қимыл жасаған көтерілісшілердің бірқатары Қытай билігінің тарапынан да қуғындалған. Атап айтқанда, 1932 жылы Қытайдың Күре түрмесіндегі Жақыпберді Солтанбекұлы бастаған 24 көтерілісші атылды. Олардың мүрделері Жаманбұлақ қорымына жерленген. Атылғандарың үлкені – 47 жастағы Жақыпберді Солтанбекұлы, ең жасы 16 жасар Тұрсынбай Әубәкірұлы болған. Жақыпберді бастаған 12 адамды да Күре түрмесіне әкеліп, сонда атады. 24 көтерілісшінің мүрделерін жергілікті ұйғыр ауылы тұрғындары Жаманбұлақ қорымына жерлейді. Атылғандардың дені Пұсырман би ұрпақтары еді. Атылғандардың ішінде 22 жастағы ақын Әуезхан Белгібайұлы (1910-1932) Күре түрмесінде «Жақыпберді қиссасын» жазып, ол шығарма ел ішінде ауыздан-ауызға кең таралған. Ал Қытайдағы КСРО Бас консулдығының 1930 жылдың 16 наурызындағы мәліметінде Семей және Алматы округтері шекара аудандарында әрекет еткен Жәнібек туралы Қытай өкіметімен хат алысулар болғаны жазылған. Хаттар бойынша негізгі мәміле Қызыл армия мен Қытай әскерлерінің Жәнібекке қарсы бірлескен қимылы туралы болған. Бас консулдық Жәнібек «бандыларының» тонауынан кеңестік азаматтар мен кеңес ұйымдарына келтірген орасан зор зиянын» көрсеткен. Қытай жағы кеңестік дипломаттарға Жәнібек отрядының қазір кеңестік территорияда екенін айтып, жауап берген. Әскерлерге Жәнібектің қайтадан Қытайға өтіп кетуіне жол бермеу тапсырылған. Жәнібекті тірідей ұстағанға 1000 лан уәде етілген. Екіжақты қыспаққа түскен қазақ шаруаларының барар жер, басар тауы қалмағанын айғақтайтын бұл ақпараттар халық басына төнген нәубеттің алапатты ауқымын көрсетеді.
Көтерілісші шаруаларға қарсы тұрақты армия бөлімдері, авиация ғана шоғырландырылған жоқ. Сондай-ақ ВКП (б) арқылы саяси сенімділік белгісімен іріктелген қарулы бөлімдер – коммунистік отрядтар құру тапсырылды. 1929 жылдың 1 ақпанында өткен Алматы округкомы арнайы үштігінің №3 мәжілісінде округтік комитет хатшысы Морозов Өлкекомның коммунистік отрядтар ұйымдастыру және оның құрылымдық ережесі туралы құпия хатымен таныстырды. Үштік мәжілісі комотрядтарды барлық ауданда ұйымдастыруға, ал шекаралық аудандарда әр отрядта 50 адамнан болуын қамтамасыз етуге қаулы еткен. Бірден ұйымдастыру қолға алынатын Алматы қаласындағы комотрядқа 100 адам жинау, олардың 50%-ы коммунистер, 50%-ы комсомолдар болуы қажет деп шешілді. Алматы отрядына коммунистер мен комсомолдарды іріктеу Шымболатов пен Бочагиндерге жүктелді. 10 ақпанға дейін құрылып, әскери дайындық жоспары бітуге тиіс бұл отрядқа жалпы басшылықты округтік әскери комиссар Фарафанов жасайтын болды. Қаулыда, сондай-ақ ОГПУ-ге тағы бес коммунист жіберу, окрсот Бековқа, окрпрокурор Ситарскийге, әкімшілік бөлім бастығы Тенякшевке ОГПУ бөліміне керегінше жақсы қызметкерлерін жолдау тапсырылды. Ократком Задорожный тағы да қаржы бөлетін болды. Тенякшевке Алматы қаласындағы кеңес-шаруашылық мекемелеріне тиесілі 2 автомашинаны ОГПУ округтік бөліміне беру тапсырылды. Партиялық құжаттарда халық көтерілістерін жаншуда әскерилермен шектелмей, саяси жағынан сенімге ие жергілікті қазақтарды көптеп қосу талап етілді. Жетісудағы наразылықты қанға бөктірген тұрақты армия бөлімдері мен шекара отрядтары басшылығы коммунистік отрядтардың әскери дайындығына, қимылдарының нәтижелілігіне көңілдері толмағаны туралы мәліметтер сақталған. Қызыл армия бөлімдері, шекара әскері және комотрядтар Жетісудағы халық көтерілістерді аяусыз басты. Алматы облысы өңірлік комиссиясы тарапынан большевиктік-кеңестік билік Жетісу көтерілістерін жаншыған, бейбіт халықтың қанға бөккен қаралы мекендер тізбесін жасау мақсатында «Жетісудың шерлі тарихы» жобасы аясында бірнеше экспедициялар ұйымдастырылды. (2-кесте)
1928, 1930, 1931 жылдардағы Жетісу өңірінің Бүйенақсу, Қапал, Қызылағаш, Балқаш, Қастек, Қордай, Шелек, Жаркент аудандарын қамтыған көтерілістердің ұйымдасу деңгейі, басқарушы тұлғалары, жаншылу жолдары күрделілігімен ерекшеленеді. Ауылшаруашылық статистикасынан 1928 жылдан бастап Жетісудағы мал басының күрт кемігенін көруге болады. 1929, 1930-жылдардағы ет дайындау жоспары, шаруаларды ет өнімдерін тапсыруға мәжбүрлеген шарттасу мал басының ондаған есе кемуіне алып келді.
