Футзалдан 2022 жылы Нидерландтың Амстердам және Гронинген қалаларында өтетін Еуропа чемпионатының жеребе тарту рәсімі кезінде Қазақстан құрамасы бірінші себетте болады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жерлестерімізден бөлек, үздіктер себетінде Испания, Ресей және Португалия бар. Бұл командалардың барлығы да мықты. Мәселен, испандықтар осы күнге дейін ұйымдастырылған 11 Еуропа чемпионатының жетуінде жеңімпаз атанды. Португалиялықтар соңғы әлем және құрлық біріншіліктерінде бас жүлдені олжалады. Сол секілді ресейліктердің де бағындырған белестері бір төбе. Олар айтулы жарыста бір мәрте топ жарып, бес рет финалда ойнады. Қазақстан 2016 жылғы Еуропа біріншілігінде қола медальді иеленсе, биылғы әлемдік доп додасында төртінші орынға табан тіреді.
Өзге себеттерде мына командалар бар: Екінші себет - Хорватия, Әзербайжан, Сербия/Беларусь, Италия. Үшінші себет - Украина, Словения, Босния мен Герцеговина, Польша. Төртінші себет – Финляндия, Словакия, Грузия және Нидерланды.
Жеребе тарту рәсімі 18-қазанда Нидерландтың Зейст қаласыда өтеді. Ал құрлық біріншілігінің жалауы 19-қаңтар мен 6-ақпан аралығында желбірейді. Айтулы додада 16 команда өнер көрсетеді.