Біз архивтен кездестірген, 1930 жылдың аяғында жолданған деп шамалауға болатын Қайыпназаров деген әзірлеген құжат «Шекара аудандарының саяси және экономикалық жағдайы және шетелге көшу туралы» деп аталған. «Шифр құқында, қайтарылып берілуге тиіс!» деген белгі қойылған аса құпия хатта Семей, Алматы округінің 10 шекаралық ауданының жағдайы талданған. Құжатта: «Шекара бұзушыларға қарсы қатал шаралардың ешқайсысы босқындар ағынын кемітетіндей нақты нәтиже берген жоқ. Жүргізілген шаралар ең қатыгез түрде болды: жыл бойына Іле округімен шекарада Қытай территориясына заңсыз өткісі келген 1000-нан артық адам өлтірілді. Қызыләскер-шекарашылар тарапынан 10 адам шығын болған. Ұрыс даласында өлтірілгендер арасында еркектер мен әйелдермен қатар, балалар да болған», делінген. Шынайы сан бұдан әлдеқайда көп болды деуге негіз бар. 1930 жылы босқындардың кеңес шекарашыларының қолынан қаза табу оқиғасы Қаратал ауданында да болды. Сол жылдың қазан айының басында күздің алғашқы қары түсісімен қазақтар мен дүнгендерден әртүрлі шекаралық аудандарда құралған 40-қа жуық отбасы Қытайға өтуге бел буған. Шыңжаңға Іле аңғары арқылы өтпек болған босқындар көшіне Текелі қаласынан бастап өкшелеп қуған шекарашылар отряды оқ боратады. Босқындардан 9 отбасы ғана құтылып, біразы оққа ұшып, тағы бір бөлігі тұтқынға түскен. Кейінірек бұл қанды оқиғаны тергеген жұмысшы-шаруа инспекциясының бақылау комиссиясы ОГПУ тарапынан бір-біріне кереғар мәліметтер берілгенін көрсеткен. Баянаттардың бірінде өлтірілгендер саны 18, оның үшеуі бала, белгісіз мөлшерде әйелдер болғаны айтылса, екінші қызметкердің жауабында 19 адам көрсетілген.
Енді өңірлік комиссия тарапынан зерделеу жұмыстарының нәтижелілігін арттыратын ұсыныстарға тоқталсақ. Шығыс Қазақстан облысына қарасты шекаралық Аякөз, Үржар, Мақаншы аудандары 20-30-жылдарда Алматы округіне, облысына қарағаны белгілі. Екі облыста зерттеу жүргізіп жатқан өңірлік комиссиялар жұмыс топтарының өзара үйлесімді қарым-қатынасы маңызды. 1931 жылғы Аякөз көтерілісіне аудандағы тұтас бастауыш партия ұйымы қатысып, Қытайға босқан деректер бар. Қазір сол мәліметтерді толықтыратын Шығыс Қазақстан облысы мұрағаттарының құжаттарына мұқтаждық туып тұр. Шектесетін облыстар өңірлік комиссияларының өзара тиімді қарым-қатынасының зерттеулерге көмегі зор болар еді. Келесі ұсыныс Алматы округінен ірі байлар санатында Орал округіне жер аударылған 80-ге жуық әулеттің тағдырына қатысты. Қыс көзі қырауда жазықсыз жаза тартып, аш-жалаңаш босқандардың қаншасы Оралға барар жолда, қаншасы Орал маңында мерт болды. Оралға жеткендердің біраз бөлігі Сібірге айдалған. Шалтабай Құдайбергенов пен Шөжеғұл Қадырбаев айдаудан қашып келіп, Алматы округіндегі көтерілістерді басқарған. Осыған орай Батыс Қазақстан облысының өңірлік комиссиясының жұмыс топтары Алматы округінен жер аударылғандарға қатысты архив құжаттарымен, өзге де мәліметтермен бөліссе, жөн болар еді. Алматы облыстық комиссия мамандары өз тарапынан Алматы округіне жер аударылып, қуғындалған Орал округінің ірі байлары саналған әулеттерге қатысты құжаттарды ұсына алар еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық сананы жаңғырту үшін айрықша маңызды XX ғасырдағы кеңестік зұлмат құрбандарын толық ақтау жөніндегі бастамасы келелі міндет жүктеп отыр. Сол міндетті тиянақты жүзеге асыру тарихшылар қауымының, өлкетанушылардың, БАҚ өкілдерінің, жалпы көпшіліктің үйлесімді іс-әрекетін талап етеді.
Еркін СТАМШАЛОВ,
Алматы облысы өңірлік комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының phd докторанты